Ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына тілекші әрі қамқоршы азаматтардың баталы бастамалары кең етек алып, өзгелерге үлгі болса құба-құп. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Amanat» партиясының мүшесі Жамбыл ауданындағы 5 отбасына баспана кілтін табыс етіп, жүрекжарды қуанышқа кенелтті.
Игі істі «Amanat» партиясының белсенді мүшесі, «Ақтерек» шаруа қожалығының төрағасы Темірлан Шайнүсіпов жүзеге асырды. Іскер азамат бұған дейін 160 отбасына үй салып берген екен.
Ақтерек ауылында өткен салтанатты кілт табыстау рәсімінде Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас тұрғындарды құттықтап, мұндай игі бастамалар ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпал ететінін атап өтті.
«Темірлан Шайнүсіпов ағамыздың қайырымдылығымен бүгін 4 бөлмелі 5 пәтердің кілті табысталды. Ол осы уақытқа дейін 160-тан астам үй салып, ауылдастарының жағдайын жақсартты. Әлеуметтік мәселелерді шешу жолындағы осындай бастамалар тек қана ауылдық жерлердің дамуына емес, тұтас елдің өркендеуіне үлес қосады. Ағамыздың қайырымдылығы мен туған жеріне деген сүйіспеншілігі – баршамызға үлгі. Бүгін кілт алған отбасыларды қуаныштарымен құттықтаймын. Бұл үйлер сіздерге тек баспана ғана емес, жаңа өмірдің бастамасы болсын», деді аудан әкімі.
Жаңа үйлер көпбалалы отбасылар мен ауыл шаруашылығында ұзақ жыл бойы еңбек еткен азаматтарға табысталды. Олардың арасында 40 жыл жүргізуші болып еңбек еткен зейнеткер Мұратхан Рахметқожаев пен ұста болып жұмыс істеген Мұхтар Тоқсейітов те бар.
«Менің өмірімде мұндай қуаныш алғаш рет болып тұр. Осы үйді сыйға тартқан Темірлан Шайнүсіповке алғысым шексіз. Біз сияқты қалыпты еңбек еткен жандарды ұмытпай, осындай қолдау көрсеткеніне шын жүректен ризамын», деді Мұратхан Рахметқожаев.
Сонымен қатар жас механизатор, төрт баланың әкесі Медет Қыпшақбаев, бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасының отағасы Ерлан Бадамбеков, төрт баланың әкесі, «Нұрмұхамметәли» шаруа қожалығының жұмысшысы Қанат Әбдібаев жаңа қонысқа ие болды.
Ақтеректік тұрғындардың қуанышы мұнымен ғана шектелген жоқ. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 4 мыңға жуық тұрғыны бар бұл ауылға газ құбыры тартылып, іске қосылды. Аудан әкімі Нұрлан Ертас пен «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жақыпов газ құбырының іске қосылуымен тұрғындарды құттықтады.
Биыл аудандағы елді мекендерді газдандыруға бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде Ақтерек ауылын газдандыруға арналған жобаның құны 1 млрд 82 млн теңгені құрайды. Жобаны жүзеге асырушы мердігер – «Компания ГазҚұрылыс» ЖШС.
«Ауылдағы 37 үйге газ қосылған. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасып, ауылдың қалған үйлерін де көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның келуі тек тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, ауылдағы маңызды әлеуметтік нысандардың жұмысына да оң ықпал етеді. Мектептер, дәрігерлік амбулатория, балабақшалар, мешіт, шаруа қожалықтарының қызмет көрсету сапасы айтарлықтай артады. Бұл өз кезегінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді», деп атап өтті аудан әкімі.
Сондай-ақ «Amanat» партиясының Жол картасына сәйкес 2027 жылға дейін өңірдің газдандыру деңгейін 70%-ға жеткізу көзделіп отыр. Айта кету керек, бүгінгі таңда облыста 1,18 млн адам газға қол жеткізген.
«Ауданда шешілуге тиіс мәселелерді тұрғындармен бірлесіп талқылап, олардың ұсыныс-тілектерін жинадық. Соның бірі – елді мекендерді газдандыру мәселесі. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бүгін Ақтерек ауылына газ беріліп, тұрғындардың көптен күткен арманы орындалды. Бұл жұмыс мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта басқа ауылдарға да газ құбырын тарту жұмыстары жалғасын тауып, облыстың газдандыру деңгейі 70 пайызға дейін артады», – деді Е.Жақыпов.
Алматы облысы