• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп 18 Желтоқсан, 2024

Отшашу өкіндірмесін!

34 рет
көрсетілді

Жаңа жыл мерекесі жақындаған тұста жер-жерлерде пиротехникалық өнімдердің заңсыз саудасы белең алатыны белгілі. Тұрғындар қауіпсіздігін ойлайтын полицейлер заңсыз деректердің алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шараларды бастап кетті.

Полицейлер дүкендер, сауда үйлері мен пиротех­никалық өнімдерді сатуға болатын орындар бойынша рейдтер жүргізіп, рұқсат беру құжаттарын тексеріп жатыр. Кәсіпкерлер мен сатушыларға өнімді кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салынатынын, жарылыс қаупі бар бұйымдарды заңсыз өткізгені үшін жауапкершілік барын ескертіп келеді.

«Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Онда кейбір азаматтар пиротехникалық өнімдерді онлайн сататыны анықталды. Павлодарда Байжанов көшесінде рұқсат құжаттарынсыз пиротех­никалық бұйымдарды сату дерегі анықталды. Сатушыдан 45 жағу заты бар 4 қорап тәркіленді. Тауарларды заңсыз сатқаны үшін сатушы қызметкер жауапқа тартылып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды», деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Полицейлер отшашуларды сатып алу кезінде сатушыдан өнім сертификатын талап ету керектігін ескертеді. Пиротехникалық өнімдердің сыртында немесе қорабында пайдалану нұсқаулығы міндетті түрде болуы керек. Егер өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, оны пайдаланбаған абзал. Бұған қоса пиротехника­лық бұйымдарды қалтада алып жүруге, бөлшектеуге, үйкелеуге және ыстық жерде кептіруге болмайды. Ата-аналар от-шашуды балаларының бақылаусыз пайдалануына тыйым салуы қажет.

Пиротехниканы дұрыс қолданбаудың салдарынан көптеген адам зардап шегіп жатады. Соңы өртке ұласпас үшін тұрғындар қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек екенін де ескеркен жөн.

«Алдымен отшашу орнын таңдау қажет. Таңдалған орыннан 50 метр қашықтықтағы радиуста ғимараттар және басқа да құрылыстар болмауы керек. Отшашу нұсқау­лыққа сәйкес мықты жерге орнатылуға тиіс. Адам­дар міндетті түрде отшашу алаңынан 15-20 метр қашық­тықта, жел жағында тұру қажет. Фейерверктерді ғимарат іші­нде, әсіресе адамдар болған кезде пайдалануға тыйым салынады. Отшашуды қатты жел болған жағдай­да тұтатпаған жөн. Ол қауіпті 3-4 есе арттырады. Пиротех­никалық бұйымдарды ағаштардың, электр желілерінің астын­да және тез тұтанатын заттардың жанында атуға бол­майды. Егер отшашу жанбай қалса, 10 минут көле­мінде оған жақындамаңыз», деп ескертеді мамандар.

Айтып өту керек, сертификатталмаған пиротехни­калық бұйымдардың, сондай-ақ рұқсат құжаттары жоқ заңсыз сауда үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 196-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал өрт қауіпсіздігін сақтамаған азаматтар аталған кодекстің 410-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке және Қылмыстық кодекстің, 204, 292-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын ұмытпағаны жөн.

 

Павлодар облысы