Облыс орталығында үшем дүниеге келді. Өңірде үшемдердің тууы туралы дерек соңғы екі жылда тіркелмепті. Ата-анасы сәбилеріне Кәрім, Әмір, Тайыр деген есімдер берді.
Үшемдердің анасы Зарина Мәмбетова бұған дейін бір құрсақ көтеріп, ер балаға жарық дүние сыйлаған. Енді отбасын бірден үш ұл толықтырып отыр.
«Алғашқы болып туған Кәрімнің салмағы – 2020 грамм, одан соң Әмір (2200 грамм), ең соңында Тайыр (1660 грамм) дүниеге келді. Анасы оларды жүктіліктің отыз төртінші аптасында босанғанын айтып өткен абзал. Қазір анасының жағдайы да қалыпты», деп мәлімдеді облыстық перинаталдық орталық өкілі.
Нәрестелердің анасы мектепте ұстаз болып қызмет атқарса, әкесі мұнай-химия зауытында еңбек етеді.
– Қазір Кәрім екеуіміз жаңа туған нәрестелердің патологиясы бөлімшесіндеміз. Кәрім қажетті ем қабылдап жатыр, жақын арада ағаларының қатарына қосылады. Жұбайым үйде сәбилерін асыға күтіп отыр. Біз нәрестелерді бағып-қағу қиындығынан қорықпаймыз. Бұл өміріміздегі ең ғажайып кезеңнің бірі болғалы тұр. Сондықтан балалардың әкесі жұмысынан бала күтімі бойынша демалыс ресімдеуді жоспарлап отыр. Облыстық перинаталдық орталығының ұжымына аман-есен босандырып алғаны, үш ұлымды да дүниеге аман-сау әкелгені үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Мұнда өз ісінің мамандары еңбек етеді, – дейді үшемнің анасы.
ПАВЛОДАР