• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.02
  • EUR:
    545.19
Басты сайтқа өту
Елорда Бүгін, 08:28

Жұлды­здай жарқыраған жасыл шыр­ша

15 рет
көрсетілді

Бір, екі, үш, төрт, бес... Сәрсенбі күні елорда тұр­ғын­дары мен қо­нақтары сағат тілі 20.00-ді үздіге күтіп, соңғы секундтарын хормен са­нап, жаңажылдық шырша­­ның шамын жағу рәсімі­не куә болды. «Астана Арена» стадионы ма­ңын­да ор­наласқан биіктігі 25 метр­лік бас шырша­ның шамын елорданың ең үздік мектеп оқушы­ла­ры жақты. Жылына бір келе­тін ғажайып сәтті кө­руге үш мыңға жуық адам жиналды. Сондай-ақ дәл осы уақытта елор­да­ның басқа аудандарын­­да да 30-дан астам мере­келік шыршаның шамы жа­­ғылды.

Көркі ерекше көз тартатын бас шыршаның маңына жиналған жұрт бір сәт ертегілер еліне енгендей күйде болғаны рас. Айнала – жалт-жұлт еткен шамдар, түрлі-түсті киінген клоундар, Аяз ата мен Ақша қар, қуана коньки тепкен балалар, сырғанақ... Бәрі-бәрі жаңажылдық көңіл күйге бөлеп, қыс қызығын арттыра түсті. Бас шырша жарық декоративті ұлпа қармен және өрнектермен, сары-қызыл реңдегі 2500 ойыншықпен, гирляндалармен, басқа да әсем заттармен безендірілген.

Шырша шамын жағу рәсімінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Қайрат Баекенов, Ринат Малцагов, AYREE, балалар хоры мен би ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнер жұлдыздары мерекелік кеш­тің көрігін қыздырып, аязды күн­нің суығын сездірмеді. Жаңа жыл­дан жақсылық күткен жұрт ән­шілермен қосыла ән шырқап, биледі.

Бас шыршаның аумағында жаңа­жылдық жәрмеңке, сырға­нақтар, ашық және жабық екі мұзай­дыны, Аяз ата үйі, лаби­ринт, фуд-корт, арнайы тақы­рып­тағы фотоаймақтар, шағын архи­тектуралық нысандар мен бас­қа да ойын-сауық орындары ұйым­дастырылды. Жаңа жылды асыға күткен балалар әрбір сәтті құр жібермей, арнайы жасалған сиқыр­лы орындарды аралап, мәре-сәре болып суретке түсіп жатыр.

«Бүгін «Астана Арена» стадио­нында елорданың ең үлкен шыр­шасының шамдарын жақтық. Бұл 25 метрлік шыршаны Астана­ның жаңа жылының рәмізі деп айтуға болады. Мұнда екі мұз­айдынын, 40 метрлік үлкен сыр­ғанақ және балалар сырғанағын жаб­дықтадық. Бұл жерде Аяз ата­ның үйі, сауда павильондары бар. Сол жағалау мен оң жағалау тұрғындары үшін ыңғайлы. Бұдан бөлек басқа аудандарда 30 шырша шамы жағылғанын атап өткім келеді. Олар қаланың орталық бөліктерінде де, тұрғын аудандарында да орналасқан», деді «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.

Иә, биылғы бас шыршаның таңғажайып көркі алыстан көздің жауын алады. Ұлпа қар мен түн­гі көрініске керемет үйлескен жасыл шыр­ша қаланың жердегі жұлды­зындай жарқырайды.

«Биыл бас шыршамыз таби­ғи пішінде жасалған, сәукеле се­кіл­ді жан-жағы жұқа желекпен сән­­делген. Бұл шыршаны 2,5 мың ойын­шықпен, 11,500 метр гир­лян­­дамен, 300 строб шам­да­ры­­­мен безендірдік», дейді «Астана­бас­жоспар» мекемесі дирек­то­ры­ның орынбасары Елнар Базыкен.

Жаңажылдық алаңға жиналған халық түрлі қызыққа батты. Біреу­лер сырғанақта зыр қақса, енді біреулері коньки тепті, шырша­ның айналасында жапа-тармағай суретке түсіп жатқандардың қара­сы да қалың болды. Жәрмеңке­ге арнайы келген сатушылардың да саудасы қызды. Жәрмеңкеде түр­лі қазақы нақыштағы бұйымдар, жаңажылдық сыйлықтар, қол­өнер бұйымдары, қолдан тігілген жас­тықтар қойылды.

