• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 11:15

Депутат «Қызылорда – Жезқазған» автожолын жедел жөндеуді талап етті

27 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов Қазақстанда жөндеу жұмыстары созылып кеткен автожолдардың мәселесін көтерді, деп жазады Egemen.kz.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Сабильянов алдымен, Көлік министрлігінің елдегі жолдардың қанағаттанарлық үлесі 87 пайыз деген дерегімен келіспейтінін айтты. 

Себебі, жергілікті жолдардың тек 31 мың шақырымында немесе 44 пайызында асфальт-бетон жабыны төселген. Ал қалған 39 мың шақырымында немесе 56 пайызында қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселіп жатыр. Депутат екінші айтылған типтегі жолдарды қанағаттанарлық деңгейге қоспауды сұрады. 

«Осыған байланысты қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселген жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдарға жатқызбау үшін автожолдардың сапасын бағалау өлшемшарттарын қайта қарау қажет деп есептейміз. Нәтижесінде біз жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нақты жай-күйі туралы білетін боламыз», деді Нұртай Сабильянов.

Ол қатысатын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының атқаратын функциясын қайта қарауды да ұсынды. 

«Мемлекет 100% қатысатын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы автомобиль жолдарының Ұлттық операторы болып табылады. Бірақ ол бір уақытта 2 функция атқарады, атап айтқанда, автомобиль жолдарын салу және оларды реконструкциялау, жөндеу мен күтіп-ұстаудың ұйымдастырылу барысы мен сапасын бақылау. Яғни, ол жолды өзі салып, өзін-өзі бақылайды екен. Осындай жағдай Жол активтері сапасының ұлттық орталығында да орын алуда, ол жобаларға ведомстволық сараптаманы өзі жүргізеді, таңдау түріндегі құрылысқа ұсыныстарды өзі береді және мердігер ұйымдардың жұмысынан кемшіліктерді өзі табады. Сөйтіп, мүдделер қақтығысы туындайды», деді депутат.

Мәжілісмен жолдарды техникалық қадағалау қызметінің әлсіздігіне де тоқталды. Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін төрт мың шақырымнан астам автомобиль жолдарын сапалы түрде реконструкциялау міндетін қойып отыр. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ұзаққа созылған құрылыс» жобаларын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар 90%-ға аяқталды, олар: «Қарағанды - Балқаш-Алматы» (885 км), «Атырау - РФ шек. (Астраханьға)» (217 км), «Ақтөбе - Қандыағаш» (96 км), сондай-ақ «Талдықорған - Өскемен» (768 км), жалпы ұзындығы шамамен 2 мың шақырым жол (1966 км-ден 1960 км-ге жол қамтамасыз етілген). Сондай-ақ, Н.Сабильянов құрылысы ұзаққа созылған республикалық маңызы бар автожолдардың мәселесін ортаға салды.

«Қалбатау - Майқапшағай» тас жолын жөндеу 2019 жылдан бері бес жылға жуық уақыт жүргізіліп келеді. Бірақ жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Ұзындығы 412 км болатын республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автожолы ең үлкен мәселе  болып отыр.  Осы учаскені жөндеу жұмыстарын аяқтауды жеделдету қажет. Сонымен қатар, мысалы, республикалық маңызы бар Қарағанды - Аягөз - Бұғаз  автожолының жай-күйі қанағаттанарлық жағдайда емес әрі оның жекелеген учаскелерінде тіпті асфальт жабыны мүлдем жоқ, шұңқыр-шұңқыр. Бұл мәселе осы өңірдің тұрғындары арасында жиі көтеріледі. Биыл жөндеу жұмыстары басталды, енді бақылауды  күшейту керек», деді депутат.

Н. Сабильянов елдің көлік-логистика әлеуетін дамытуға айтарлықтай әсер ететін саладағы осы мәселелерді шешу үшін жауапты министрлік нақты шаралар қабылдауы қажет екеніне назар аударды.