Дүниежүзілік экономикалық кеңістіктегі бәсекелестік кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне ықпал етіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған инфрақұрылымға қатысты мәселелердің өзектілігі де осыған байланысты. Дүниежүзіндегі мемлекеттерді шарпыған экономикалық-қаржылық дағдарыс мемлекеттердің ішкі қуатына сынақ болары сөзсіз және оған дайындығы мықты ел ғана төтеп береді. Дағдарыс бір мемлекетті тұралатса, екіншілерінен «сырғып» өте шығуы да ықтимал. Сондықтан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады» деп ерекше атап көрсетті.
«Қазақстан-2020» Стратегиясы мен Елбасының осы жолғы Жолдауының арасында өндірісті және әлеуметтік инфрақұрылымды өркендетудің жолын меңзейтін байланыс бар. Мәселенің өзектілігі мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізудегі негізгі тетігі болып табылатын ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігіне өндірістік инфрақұрылымның тікелей, ал әлеуметтік инфрақұрылымның жанама әсер ететіндігімен түсіндіріледі. Қазақстанның аграрлық секторын реформалау оның заңнамалық базасын жасаудан бастау алды. Еліміздің заңнамасы Қазақстанның аграрлық секторының реформациясы болып табылады. Заң актілерінің арасында ауыл шаруашылығы өндірістік инфрақұрылымының дамуына айрықша ықпал еткен 1992 жылғы 14 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ауылшаруашылығы кәсіпорындарының мүлкін жекешелендіру ерекшеліктері туралы», 1993 жылғы 6 мамырдағы «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы несиелеу мен мемлекеттік іс-шараның қаржыландыруы туралы» заңдары мен «Мемлекеттің ауыл шаруашылығының нарықтық инфрақұрылымын дамытуға қатысуының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1998 жылғы 11 тамызындағы қаулысын ерекше атап өткен жөн. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы «Астық туралы» Заңы мен 2001 жылғы 24 қаңтардағы «Жер туралы» Заңы ауыл шаруашылығының дамуына маңызды ықпал етті.
Ауыл шаруашылығының құрылымын реформалау үдерісінің барысында маңызды өзгерістер болды. Ауылдағы шаруалардың маңдай терімен өндірілген өнімді өңдеумен айналысатын ет комбинаттары, сүт комбинаттары, элеваторлар, қант зауыттары секілді бұрынғы мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар қайта құрылды. Бұрынғы алпауыт кәсіпорындардың орнына шағын өндірушілер желісі көбейді. Соңғы уақытта ауылшаруашылық өнімдерін ұқсататын кәсіпорындардың саны 5 мыңнан асып жығылады. Ауыл шаруашылығын техникалық құралдармен, қосалқы бөлшектермен, минералды тыңайтқыштармен және өсімдік зиянкестеріне қолданатын дәрі-дәрмектермен жекеменшік кәсіпорындар қамтамасыз етеді және жөндеу қызметтерін көрсетеді.
Ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілетті салаларын дамыту және ауылшаруашылық өнімдерінің басымдық сипатқа ие түрлерін өндіруді ырғақты жолға қою мақсатында Үкімет бағдарламалар бекітті. Ол арқылы аграрлық саланы жаңа деңгейге көтерген агротехнологиялар келді, ішкі нарықтағы импорттық өнімдерді азайтуға, экспорттық әлеуетті күшейтуге бағыттаған маркетингтік стратегия жасалды. Алайда, ауыл шаруашылығына жүргізілген реформаның алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар аграрлық саланың нарық жағдайында қалыптасуына, оның өндірістік инфрақұрылымының дамуына салқынын тигізбей қоймады. Жылдар бойы қалыптасып қалған өңіраралық және салааралық шаруашылық байланыстардың бұзылуы ауыл шаруашылығын күйзелісті дағдарысқа ұшыратқаны белгілі. Алдын ала дайындықсыз, ойластырылмай, ауыл шаруашылығының аумақтық және салалық ерекшеліктері ескерілмей жүзеге асырылған жекешелендіру үдерісі осы саладағы өнімділікті құлдыратты. Аграрлық сала мен өндірістік инфрақұрылымды дамыту арасындағы, яғни ауылшаруашылық өнімін өндіру мен оны тұтынушыға жеткізу арасындағы алшақтық күшейе түсті. Өндіру мен ұқсату, сату үдерістері арасындағы байланыстың нашарлығы ауыл шаруашылығына сіңірген еңбектің зая кетуіне, шығынның молаюына әкеліп отырды.
