Өзіміз көрген іскер топ өкілдерінің арасынан Серік Малаев ағамыздай жүрегі жұмсақ, адал адамды бұрын-соңды көрген емеспін. Айбынды азамат Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданының Ковыльное ауылында тұрады. 15,5 мың гектардан артық астық алқабы, мыңнан артық ірі қарасы мен жылқысы бар «Ақселеу» ЖШС-нің ұзақ жылдардан бергі басшысы.
С.Малаев бұрынғы Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауылында дүниеге келіп, қазақ мектебін бітірген. Орта мектептен соң Омбының ауыл шаруашылығы институтына түсіп, оны инженер-механик мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдайды. «Қазақ мектебінен кейін бізге орысша оқу оңай болған жоқ. Бірақ «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» демекші басқалардан қалмау керек деген намыс алға сүйреп, мамандықты игеруге деген талпыныс алға жетелеп, институтты жақсы бітіріп шықтық», дейді ағамыз. Еңбек жолын «Айсары» шаруашылығының МТМ-да инженер-бақылаушы болып бастаған ол ұжымға бірден сіңіп кетеді. Осында қызмет істеген алты жыл ішінде пайдалану инженерінен, совхоздың бас инженеріне дейін көтеріледі.
С.Малаевтың мінезі жұмсақ, халықпен жұмыс істей алатынын байқаған жергілікті билік оны «Көкшетау мемлекеттік тәжірибе стансасы» кеңшар-техникумына ұстаздық қызметке жібереді. Бұл жердегі қызметі де сатылап өсіп, ақыр соңында Зеренді ауданы, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшардың партком хатшысы қызметіне көтеріледі. 1987 жылы «Ковыльное» кеңшарына директор болып тағайындалады. Жері тегіс, желкілдеген ақселеу басқан бұл ауылда қазақтан гөрі неміс пен орыс жұрты көп еді. Бірақ Серік ағамыз әділдігімен, еңбекқорлығымен, шаруашылықты бес саусағындай білетін шеберлігімен жергілікті тұрғындарға жағып, абырой-беделге ие болып, міне 37 жылдан бері оны табан аудармай басқарып келеді. 90-жылдардағы қиындықтардың салқынымен көптеген шаруашылық тарап, халқы көшіп жатқанда, Ковыльное ауылының мұрты бұзылмады. Астық алқабы 15 мың гектардан асатын құнарлы жерді қамтып қалуға тырысып, көз алартқан талай олигархтарға қарсы тұрды. Олардың желіктірген өтірік жарнамасына сенгендер, ергендер 2-3 жылдаң соң шашылып қалды, ал ковыльныйлықтар Серік Малаевтың маңына берік топтасып, мызғымады. 1999 жылы шаруашылықтың орнына «Ақселеу» ЖШС тіркелді.
Қазір ауылда жүзден артық аула бар, бәрінің үйіне 100% ауызсу тартылған, 75%-да санузелдер орнатылған, 53%-ы орталықтандырылған жылуға қосылған. Тараз, Түркістан өңірлерінен көшіп келген қоныс аударушылардың есебінен 80 шақты адамы бар 13 отбасы да өмір сүріп жатыр. Бірақ мектеп орысша, қоныс аударушылардың өздері орысша оқуды қалаған екен. Қазақша оқытатын бірінші сынып биыл ғана ашылды. 12 жылдан бері «алкоголсіз ауыл» саналады. Соның нәтижесінде, еңбек өнімділігі жоғары, қоғамдық тәртіп жақсы жолға қойылған. Бұған да оның жеке бастамасымен қол жеткізілген.
«Биыл 15 мың гектарға дәнді, дәнді-бұршақ дақылдарын, жартысына жуық жерге майлы дақылдар ектік. Дәнді дақылдардың гектар берекелігі 20 центнерден айналды. Алайда ауа райының қолайсыздығынан астықтың сапасы жоғары болмады, бір тоннасының өзіндік құны 70 мың болса да, біз оны 55 мыңнан ғана сата алдық. Есесіне майлы дақылдар, әсіресе жасымықтың есебінен шығынымызды жауып тұрмыз», дейді С.Малаев.
Шаруашылықтың 5 мың тонна бидай сақтай алатын элеваторы бар. 1996 жылдан бері бұршақ майын сығатын цехы, 1998 жылдан бері диірмені жұмыс істейді. Серік Тәттібайұлы өмір, заман талабынан қалмауға тырысады, шаруашылыққа жоғары техникалар мен технологиялар енгізуге өте құштар. Соның ішінде жұмысты жоспарлау, жаңғырту, сараптау, басқару жөніндегі кешенді ақпараттық жүйе болып саналатын «Agrostream» бағдарламасын да енгізген. Комбайн, тракторларының бәрі де жоғары сапалы «Мас Dоn», «Jonn Deere», «Chеllenger» сынды шетелдік техникалар. 2020 жылы сұйық КАС тыңайтқышын шығаратын кешен де тұрғызған. Шаруашылық диспетчерлері барлық жұмыстарды кешенді түрде «Wialon» спутниктік мониторингтік жүйесі арқылы басқарады.
«Ақселеу» ЖШС қазір асыл тұқымды мал өндіретін ЖШС мәртебесіне қол жеткізген. Оның «Герефорд» тұқымдас етті бұқашықтары 12-14 айда 450 кг, ұрғашылары 305 кг дейін ет береді. Олар жаз күндері жайлауда бағылып, суды жел насосы арқылы шыңырау құдықтан тартып береді. Қорада тұрған уақыттан бастап суды жылытып беретін «MIRAKO» америкалық қондырғыларымен суарылады. Сонымен бірге бие сауылып, қымызды да арнаулы мамандар ашытады. «Ақселеудің» 12-14 айлық асыл тұқымды бұқашықтары мен қашарларын Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан келіп алады. Олардың қанының таза екені, жасы құлағындағы чиптерде анық көрсетіледі.
«Ақселеу» ЖШС еңбеккерлерінің жалақысы жоғары, биылғы орақта кейбір комбайнерлер 1 млн 800 мың теңгеге дейін еңбекақы алған. Жалпы, жылына 5-6 млн теңгеден табыс табатындар көп. Тұрғындарға жәрдем ретінде шаруашылық шөбін, отынын да жеткізіп береді. Жастардың, баршаның спортпен, фитнеспен айналысатын залы да бар. Енді шаруашылық мәдениет үйін салуды жоспарлап отыр. Мектепке көмек үзбей жасалып тұрады. Балалардың бір мезгілдік ыстық асы да шаруашылық мойнында.
Серік Малаев – Ғ.Мүсірепов ауданының, облыстың құрметті азаматы. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері, аудандық кәсіпкерлер ұйымының төрағасы. Қазір шаруашылықты баласы Нұрлан екеуі жүргізіп отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесінің үлгісін алған Нұрлан шаруашылық басшысының орынбасары міндетін атқарады.
Солтүстік Қазақстан облысы