Биыл «Egemen Qazaqstan» газетінің жарыққа шыға бастағанына 105 жыл толып отыр. Ғасырдан астам уақыт бойы көптің көкейіндегісін жеткізіп, руханият сандығын толтырып жүрген басылымды мерейлі белесімен Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады, деп жазады Egemen.kz.
Елорда әкімі газет қай кезеңде де халықтың көзі, құлағы һәм тілі қызметінен жаңылмай ұлт мүддесі жолында мүдірмей қызмет етіп келе жатқанына тоқталған.
«Егеменнің араласуымен шешілген өзекті мәселелердің санында шек жоқ. Басқасын айтпағанда, осынау қара шаңырақта еңбек етіп, жазудың қыр-сырына қаныққан талай қаламгерлер кейіннен өзі де бір-бір газет-журналдың, шығармашылық ұжымның тізгінін ұстап, абыроймен қызмет етіп келеді», деп газет ұжымы алдағы уақытта да елдің сөзін айтып, жұртшылықты ағартумен айналыса беретініне сенім білдірген.
Ал Астана қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов ұлттық идеология мен мемлекеттік саясатты насихаттау бағытындағы газет қызметін айрықша атап өткен.
«Газет өз парақтарында мемлекетіміздің өткені мен бүгінін, тарих тағлымын да, жаңа заман талабын да үйлестіре отырып, ұрпақтар арасын байланыстыратын баға жетпес мұра. Басылым қоғамымыздың рухани азығына айналып, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды», деп жазды Ерлан Каналимов ұжымға жолдаған құттықтау хатында.
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова да бас басылымды миерейтойымен құттықтаудан қалыс қалмады. Ол кешегі баспасөз көшін бүгінгі күні өрге сүйреп. ел шежіресін қағазға қаттаған газеттің әр парағы ұрпақ үшін құнды мұра екенін тілге тиек еткен.
«Egemen Qazaqstan» газеті алғаш рет 1919 жылы «Ұшқын» деген атпен оқырман назарына жол тартқан сәттен бері ел мүддесін қорғаудан еш ауытқыған емес. Еліміздің өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай, қызмет ете берулеріңізге тілектеспін, - делінген құттықтау хатта.
Газет ұжымын «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма Төрағасы Ләззат Танысбай құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.