Ауыл шаруашылығының дамуына көлденең тұрған жағдайлардың барлығы да осы агроөнеркәсіптік кешеннің ерекшеліктерін ескермеуден орын алды. Мемлекеттік реттеу мен араласуды барынша азайтып, нарыққа басымдық берілді. Жекеменшікті және фермерлікті дамыту ауыл шаруашылығын, агроөнеркәсіптік кешенді қайта құрудың, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасын шешудің тетігі етіп алынды. Реформаның нәтижесі көрсеткендей, сол кезде нарықты тым асыра бағалағанымыз және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда мемлекеттің рөлін тым төмендетіп жібергеніміз де байқалды. Мұнымен қатар, «фермер елді асырайды» деген ойдың теориялық та, экономикалық жағынан да нақтыланған дәлелі болған жоқ. Уақытында көптеген отандық экономистер бұл ұстанымды құптамағанымен, олардың дәлелдері ескерілмеді.
Кез келген мемлекетте экономиканы реформалау барысында алдымен инфрақұрылымды дамытуға басым бағыт беріледі. Өндірістік инфрақұрылымды құрудың түрлі кезеңдерінің өндірістік үдерістің дамуына да түрлі әсері болатыны белгілі. Өндіріс қалай дамыса, оның инфрақұрылымы да соған сәйкес ілгері басуы тиіс. Олар бір-біріне баламалы сипат алуы керек. Еліміз экономикасының аграрлық секторы ырғақты дамуы үшін өндірілген өнімнің көлемі емес, оны ұқсату бәйге атындай қатар еріп отырса игі. Ол өнім өндіруді ұйымдастыру, ауылшаруашылық ресурстарын тиімді пайдаланудағы маңызды күш өндірістік инфрақұрылым екені айқын.
Ауылшаруашылық өндірісі, онда өндірген өнімді ұқсату, тұтыну деңгейіне жеткізу, оны сату міне, осының барлығы да қалыпты ырғаққа түсу үшін өндірістік инфрақұрылым саланың қосалқы жүйесіне айналуы тиіс. Сараптама көрсеткендей, ауылшаруашылық өндірісінің түпкі нәтижесі оған қызмет көрсететін, яғни өндірілген өнімді ұқсататын саланың қаншалықты дамуына, деңгейіне байланысты. Сонымен қатар, өнімді, шикізатты мол өндіру үшін жасалатын өндірістік инфрақұрылымның дамуымен қатар, оның өнімін тиімді пайдалануды көздеуіміз тиіс. Бұл – өте маңызды.
Шаруашылықтың салаларында меншік түріне қарамай өнім өндіру өндірісі дамыды, ал нарыққа көшу үдерісінің өзі инфрақұрылымның дамуын талап етті, оған қолайлылық туғызды. Бұрын ауылшаруашылық өндірісін кеңейтуге күш салынатын. Жердің барлығын айқыш-ұйқыш жыртып, астық өндірдік. Ұн комбинаты облыста жалғыз ғана, тіпті кейбір жерлерде болмады. Ал қалған мәселелердің барлығы артқа шегеріліп, екінші кезектегі міндеттерге айналып отырды. Сол себепті де еліміздегі өндірілген өнімнің 25 пайызы тұтынушыларға жеткен жоқ.
Ауыл шаруашылығы Қазақстанда халық шаруашылығының маңызды, басты саласы болып табылады. Алайда, қосымша өндірістердің қолдауы болмайынша ауыл шаруашылығы алға баспайды. Егіннің көлемі, мал басының саны артқан сайын ғылым мен техниканың жетістіктерін енгізген заманауи қызмет көрсетуші саланың да маңызы арта түседі. Инфрақұрылымның жаңа түрлері де пайда бола бастайды. Осыған байланысты инфрақұрылымның дәстүрлі саласы саналатын тасымал көлігі, байланыс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жөндеу қызметі секілді басқа да өндіріске қажетті қызметтер дами түседі. Нарықтың келуімен, соған орай меншіктің жаңа түрінің қалыптасуына, шаруашылықты ұйымдастырудың жаңа түріне байланысты ауылшаруашылық өндірісімен қатар жүретін қызметтер тармақталып, бөлек құрылымға айналды. Олардың басты қызметі ауыл шаруашылығына ақылы қызмет көрсету болып табылады. Нарықтық қатынас үдерісінің қалыптасуы кезеңінде өндірістік инфрақұрылымның жаңа элементтерінің пайда болуы күшейе түсті. Олар бөлініп шығып өздігінен, дербес қалыптаса бастады.
Демек, нарықтың шеңберінде белгілі бір қызмет атқаратын және мамандандырылған ұйымдастырушы күш, яғни «нарықтық институттар» болмай және ол мемлекеттің реттеуінсіз ауыл шаруашылығының дамуы мүмкін емес. Қазақстанда 2010-2014 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін республика бюджетінде 1035963,72 миллион теңге қарастырылған болатын. Тек Қостанай облысының өзіне ғана соңғы үш жыл ішінде көліктік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 16336,58 миллион теңге бөлінді. Демек, мемлекет агроөнеркәсіптік кешені инфрақұрылымының дамуына жүйелі түрде көңіл аударып отырады. Бұл ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен оны өңдеуге қажетті деген барлық жағдайлардың туғызылып отырғанын көрсетеді.
Сансызбай ЖИЕНТАЕВ,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы.
ҚОСТАНАЙ.