Жәрмеңкені аралап жүріп, сазсырнайдың дыбысын естідік. Қоңыр әуездің ізімен сазсырнайда ойнап тұрған сатушыға келдік.

«Сазсырнай ұлттық аспаптар­дың біріне жатады. Сазбал­шықтан жасалған. Бұл адамның өк­песіне өте пайдалы. Өкпені ашу­ға, тынысты кеңейтуге, жүйкені ты­ныштандыруға көмектеседі. Бүгін жәрмеңкеге 100-ден аса сазсыр­­най алып келдік. Қазір отыз шақ­ты саз­сырнай сатылды. Бағасы – 3000 теңге. Сазсырнай ойнай алмай­тындар болса, көрсетіп беріп жатырмын. Жалпы, сазсырнай жа­сау­ды өздігімнен үйрендім. Кәсі­би музыкант емеспін, суретшімін. Ағаштан музыка аспаптарын жасайтынмын. Сазсырнайда бір­не­­ше әуен ойнай аламын. Бір күнде ­­40–50 сазсырнай жасауға болады», ­дейді суретші Ермек Кәрім.

Иә, ғалымдардың айтуынша, үр­мелі аспап сазсырнай – күй­зелістен құтқаратын таптырмас ем. Мұны байырғы қазақтар уілдек деп бесіктің басына да іліп қойған. Жел соқса, дыбыс шығарып, баланы алдандырады. Шын мәнінде, сазсырнайдың дыбысы адамның жүйкесін тыныштандырып, жүрек ырғағының біркелкі болуына әсер етеді. Біздің елдегі демалыс орындарында, денсаулық сақтау шипажайларында, емханаларда әлі күнге дейін қобыз, сазсырнай, дом­быраның күйлері сияқты халық аспаптарын музыка терапия ретінде қолданады.

«Оймақтай сазсырнайдың терапиясы мұншалықты пайдалы еке­нін кім білген немесе көбіміз білгенімізбен, сазсырнайдан дыбыс шығара алуымыз екіталай. Саз­сырнайды ойнағанда алдымен өкпеге ауаны көбірек жинайсыз. Кейін ақырындап шығарасыз. Бұл өкпе қабаттарындағы шырышты қабықты қатайтады. Тамырдың кіш­кентай капилярларына, өкпе мен­ жүрекке дейін оттегіге толады. Ал оттегі аз болса, вирус еніп, өкпе суланып кетуі мүмкін», дейді сату­шы.

Жәрмеңкеге «Хас шебер» қа­уымдастығының қолөнершілері де келген.

«Жәрмеңкеге қолмен тігілген кестесі бар жастықтар, табиғи тас­тар мен қолдан жасалған әшекей бұйымдар алып келдім. Жастықтар жақсы сатылып жатыр. Бағасы – 4000 теңге. Көбісі Жаңа жылға сый­лыққа алып жатыр. Бәрін өзіміз тіге­міз», дейді қолөнерші Фариза Ожантаева.

Сондай-ақ қолдан тоқылған қыс­тық баскиімдер мен шәлі-қол­ғап­тар да сатылымда тұр. Айта ке­­­­тейік, аталған жәрмеңке қысқы қа­­­ла­шық аясында күнде өтетін болады.

Шырша шамын жағу салтана­тына жиналған қауымның қуаны­шын­да шек жоқ. Балалар да ертегі­лер әлеміне тап болғандай күйге түсті.

«Қостанайдан Астанаға көшіп келгенімізге он жылдан асты. Астана – бас қала болға­лы уақыт өт­кен сайын көркейіп келеді. Бұл – жастардың қаласы. Жарқын бола­шақтың қаласы деп ойлаймыз. Қыстың басты мерекесі – Жаңа жылдың алғашқы шыршасы жағылды бүгін. Мұндай күні не­мерелерді үйде қалай ұстап отырамыз, отбасымызбен ғажап сәтке куә болайық деп асыға жеттік. Жаңа жыл еліміз үшін, халқы­мыз үшін берекелі, мерекелі болсын», дейді қала тұрғыны Салтанат Аяпова.

Сондай-ақ жаңажылдық алаң­­да қала тұрғындарымен қатар алыс­тан ат терлетіп келген қонақтар да бар екен.

