Еліміздің солтүстік қақпасы, облыс орталығы – Петропавл қаласы кейінгі жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қалыпты дамып келеді. Қалада түрлі нысандар, тұрғын үйлер бой көтерді, жаңа алаңдар ашылды, көне сәулет кешендері қайта жаңғыртылды, көшелер, аулалар жөнделді.
Биыл су тасқыны Петропавлдың 2 485 үйін басты, ал 1 873-і апатты деп танылды. Тасқын зардаптарын жою мақсатында бірқатар игі іс-шаралар атқарылды. 1 174 пәтер «Qyzyljar asar» қорының көмегімен сатып алынды. Үкіметтің ұйымдастыруымен 700 тұрғын үй жаңа жерге салынып, ол «Бірлік» шағын ауданы деп аталды. Құрылыс жұмыстарын «Қазақстан халқына» қоры, «Каспи.кз», «ҚазМинералс менеджмент» компаниялары мен «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландырды. 7 455 адамға барлығы 2,7 млрд көлемінде бірреттік 100 АЕК көмек, жапа шеккен 2 092 адамға 150 АЕК көлемінде 1 млрд 16 млн 134 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілді.
Өткен тамыз айынан бастап су шайып кеткен Ущев көшесі мен Тері зауыты аралығындағы, Биопруд аумағындағы 2 дамбаны қалпына келтіру жұмысы қолға алынған. Сонымен бірге 2 нүктедегі үйіндіні 7 метрге дейін өсіру үшін 1 млн тонна инертті материалдар үйілді.
Петропавл еліміздің өнеркәсіпті қалаларының бірі саналады. 2024 жылдың он айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 373,8 млрд теңгені құрады. 2023 жылмен салыстырғанда өсім 7,0% болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 150,4 млрд теңге, өсімі 14,1%-ды құрады. Биылғы 10 айда қалада 100,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім – 31,4%. Осы уақыттағы бөлшек сауда көлемі 224,0 млрд теңгені құрады. 2023 жылмен салыстырғанда өсім – 7,8 %.
Құрылыс жұмысының көлемі 55,7 млрд теңгені құрады. Жас Өркен, Копай, Береке, Орталық, Орман шағын аудандарындағы 32 құрылыс алаңында 251,5 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Соның 100,1 мың шаршы метрі 10 айда пайдалануға берілді.
Петропавл қаласы көшелерінің жалпы ұзындығы 366 шақырым, соның 182 шақырымы әлі күнге асфальтталмаған. «Алдағы 5 жылда соның бәрін асфальттауды жоспарлап отырмыз. Бұл тұрғындардың өмір сапасын арттырады. Биыл 32 көшенің 28 шақырымдық жолын асфальттадық. Облыс басшылығы бастамамызды қолдап, тиісті қаражат бөлгізді», дейді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Өткен жылғы қалың қар Есілдің тасуын туғызып қана қоймай, күрт еріп, қаланың орталық даңғылдарының бірі Абай көшесіндегі кәріздік суағарларды да бітеп тастады. Соның кесірінен тұрғын үйлердің жертөлелерін су алып қалды. Қала әкімдігі 2024 жылдың 4 сәуірінен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялап, 2075 метр кәріздік коллекторға жөндеу жүргізілді. Бүгінгі таңда «Қызылжар су» ЖШС қалалық коллекторлардың қалыпты жұмыс істеуін өз бақылауына алған.
Биылғы тасқында қалаға су көтеретін сорғылардың бағандарын алып сеңдер қиратып, істен шығарды. Қала сусыз қалу қаупін бастан кешірді. Әйтеуір баламалы көздерден су алуға қаланың барлық құрылыс компаниялары тартылып, тұрғындарға бір тәуліктің ішінде су жеткізілді. Қазір Үкіметтің көмегімен су стансасының жөндеу жұмыстары аяқталып келеді.
Былтыр Жуков көшесіндегі кәріздік коллектор бітеліп қалып, арнаулы экономикалық аймақты су басып, біраз әбігер етті. Диаметрі 500 мм болатын кәріздік құбыр орнатылып, апат уақытында еңсерілді.
Қаланың жылу тарату жүйесіндегі құбырлары биыл 7,5 шақырымға күрделі және ағымдық жөндеулерден өткізілді. Жаңа шағын аудандарға да жылу жеткізетін жүйелер тартылды. Жылыту маусымы 30 қыркүйектен басталды, қаладағы 1 170 көпқабатты тұрғын үйлерге тегіс жылу берілді. Әзірге жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтіп жатыр.
Бұл деректерді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев журналистерге берген брифинг барысында мәлім етті. «Қаланы қардан тазалуға 90 бірлік техника дайындық сапына қойылған. Сонымен бірге көктайғаққа себілетін 3,2 мың текше метр құмды-тұзды қоспа да дайын. Тұрғындар тарапынан қардың уақтылы тазаланбайтыны жөнінде арыз-шағым баршылық. Біз оны оңтайлы шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», деді әкім.
Сонымен бірге әкім келесі жылы Қазақстан Конституциясы көшесін жаңғыртуды жоспарлап отырғандарын айтты. Жаңа аялдамалар туралы да өз ойын білдірді. Петропавл қаласына биыл 18 жылы аялдама салу көзделген. Алайда олардың әрқайсысының құны 8,5 млн теңге екен. Петропавлда бір бөлмелі жайлы пәтердің құны сондай. Осы орайда тұрғындар оның қымбат екеніне наразы.
ПЕТРОПАВЛ