• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:15

Өнеркәсіп өрісі кеңейіп келеді

90 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында бірнеше зауыт, кәсіпорындарды аралап, өндіріс басшылығы және ұжымдарымен кездесті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымдық міндеттерді шешу барысы талқыланды. Сонымен қатар бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесі де сөз болды.

Ғылыми зерттеулер негізінде шешім қабылданды

Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу мәселесін Қостанай облысының тұрғындары бұрын да көтерген. Өйткені бұған дейінгі 6-шы уақыт белдеуі табиғи уақытқа сәйкес келмеді. Осылайша, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім күнделікті тұрмыстық үдерістерді жеңілдетті. Осыған байланысты кездесуге қатысушылар бірыңғай уақыт белдеуін қолдап сөз сөйледі.

Премьер-министр тұрғындармен әңгімелесу барысында табиғи уақыттың азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми дәлелденгеніне тоқтала келіп, облыс тұрғындары мен барша ел азаматтарына аталған маңызды шешімді түсініп, қолдағаны үшін алғыс білдірді.

«Шешім Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де жүргізілген өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды. 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадтық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды. Бұл зерттеуде ғалымдар табиғи уақытта өмір сүрген кезде адам үшін ең жақсы және пайдалы екенін дәлелдеді. Сондықтан қазір әлемнің прогрессивті елдері табиғи уақыт белдеуіне көшуге ұмтылуда. Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі – біз қазір өмір сүріп жатқан UТC+5 болып табылады. Бұрын өздеріңіз білетіндей, біз басқа UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды. Қазір, керісінше, біз уақытты күн цикліне сәйкес келтір­дік. Мен бірыңғай уақыт белдеуіне

ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Осындай шешім қабылданды. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет. Осы мәселелердің барлығын әрі қарай шешеміз», деді Премьер-министр.

 

Алты бірдей ірі индустриялық жоба іске асырылды

Үкімет басшысы Президент Жолдауында айтылған өнеркәсіп саласын дамыту, жоғары қайта өңдеуді игеру және локализация деңгейін арттыра түсу жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысын тексерді.

Премьер-министрге биылғы 11 айда Қостанай облысында өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2,5 трлн теңгеге жеткені, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 72%-дан асқаны баяндалды. Осы жылы өңірде құны 124,7 млрд теңге болатын 6 индустриялық жоба іске асырылып, 1 301 жұмыс орны ашылды.

«Caspian Steel QZ» арматура зауытына барған Олжас Бектенов кәсіпорын­дағы технологиялық үдеріспен және компа­нияның болат дайындамасын шыға­ра­тын жаңа зауыт салу жөніндегі жоспары­мен танысты. Арматура зауыты жылы­на 450 мың тонна өнім шығарады. Мыса­лы,  биылғы 10 айдың ішінде 311,4 мың тон­на болат илем және 10,9 мың тонна мет­алл сынықтары өндірілді. Зауыт өнім­дері ішкі қажеттіліктерді өтеп қана қой­май, сыртқы нарыққа да шығарыла­ды. Мәселен, жыл басынан бері 32 млрд теңгеден астам сомаға 112,6 мың тонна ұсақ сұрыпты илем экспортталған.

Компания басшылығы жоспарлап отырған болат бұйымдар өндіретін жаңа кәсіпорынның болжамды қуаты жылына 1 млн тоннаны құрайды. «Caspian Group» компаниясының директоры Александр Ким жобаға 650 млн доллар инвестиция салу жоспарланғанын айтты. Зауыт іске қосылған соң, 600 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, мердігер ұйымдарда тағы 400 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорында жаһандық «жасыл» экономикаға көшу шеңберінде қоршаған ортаға әсерін барынша азайтатын соңғы буындағы электр доғалы пештерді пайдалану жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру шығарылатын түпкілікті өнімдегі отандық қамтуды 99%-ға дейін арттыра отырып, арматура жасау өндірісін локализациялауға мүмкіндік беретіні айтылды. Сонымен қатар өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,3%-ға артады.

