Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ базасында былтыр іске қосылған Қазақстан-Корей ақпараттық телекоммуникациялар технологиялары жөніндегі білім орталығы 186 атаулы курс бойынша әр деңгейдегі ІT мамандарын даярлауда. Жуырда өнімділігі жөнінен Қазақстандағы ең қуатты суперкомпьютердің тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев қатысты.
Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен еліміздің әртүрлі мекемелерінде 15 инженерлік ғылыми зертханалар ашылып, олар озық технологиялық қондырғылармен және компьютерлермен жабдықталған. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған “Космостық және ақпараттық технологияларды (суперкомпьютерді) ұжымдық пайдаланудың ұлттық ғылыми зертханасын” ашу жөніндегі ашық конкурсқа қатысып, жеңімпаз боп танылған болатын. Суперкомпьютердің осы университет базасында орнатылуы да соның жемісі еді.
– Суперкомпьютер 400 миллион теңгеге сатып алынды. Әлемнің жетекші елдері мұндай компьютерлерді бұрыннан пайдалануда және оның мүмкіндіктерін ғылым мен білімнің, экономиканың ең күрделі міндеттерін шешу үшін қолдануда, – деді Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев.
Суперкомпьютердің техникалық мүмкіндіктері өте зор. Онымен метеорология және экология саласында ұзақ мерзімді болжамдар жасауға да болады. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де мүмкіндігі шексіз. Сондай-ақ аэрокосмостық және автомобиль өнеркәсібі, ядролық энергетика бағытындағы күрделі міндеттерді шешуге, мұнай өндіруде және газ өнеркәсібінде, пайдалы қазбаларды іздеп табуда және орналасқан жерін алдын ала болжауда келтіретін пайдасы өте зор.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.