Алматы облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен «Жыл-үздігі – 2024» салтанатты жиын өтіп, ат спорты ойыншыларының үздіктері анықталды.
Жиында аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін белсенді дамыту қажеттігін үнемі айтып келеді. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Айталық, биылдың өзінде облысымызда бірнеше ірі республикалық бәйге жарыс өтті. Соның ішінде «Қымызмұрындық – 2024» фестивалі аясында Кеген ауданында ұйымдастырылған «Жолан жүйрігі», Райымбек ауданында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық старт, Жамбыл облысындағы 100 шақырымдық марафон-бәйгелерінің бәсі ерекше болды. Биылғы ең айтулы оқиғаларының бірі – V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары. Онда еліміздің құрама командасының сапында Алматы облысының 9 спортшысы өнер көрсетіп, 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді иеленді. Бұл – үлкен жетістік. Атқа міну – ата-бабамыздан қалған өнер. Бір қуанарлығы, қазіргі таңда жастарымыздың арасында жылқы өсірумен, баптаумен айналысатындар қатары көбейіп келеді», деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.
Салтанатты жиында 10 спортшы мен жаттықтырушы Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жеңімпаздары, Алматы облысының жас шабандоздары Аңсар Арыстанбек пен Сержан Бақтыбай бар.
«Ат спортымен айналысқаныма 9 жыл болды. Мәре сызығынан бірінші болып өту шабандозға байланысты, ол тақымындағы тұлпардың жай-күйін сезінуі керек. Үлкен бәйгелерде жеңіске жету – жаттыққан тұлпар мен білікті шабандоздың ортақ еңбегі», дейді ат спорты шеберлігіне кандидат Аңсар Арыстанбек.
17 жастағы Алдияр Уайсхан да ерекше құрметке ие болды. Қарасай ауданында Д.Қонаевты еске алуға арналған дүбірлі бәйгеге қатысушылардың бірі ертоқымға ілініп қалғанда Алдияр жедел қимылдап, қатердің алдын алып, ерлік көрсеткен.
Іс-шара барысында ат құлағында ойнаған бірқатар спортшы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында спорт ардагерлері, үздік жаттықтырушылар мен спортшылар, білім, спорт ұйымдарының белсенді қызметкерлері бар. Салтанатты бөлімнен кейін шағын мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Алматы облысы