Ел бойынша су қоймаларына жиналған 75 млрд текше метрден астам (рекордты көрсеткіш) судың 12 млрд текше метрден астамы тасқын суы, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су келді, бұл былтырғы көрсеткіштен 4 млрд текше метрге артық. Оның ішінде тасқын кезінде 3,3 млрд текше метр су түсті.
Жыл басынан бері Каспий теңізіне 17 млрд текше метр су келген.
Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толып, 18 млрд текше метрден астам су жинаған.
Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілген.
Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су келіп, бақылау тарихында алғаш рет бұл су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдер жүйесіне жетті.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше Су дипломатиясы, суды дәл бөлу және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы еліміздің оңтүстігінде су балансын жақсартуға қол жеткізілді. Мәселен, биыл Солтүстік Аралға шамамен 2,5 млрд текше метр су жіберілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 400 млн текше метрге артық. Бұл ретте, Қызылорда облысының шаруалары су үнемдеу технологияларын пайдаланғандықтан 200 млн текше метрге дейін су үнемдеп, ол су Солтүстік Аралға жіберілгенін де айта кеткен жөн. Жыл басынан бері Қызылорда облысының көлдер жүйесіне 4,7 млрд текше метрден астам су жіберілді, (былтыр шамамен 4,3 млрд текше метр).
«Біз әрқашан су ресурстарын бөлуде экономиканың қажеттіліктері мен су нысандарының экожүйесін қолдау арасындағы дұрыс тепе-теңдікті іздейміз. Биыл шаруаларға және басқа да су пайдаланушыларға кері әсерін тигізбестен үлкен және шағын су айдындарын сақтау-қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Мысалы, өткен суару кезеңінде шаруа қожалықтарына шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Болашақта бұл бағыттағы жұмыс жақсарады. Оның ішінде суды сауатты басқару және тұтынуға басымдық беретін жаңа нормативтік-құқықтық база құру есебінен де нәтижеге жетуге ниеттіміз», деді сала министрі Нұржан Нұржігітов.