Бүгін Rixos President Astana қонақүйінің D Hall залында Жайық өзеніне арналған AQJAIYQ энциклопедиялық фотоальбомының таныстырылымы өтті. Кітапты Қазақстанның жас кәсіпкерлер қауымдастығы «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» компаниясымен бірлесіп жарыққа шығарған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараға Парламент депутаттары, бірқатар министрліктердің және шетелдік компаниялардың өкілдері, экология және табиғатты қорғау ұйымдарының мамандары, фотографтар, БАҚ өкілдері жиналды.
Фотоальбом – Жайық өзені алабының экологиялық жүйесін, табиғатын, жан-жануарлар дүниесін қалың жұртқа таныстыруды мақсат еткен. Соған орай, альбомда отандық және шетелдік фотографтар табиғат аясында түсірген (сүтқоректілер, құстар, қосмекенділер, жорғалаушылар т.б.) фотолары берілген және жалпы түрлер бойынша ғылыми-танымдық ақпарат ұсынылған. Аудиторияны кеңейту мақсатында кітап – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дайындалған.
Фотоальбомды құрастыру барысында «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» компаниясының қолдауымен Жайыққа 2019 жылы жасалған экспедицияда жинақталған материалдар да пайдаланылған. Аталған экспедицияда бірқатар шетелдік ғалымдар мен фотографтар тізе қосып, өңірдің экожүйесін зерттеген еді. Экспедиция қорытындысы бойынша Атырау қаласында фотокөрме ұйымдастырылып, ол жұртшылық тарапынан зор қызығушылық тудырған. Сол көрмеде ұсынылған кейбір фотосуреттер осы фотоальбомға да енгізілгенін атап кеткен жөн. Кітапқа сондай-ақ биыл болған су тасқынының салдарын көрсететін деректі фотолар да қосылған.
«Орал-Жайық – ең ұзын трансшекаралық өзендердің бірі, үлкендігі жағынан Еуропадағы үшінші өзен. Ұзындығы 2500 км болатын осы маңызды өзен екі елдің дәнекері іспетті. Бастауын Ресейден алатын Орал-Жайық өзені тіршілік нәрін ҚР-ның аумағы арқылы Каспийге дейін жеткізеді. Бұл – үлкен әрі күрделі экожүйе, оның табиғи байлығы – тұщы суы, флорасы мен фаунасы Ресей мен Қазақстанның ұлттық байлығы саналады», деп жазған Каспий Құбыр Консорциумының Бас директоры Николай Горбань оқырманға арнаған алғысөзінде.
Ал, «КҚК-Қ» АҚ Бас директорының Қазақстан Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин:
«Жаңа фотоальбом табиғат жанашырлары мен туған өлкеміз туралы көбірек білгісі келетін кез келген адамға пайдалы әрі маңызды ресурс болатынына сенімдімін. Кітап тиражы «КҚК-Қ» АҚ-тың құбыр желісі өтетін өңірлерді қолдау жөніндегі қайырымдылық бағдарламасы аясында Қазақстан мен Ресейдің білім беру мекемелері мен қоғамдық кітапханаларына таратылатын болады», деп атап өтті.
Ұйымдастырушылар мен жоба авторлары жалпы фотоальбом мен 2019 жылғы экспедиция туралы әңгімеледі. Экспедицияға қатысқан ғалымдар мен фотографтар экспедция кезіндегі қызықты жайттарды еске алып, Жайық өзенінің еліміз бен жалпы әлемдегі мән-маңызы, экологиялық ахуалы турасында сөз қозғады.
AQJAIYQ – «КҚК-Қ» АҚ демеушілігімен жарық көрген ғылыми-танымдық кітаптар сериясының екінші басылымы. Бұған дейін AQBÓKEN Saiga tatarica деп аталған ғылыми-танымдық фотоальбомның жарыққа шығуына демеушілік еткені белгілі. Бұл кітап қазақ халқы киелі жануар санайтын ақбөкенге арналып, Каспий Құбыр Консорциумы да өзіндік елеулі үлесін қосқан киік популяциясын сақтау және көбейту баңдарламасының бір бөлшегіне айналды. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бұл кітаптың да тиражы еліміздің мектеп кітапханалары мен қоғамдық кітапханаларына берілді.
Айта кетсек, Жайық – еліміздің экономикасы мен экологиясында айрықша орны бар ең ірі су ресурстарының бірі. Бастауын Ресей жерінен алып, Башқұртстанды, Челябі, Орынбор өңірлерін және еліміздің Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын көктей өтетін өзеннің жалпы ұзындығы 2534 шақырымнан асса, ал Қазақстандағы бөлігі 1000 шақырымнан асады.