Павлодар облысында математика, физика, информатика, химия пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Оның үстіне кейбір мектеп директорларының кәсіби деңгейі талапқа сай емес. Соның салдарынан бүгінде директорлардың 24 пайызы міндеттерін уақытша атқарып отыр.
Ертіс-Баян өңірінде 359 мектеп бар, оның бесеуі – жекеменшік. Барлық білім ұясында 116 мыңнан астам оқушы білім алады. Тәлім-тәрбие беру ісіне 13 395 педагог жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта өңірдің білім саласында кадрлық мәселелер байқалып отыр. Ең әуелі мектеп басшылығында отырғандардың жасы ұлғайып барады. Бақандай 27 мектепті зейнет жасындағы адамдар басқарып отыр. Жалпы, директорлардың орташа жас шамасы – 45-59 жас аралығында. Бұл статистика педагогика саласындағы басшылық буында қартаю үрдісі бар екенін байқатады.
Тағы бір түйткіл, 84 білім беру ұйымындағы директорлар басшының міндетін атқарып отыр.
– Кейбір мектептерге басшының тағайындалуы ұзаққа созылып, орнына міндетін уақытша атқарушы ұзақ отырып қалатыны рас. Бұл жағдай көбіне кандидатуралар Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» № 338 бұйрығында көрсетілген талаптарға сай келмейтінімен байланысты. Облыста зейнет жасындағы басшылардың баршылық екені белгілі. Олардың басым бөлігі Ақсу қаласында (4 адам) және Павлодар ауданында (4 адам), – дейді Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова.
Білім және ғылым министрлігінің жоғарыда аталған бұйрығында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының басшысына (директор, меңгерушісі) қойылатын біліктілік талаптарында былай делінеді:
«Жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) педагогикалық білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл, оның ішінде соңғы 2 жыл үздіксіз педагогикалық өтілі, басшының орынбасары лауазымында немесе орта білім беру ұйымының басшысы лауазымында кемінде 2 жыл өтілі;
– немесе жоғары біліктілік санатының немесе педагог – сарапшының немесе педагог – зерттеушінің немесе педагог – шебердің біліктілік санатының болуы; не білім беру ұйымының «үшінші біліктілік санатты басшысының орынбасары» немесе «екінші біліктілік санатты басшысының орынбасары» немесе «бірінші біліктілік санатты басшысының орынбасары» біліктілік санатының не «басшы-ұйымдастырушы» немесе «басшы-менеджер» немесе «басшы-көшбасшы» біліктілік санатының болуы.
30-дан енді асқан педагогтердің жоғарыда аталған біліктілік талаптарына тез арада жете қоюы екіталай. Сондықтан басшы буынның қартаю үрдісі өңірде әлі де сақталып тұра беретіндей. Дей тұрғанмен ресми деректерде облыстағы педагогтерді 60 пайыздан астамы жоғары білікті екені көрсетілген.
Оның үстіне аймақтағы білім беру ұйымдарында математика, физика, информатика, химия пәндері бойынша маман жетіспеушілігі сақталып отыр.
Гүлмира Башированың айтуынша, аталған пәндердің мұғалімдеріне деген қажеттілік әртүрлі факторлардың, соның ішінде демографиялық өзгерістің, кадрлық, білім беру мәселелерінің әсерінен туындап отыр. Бұған қоса технология мен ғылым саласындағы мамандарды даярлауға қойылатын талаптардың жоғарылауының салдары да болуы мүмкін.
– Соңғы жылдары гранттардың ең көп саны инженерлік, құрылыс және педагогика саласына бөлініп келеді. Жас мамандарды тартуға, қазіргі педагогтердің біліктілігін арттыруға, жалпы білім беру инфрақұрылымын жақсартуға жағдай жасай отырып, осы мамандықтардағы мұғалімдер жетіспеушілігін азайтуға талпыныс жасалып отыр. Аймақтардағы түлектерді жұмысқа орналастыру мақсатында жоғары оқу орындары білім беру басқармасымен бірлесіп, «Бос орындар жәрмеңкесін» тұрақты өткізеді. Дәл осындай жәрмеңкелер биыл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде ұйымдастырылды, – дейді ол.
Нәтижесінде, биылғы оқу жылында өңір мектептеріне 351 жас маман қабылданса, олардың басым бөлігі Павлодар мен Екібастұз қалаларын, Баянауыл, Успен аудандарын таңдаған. Бір қызығы, зейнет жасындағы директорлары көп Павлодар ауданы мен Ақсу қаласына барған жас педагогтер өте аз. Ақсуды небәрі 13, Павлодарды 18 жас ұстаз таңдаған. Осыған қарағанда бұл аумақтар жас мамандарды қызықтырудың жолын таба алмай отырғанға ұқсайды. Оларға үлгі ретінде Баянауыл ауданын атап өтуге тұрарлық. Облыстағы ең шалғай аудан бола тұра, ондағы мектептерге биыл 41 жас маман жұмысқа тұрған.
Ал облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Еркеғали Жанғазы жас мамандардың мектепке орналасуына қатысты кедергілер көп екенін айтады. Тестілеуден өткен жас маман өтінішті сайт арқылы береді. Мектеп әкімшілігі қабылдап алады да, бекітілген талаптарға сәйкес өтініш берушіні жұмысқа қабылдайды. Осы жерде кейбір білім ордалары жас кадрлардан мейлінше бас тартып, тәжірибелі мұғалімдерді таңдайтыны байқалып қалып отыр.
Білім басқармасының дерегінше, қазір өңірдегі білім беру ұйымдарында 68 жұмыс орны бос тұр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге соңғы екі жылда 400-дей жас маман барған. Оларға көтерме жәрдемақы төленіп, баспана сатып алғысы келсе 0,01 пайызбен тұрғын үй қарызы беріледі. Еңбек жолы жаңа басталған ұстаздар айына шамамен 200-250 мың теңгедей жалақы алса, педагогтердің орташа айлығы шамамен 600 мың теңгеге жуықтайды.
Павлодар облысы