• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Жұмыс Бүгін, 08:35

Жүз жас маман жұмысқа орналасты

42 рет
көрсетілді

Биыл «Amanat» пар­тия­сының «Жастар рухы» жастар қанатының бас­тамасымен өңірде екі ірі бос жұмыс орын­дар жәрмеңкесі ұйымдас­ты­­рылды. Нәтижесін­де, «Жастарға жұмыс» жобасы аясында жүзден аса жас маман жұмысқа орналасты.

«Жастарға жұмыс» жоба­сының мақсаты – жұмыс ізде­ген жастарды жергілікті кәсіп­орындармен байланыстыру және өңірдегі жұмыссыздық деңге­йін төмендету. Аталған жәрмеңкеге ­97 кәсіпорын қатысып, 700-ге ­жуық бос жұмыс орны ұсынылған.

«Қазіргі таңда Алматы облы­сында 280 мыңға жуық жас бар. Олардың 6 мыңға жуығы жұмыссыз ретінде тіркелген. Осын­дай жәрмеңкелер ар­қылы біз жастарды еңбек нары­ғына бейімдеп, өз салалары бойын­ша жұмыс табуына мүм­кін­дік жасап отырмыз. Бұл шара тек бос жұмыс орындарын ұсы­нумен шектелмейді. Соны­мен қатар жастарға еңбек нарығындағы талаптар туралы ақпарат беріп, кәсіби дағдысын дамытуға көмектеседі. Осындай шаралардың нәтижесінде 109 жас маман жұмысқа орналасты, ал 200-ге жуық жас сұхбаттасуға шақырылып, өзін көрсету мүм­кіндігін алды», дейді «Жастар рухы» жастар қанатының Алматы облыстық филиалы төрағасы Медет Бекбергенов.

Кәсіпорындар ішінде ерекше көзге түскендердің бірі – Талғар ауданындағы «Keruen Plus» зауыты. Су және жылыту жүйелеріне арналған пластикалық құбырлар мен фитингтер шығаратын бұл өндіріс орны «Wuko deniz» брендімен кең таныл­ған. Зауыттың жоғары өндірістік әлеуеті мен сапалы өнімдері ішкі нарықта үлкен сұра­нысқа ие. Осы жәрмеңке барысында кәсіпорын 50-ден аса бос жұмыс орнын ұсынып, жұмыс іздеушілердің үлкен қызығушылығын тудырды.

Жұмыс тапқан­дар­дың бірі – 29 жастағы Дәурен Сәбитов. Ол жәр­меңкеге қатысқаннан кейін «Keruen Plus» зауы­тының өндірістік бөліміне жұмысқа орналасты. Бұрын жұмыссыз бол­ған ол бұл зауыттың жалақысы, жұмыс жағ­дайы және мамандарды кәсіби дамытуға бағытталған мүм­кіндіктеріне ризашылығын білдірді.

«Мен зауыт өкілдерімен партия ұйымдастырған жәрмең­ке­де таныстым. Олар өздерінің өндіріс үдерістері, ұсынатын мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Қазір өндіріс орнында техникалық маман ретінде қызмет атқарып жүрмін. Жұмысым ұнайды әрі осында өсу мүмкіндіктері бар екенін сезінемін», дейді Дәурен.

Айта кету керек, «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанаты жұмысқа орналас­тыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтіп, NEET санатындағы жастарды оқы­ту және жұмыспен қамту үшін арнайы семинарлар ұйымдасты­рып келеді. Сондай-ақ жыл са­йын 350 жеңілдетілген кредит беру және кәсіпорындарда 5 мың жас үшін ашық есік күндерін өткі­зу жоспарланған. Бұл шара­лар жастар жұмыссыздығын 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендету­ге мүмкіндік бергені туралы пар­тияның Алматы облыстық фи­лиалының баспасөз қызметі хабардар етті.

 

Алматы облысы