• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Банк Кеше

Дүниежүзілік банк жол саласын қаржыландырады

33 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік банктің атқарушы директорлар кеңесі Қазақстандағы транспорттық байланыс және орнық­ты­лықты арттыру жобасына (TRACE) 650 млн доллар көлемінде қаржы бөлу туралы шешімді жариялады. Аталған жоба Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз) Жезқазған – Қарағанды учаскесін дамытуға бағытталған. Осы жоба аясында Дүниежүзілік банк тобы мен Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі (AIIB)алғаш рет бірге жұмыс істейтін болды. Сәйкесінше, бұл AIIB-ның елдегі жол саласындағы алғашқы жұмысы.

Орта дәліздің Жез­қаз­ған мен Қара­ған­ды ара­сын­да­ғы мақ­сатты бөлігіне айтар­лық­­тай қаржының салынуы нәти­жесінде TRACE жобасы ұлттық және жер­гілікті көлік бай­ланыс­тарын айтарлықтай жақсарт­пақ. Сонымен қатар сауда ба­ғыт­тарын да оңтайландыра түсе­ді. Климаттың өзгеруіне қолайлы төзімділік танытатын мұндай жобалар жергілікті аза­маттар үшін өте пайдалы болмақ. Се­бе­бі жұмыс орны мен қыз­мет­­терге деген қолжетімділік әжептәуір жеңілдейді. Ұлытау мен Қарағанды облысындағы эко­номикалық өсім оң нәтиже көр­сете бастайды.

Дүниежүзілік банктің Қазақ­с­тандағы тұрақты өкілі Андрей Михневтің айтуынша, жоба климат өзгерісін басты назарға алады және жол құрылысы мен оған қызмет көрсету бойынша инновациялық шешімдерді енгізеді. Жол құрылысына ал­дың­­ғы қатарлы материалдар пай­­да­­ланылады, сонымен бірге, қар мен бұрқасынға қалқан болар құ­рылыстар тұрғызылып, су тас­қы­нының алдын алатын шаралар да қарастырылады.

TRACE жобасы жобаға әйел­дердің қатысуын да қамта­масыз етпек. Оларға жол секторында жұмыс орны мен тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсынып, кәсіби теңсіздікті төмендетуге күш салады.

«Инфрақұрылымға инвес­тициялармен қатар, жобаның қызметі келісімшарттар мен техникалық қызмет көрсетудің тиімділігін оңтайландыруға, сондай-ақ жеке инвестицияларды тартуды көздейтін рефор­маларға бағытталған. Жоба сонымен қатар өсіп келе жат­қан көлік құралдарының шыға­рын­ды­ла­рынан туындайтын мәсе­ле­лер­ді шешуге және тұрақ­ты­лық пен қауіпсіздікке бағыт­талған жолдарды жобалау­дың заманауи стандарттарын әзір­леу­ге негізделген», дейді жоба дайын­дығы тобының жетекшісі Ниджат Валиев.

Бастаманы Үкіметтің мемле­кет­­тік кепілдігін ала оты­рып «Қаз­авто­жол» ұлттық ком­­па­ния­сы жүзеге асырмақ. Дү­ние­­жүзілік банк пен Азия инфра­­құ­рылымдық инвестиция банкі бір­лесе атқаратын жобаны 2032 жылдың 30 мау­­сымында аяқтау жоспарланып отыр.