«Біз биыл Жаңа жылды бала­лар­мен қарсы алайық деп Қы­зыл­­­ордадан арнайы келдік. Осы маң­­да тұрамыз. Мерекелік алаңды ер­тегідегі­дей ұйымдастырып­ты. Көз тоймайды. Әр бұрышында бір қы­зық бар. Әсем шыршаның көр­кі де таң­ғалдырды. Келер жыл бәрі­міз үшін табысты болсын», дейді қала қонағы Нұрлан Оразбаев.

Ел астанасының қыстың айту­лы оқи­ғасына айналған 30-дан аса­ шырша шамын жағу рә­сі­мі­не жал­пы саны 15 мыңнан астам адам қатысты. Ең биік 25 метр­­­лік шыр­шаның тағы бірінің шамы «Қазақ елі» монументінің ала­ңында жағылды. Мұнда да си­қыр­­лы қалашық жасалып, ойын-сауық орындары қойылды. Мере­келік бағдарлама ұсынылып, бала­­ларға арналған аниматорлар ша­қырылып, түрлі қызықты ойын­дар ұйымдастырылды. Мұнда да екі мұзайдыны, екі жарықпен көм­керілген сырғанақ, шағын ар­хи­тектуралық нысандар мен жа­рық-лю­минациялық пано орнатылған.

Сондай-ақ Алматы және Сарай­шық аудандарында жеті нүктеде шыршалар шамы жағылды. Тәуел­сіздік даңғылындағы Оқушылар сарайы аумағындағы 20 метрлік шырша ауданның жас тұрғындары үшін көптеген ойын-сауық пен мере­ке­лік іс-шара ұсынатын орталық­қа айналды: мұз айдыны, слайд, ертегі ат-шанасы, Щелкунчик және Гномик фотоаймағы ұсынылды. 17 метрлік шырша «Sana Sport» спорт кешенінің алдында да слайдпен және көңілді аюлармен жанды. Сондай-ақ Қошқарбаев даңғылы 80/1, Рысқұлбеков көшесіндегі «Алма» саябағында, «Astana Music Hall» жанында 17 метрлік жаңа­жылдық шыршалар орнатылды.

«Нұрлы жол» теміржол вок­залының жанында 17 метрлік шырша мен шағын сәулет нысандары (бұғы, қасқыр, қоян және аю) бой көтерді. Ал Байқоңыр ауданында бес керемет шырша безендірілді. Атап айтсақ, Жастар сарайының аумағы мерекелік іс-шаралар мен от­басылық серуен үшін таптырмас­ орын болды. Алаңда 18 метр­лік шырша шамы жағылып, мұз­айдыны мен сырғанақтар ашылды. Тұрғындар мен қонақтар жарық бейнелерінің жанында мерекелік фотосуретке түсіп, арқа-жарқа болып жатты. Ж.Тәшенов көшесіндегі К.Ататүрік атындағы саябақ жүздеген шам мен сәндік элементтері бар қысқы қалашыққа айналып, аумақта 20 метрлік шырша шамы жарқырап, мұз айдыны мен сырғанақ өз жұмысын бас­тады. Бұған қоса жаңажылдық кейіп­керлер сипатындағы шағын сәулет формалары орнатылды.

Сондай-ақ «Өндіріс» (Ақбидай мен Қ.Кемеңгерұлы көшелері­нің қиылысы) және «Кирпичный» (Чехоев және Жолымбет көшеле­рі­нің қиылысы) тұрғын алапта­рын­­да, «Қоянды» саяжай алабында тұр­ғындар 8 метрлік шырша­лар­дың сұлулығын тамашалап, ме­реке­лік көңіл күйді сезіне алды. Соны­мен қа­тар аудан бойынша Кеншілер, ­5 және Досмұхамедұлы, 6 мекен­жайларында екі бес метрлік шырша орналасты.

Нұра ауданында да ауқымды жаңажылдық безендіру жүргізі­ліп, тоғыз жерде жаңажылдық шыр­шалар шамы жағылды. Ал Орта­лық саябақта ұзындығы 290 метр болатын желілік мұзайды­ны жасалған. Мұнда серуендеуге, фото­аймақтарда Аяз атаның сый­лық­тары бар ат-шанамен суретке тү­суге болады. Орталық кіре­беріс­те ор­натылған 22 метрлік шыр­ша­ның да шамы осы күні жарқырады.

«Зеленый квартал» ТК алаңын­дағы гүлзарда, тоған маңында әр­түрлі шағын сәулет нысандары мен фотоаймақ орнатылып, биіктігі 7 метр шырша қойылды.

