Күнделікті тұрмыс-тіршілікте алуан түрлі қолданысқа пайдаланылатын заманауи үлгідегі электр шамдары Жамбыл ауданы Қасымбек ауылындағы «Kaz Tek Invest» зауытында өндіріледі. Отандық кәсіпорында жарық диодты шамдардың 100-ден астам түрі шығарылады. Оның ішінде кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған әртүрлі пішіндегі шамдар бар.
Бұдан бөлек, электр сымдары, мектеп парталары, саябақтарға арналған орындықтар мен өрт сөндіру бөлімдеріне, медициналық мекемелерге мың түрлі өлшемдегі шкафтар мен төсектер де жасалады. Осы күні отандық өнімнің 400-ге жуық түрі тұтынушыға жөнелтіліп жатыр. Өндірілген бұйымдарды әрлеуге қолданылатын ою-өрнектер заманауи лазер қондырғысымен салынады.
Отандық нарықта 2012 жылдан бері жұмыс істеп, «TEKMETAL» брендімен танымал болған зауыт бөлшектен жаппай өндіріске дейін әртүрлі мақсаттағы металл өнімдерін сериялық өндіруге маманданған.
«Он жылдан асқан жұмыс барысында зауыт түрлі металл бұйымдарын өндіруде үлкен тәжірибе жинақтады. Бүгінде зауыт әртүрлі салада тұрақты еңбек ететін 100-ден аса адамның қолайлы ортасына, ортақ «үйіне» айналды деуге болады. Металл конструкцияларын дәнекерлеушілер мен құрастырушылардан бастап, конструкторлар мен инженерлердің тәжірибесі толығып, бәсекеге қабілетті өнім өндіруде табандылық танытып келеді», дейді «Kaz Tek Invest» зауытының директоры Нұрмұхан Маделиев.
Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын үнемі жақсарту, еңбекті қорғау, мамандардың біліктілігін арттыру – зауытты дамытудың басым бағыттарының бірі. Компания серіктестеріне инновациялық технологияларды пайдалана отырып, заманауи жабдықта жасалған жоғары сапалы тауарларды тиімді бағамен ұсына отырып, көшбасшы болуға ұмтылады. Сонымен қатар өнім сапасына кепілдік береді.
Алғашында 25 жұмысшымен ісін бастаған кәсіпорында жаңа цехтар іске қосылып, өнім көлемі арта түскен. Өндіріс үдерісі қалыпты жолға қойылып, тұрақты дамыды. Зауыттың техникалық жарақтандырылуына жыл сайын шамамен 500 млн теңге көлемінде инвестиция салынған. Былтырдан бері орта есеппен айына 200 мың бірлік өнім шығарып жатыр. Зауыт өнімдері ел ішінде сатылады және шетелге де экспортталады. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Швецарияға жөнелтіліп, сондай-ақ Парсы шығанағы мен Латын Америкасынан тапсырыс қабылдайды. Осы елдерде филиалдары да жұмыс істейді.
«Өнім шығаруда бір арнаға түскен кәсіпорынның кеңеюіне әлемді жайлаған індеттің кері әсері тимей қоймады. Тапсырыс көлемі кеміп, жұмысшылар саны да анағұрлым азайды. Десе де, ізденіспен еңбек ететін зауыт ұжымы уақыт көшінен қалмай, жаңашылдыққа бейімделіп, заман талабына сай бұйымдар шығаруға талпынып келеді. Бұл бағытта жұмысты жандандырып, жаңа технологиялар енгізіп, өндіріс көлемін өрістетуге ниеттіміз», дейді Нұрмұхан Маделиев.
Жарық шамдарын шығаруда көш басынан көрінетін зауыт «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан ғимараттардың ауласын жарықтандыруға, озық үлгідегі қоршауларын жасауға белсене қатысып келеді. Бұдан бөлек, қарғын су басқан Құлсары мен Атырау қалаларына заманауи үлгідегі аялдама мен жайлы орындық, сонымен қатар қоқыс жәшіктерін жасап бермек.
Іске қосылғалы электр шамдарының 30 мыңнан астам түрін жасаған зауыт өнімдері бірегейлігімен ерекшеленеді. Оған шамдардың басым бөлігінің арнайы тапсырыспен, бірін-бірі қайталамайтындай етіп жасалатыны себеп. Сәні мен салтанаты келіскен бірегей тұрмыстық бұйымдар Германия, Жапония, Қытай, Тайвань, АҚШ-тан алынған озық станоктар көмегімен жасалады. Қолданысқа керек шикізаттың 80-85 пайызы отандық өнім саналады. Металл Теміртау мен Қарағанды, Талдықорған қалаларынан алынса, қалған 15 пайызы Қытай елінен электрондық бөлшек күйінде келеді. Зауытта жасалған өнімдер зертханалық тексерістен өткізіліп, сапасына кепілдік беріледі.
Өндіріс орнында осы күні 110 адам тұрақты еңбек етеді. Жұмыскерлерге толыққанды жағдай жасалған. Зауыт іргесінде алыстан келген жұмысшылар үшін 50 орындық жатақхана да салынған.
«Ауылымызда осындай зауыттың барына қуанамыз. Себебі тұрғындардың дені осы жерде еңбек етіп, отбасын асырап отыр. Айлығымыз уақтылы беріледі. Біз еңбек еткелі де он шақты жылға жуықтады», дейді Қасымбек ауылының тұрғыны Жадыра Қаршыбаева.
Монтаж бөлімінің бригадирі Айғаным Сұлтанова 3 бригада бойынша 35 адам жұмыс істейтінін алға тартты. Олардың басым бөлігі – шам құраудың шебері атанған әйелдер.
Отандық өнім өндіруде өзіндік орны бар зауыт өнімдері түрлі деңгейдегі көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Биыл инвестиция көлемі 10 млн долларды құраған. Осы орайда Жамбыл ауданының бюджет қорын толықтырып, салық төлеп отырған зауыт өнімдеріне аталған ауданнан тапсырыс түспейтіні, яғни сапалы әрі кепілдігі бар отандық өнімнің жергілікті тараптан қолдау көрмей отырғаны қынжылтпай қоймайды.
Алматы облысы