О.Бектенов инвестициялық жоба­ның маңыздылығына тоқталып, ірі индустриялық өндірістер төңірегінде шағын және орта бизнес белдеуін қалыптастыру қажеттігін айтты.

«Президент Үкіметке экономика­лық өсудің жаңа көздерін табу туралы нақты міндет қойды. Әрбір өңірдің өзіндік күшті жақтары бар және біз облыстың, еліміздің экономикасына және жалпы халықтың әл-ауқатын жақсарту жұмыстарында нақты өсімге қол жеткізетін әлеуетті барынша ашуға тырысамыз. Біз таңдаған экономикалық патриотизм жолы жаңа отандық зауыттар мен өндірістер түрінде өз жемісін беруде, олар өз кезегінде айналасында тағы бір ШОБ бөлігін дамытуда. Мұның барлығы отандық экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін арттыруға және өнімді жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы одан кейін жылына 45 мың тонна жүк көліктеріне арналған шойын құймаларын өн­ді­ретін «KamLitKZ» зауытына барып, қара металлургияның дамуымен танысты. Премьер-министрге негіз­гі технологиялық үдеріс автокөлік бөлшектерін өндірудің толық циклін қамтитыны және өнімнің халықара­лық сапа стандарттарына сәйкес келуін қамтамасыз ететіні баяндалды. 2025 жылы қуатты жылына 75 мың өнімге дейін жететін дәлме-дәл штамптаудың озық технологияларын қолданатын екінші зауытты іске қосу жоспарланған.

Бүгінде Қостанай облысы машина жасау саласы бойынша респуб­ли­када көш бастап тұр. Премьер-ми­нистрге «Kia» автокөлігін өндіретін зауыт салынып жатқан индустриялық аймақ аумағында өңірдегі автомобиль жасау қарқыны туралы баяндалды. Жобаның жалпы құны 200 млн долларға бағаланып отыр, оның 80%-ға жуығы тікелей шетелдік инвестиция. Кәсіпорынды 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Бүгінде негізгі өндірістік корпусты салу, іргетасын қалау, сондай-ақ металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары аяқталды. Олжас Бектеновке лак-бояу өндірісін, оның ішінде полимерлі жабындардың барлық түрлерін локализациялаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін өндірісті құру жоспарлары туралы баян­далды. Зауыттың толық жобалық қуаты жылына 70 мың автокөлікті құрайды. Кәсіпорын өнімдері шағын торапты құрастыру әдісін қолдана отырып шығарылады. Өндіріс 68 роботпен жабдықталады. Зауыт іске қосылғанда жоғары ақы төленетін 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Премьер-министр еліміздегі автомобиль шығаратын жетекші кәсіп­орындардың бірі «СарыарқаАвтоПром» компаниясының өндірістік қуатын қарап шығып, толық цикл бойынша автокө­лік­тер құрастырудың технологиялық ерек­ше­ліктерімен танысты. Зауыттың бас дирек­торы Сырым Семейбаев 2024 жылы шы­ға­рылатын өнім көлемін 90 мың авто­мо­бильге жеткізу жоспарланып отыр­ғанын айтты. Кәсіпорын «JAC», «Kia», «Chevrolet», «Jetour», «Hongqi», «Skoda» сияқты брендтерін шығарып жатыр.

Премьер-министр өндірісті кеңейту білікті кадрларды даярлау және и­н­дустриялық жобаларды іске асыруға жастарды тарту бойынша қатар жүр­гізілетін жұмыстармен сүйемелденуге тиіс екеніне тоқталды. Оған  кәсіптік-техникалық білім беру, сондай-ақ «WorldSkills Kazakhstan» шеберлік чем­пио­натының алаңы тиімді тетік болып саналады. Олжас Бектенов сонымен қатар кәсіпорындардың тиімділігі мен шы­ға­ры­латын өнім көлемін арттыруға ба­ғыт­тал­ған цифрлық шешімдерді өндіріс­ке енгізудің маңызды екенін атап өтті.

 

Қостанай облысы