«Үркер» тұрғын алабындағы гүлзарда мұзайдыны мен қар сырғанақтары ашылып, кеңістік шыршамен безендірілді. Бұл күні биіктігі 7-ден 14 метрге дейінгі шыршалар шамы «Сарыарқа», «Керуен сити», «Азия парк», «Хан Шатыр» және «Айланд» ОСО сауда-ойын-сауық орталықтарының жанында да жарқырады.

Сығанақ пен Ш.Айтматов кө­­ш­елерінің қиылысында сыр­ға­нақ­­­тар орнатылып, 8 метрлік шырша ­мен тақырыптық шағын сәулет нысандары орнатылды.

Сарыарқа ауданында түрлі биіктіктегі 3-тен 18 метрге дейінгі алты шырша шамы жанды. Аудан тұрғындары мен қонақтарына әдеттегідей мұз сырғанақтары, мұз айдындары және атмосфералық фо­тоаймақтар ұсынылды. Қала ала­ңы биіктігі 13 метр табиғи шыр­ша­мен безендірілді. Мұнда ­600 шаршы метрлік мұзайдыны, мұз сыр­ғанағы мен фотоаймақ, бұғы­лар мен аюлардың жарқыраған бейнелері дайындалды. Бөген­бай батыр даңғылындағы гүлзар аумағында 43 500 ш.м. мұз­айды­ны жасалып, шырша орнатылды. Сыйлықтары бар жарқыраған шар­­лар мен шана қыстың басты мере­кесіне ерекше сән беріп тұр. Ал «Көктал» саябағында отбасылық демалыс үшін сырғанақтар, мұз­айдыны және 18 метрлік шыршасы бар жаңажылдық алаң ашылды.

Есіл өзенінің жағасы жылда мұзды өлкеге айналатынын біле­міз. Биыл да өзен бетінен үлкен мұзайдыны ашылып, әртүрлі дең­гейдегі 8 сырғанақ жасады. Биік­тігі 8 метр шырша орнатылды.

Сонымен қатар «Наз» театры­ның жанындағы алаң 3 метрлік мерекелік шырша мен тақырыптық фотоаймағы бар мәдени кеңістікке ай­налды. Юбилейная көшесі, ­22-де­ биіктігі 8 метр табиғи шырша безендірілген. «Агроқалашық» тұрғын алабында, Оқжетпес-Гер­цен көшелерінің қиылысында көңілді уақыт өткізуге арналған сыр­ғанақ, мұз айдыны және жар­қын фотоаймақтар орналасқан.

Ал Есіл ауданында төрт негізгі нүктеге мерекелік шыршалар орнатылып, жарқырап тұр.

Сондай-ақ ЭКСПО аумағын­да 23 метрлік шырша пайда болып, мұзайдыны мен сырғанақ­тар ашылды. Шырша 4000-нан астам ойыншықпен безендіріл­ген, олардың ішінде диаметрі 15-тен 40 см-ге дейінгі шарлар, гирляндалар, басқа да әсемдеу­ші құралдар бар. Салтанатты шырша шамдарын жағу рәсімінде бұл аумақта да қала тұрғында­ры шағын архитектуралық нысандар аясында фотосуретке түсіп жат­ты. Қабанбай батыр даңғылы­ның бойындағы дөңгелек алаңда мерекелік шырша орнатылып, жарықпен безендіру жұмыста­ры жасалды. Ал Ботаникалық бақ­қа 23 метрлік шырша қойылып, жаңажылдық көңіл күй сыйлады.

«Бәйтерек» монументінің айналасында, «Нұр жол» бульварында, Мәңгілік ел даңғылында, желілік саябақта, «Ұлытау» гүлзары сынды орындар шағын сәулет нысандары мен жаңажылдық инсталляциялармен безендірілді.

«Пригородный» тұрғын алабында да 10 метрлік шырша шамы жа­ғылып, мұзайдыны жұмыс істеп тұр. Аюлар мен жұлдыздар сипатындағы шағын сәулеттік формалар пайда болып, қала тұрғындарын мерекелік көңіл күйге бөлеп отыр.

Жылдың басты мерекесі қар­саңында бас қаланың сәулеті артып, сұлулығы көз тартып, жарқ-жұрқ еткен әсем шыршалардың бой көтеруі елордамыздың сәніне сән қосып, жарқылына жарқыл қосып тұрғаны анық.