• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

«Мұғалім жарақат алды»: Кінәлі кім?

163 рет
көрсетілді

Жақында Семей қаласында жаңа жылдық шыршаны безендіруге заңсыз тартылған мұғалім биіктен құлап, жарақат алғаны туралы ақпарат желіде желдей есті. Бұл жайында жергілікті мемлекеттік органдардан бастап, Оқу-ағарту министрі мәлімдеме жасап, пікірін білдірді. Кейінгі кезде мұғалім мәртебесі туралы мәселе биік мінберден жиі көтеріліп жүр. Ал биіктен құлаған ұстаздың жұмыстан бос уақытта заңсыз еңбекке тартылуы педагог абыройын асқақтату мәселесін майшаммен қарауды тағы бір еске салады.

Оқиға Семей қаласының орта­лық алаңында жаңа жыл­дық шыршаны құру және безен­діру кезінде 21 желтоқсан күні орын алған. Облыстық білім басқармасының дерегіне сенсек, сол күні сағат 15.00-де мұғалімдерді жаңа жылдық шыр­шаны безендіруге тарту фак­тісіне қатысты шұғыл кеңес өткі­зілген. Кеңесте облыс әкімі оқи­ғаның барлық мән-жайын анық­тау үшін қызметтік тексеріс жүр­гізуді, ал денсаулық сақтау бас­қар­масына зардап шеккен Семей қаласындағы №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиевтың жағдайын бақы­лау­ға алуға тапсырма берген.

Заңсыз жұмысқа тарту фактісі бойынша қызметтік тексеріс қорытындысына сәйкес қаладағы үш бірдей мектептің, атап айтар болсақ №49, №40 және №19 мектеп ұстаздарын шыршаны безендіруге қатыстырғаны үшін аталған оқу орындарының директорлары қатаң сөгіс алды. Бұған қоса, Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Біржан Заманбекұлы қызметінен босатылды. Жағдайды үйлестірген қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаевқа қатаң сөгіс жарияланды.

Абай облысы білім басқарма­сы­ның басшысы Нұржан Ахметқалиевтың сөзінше, бұл мұға­лімдер құқын бұзу мен заң талаптарына қайшы әрекет екені анықталған. Жағдай облыс бас­шы­сының қатаң бақылауында тұрғанын да ескертті басқарма басшысы.

Оқыс оқиғаға душар болған Қуат Айтқалиев ұстаздық қызме­ті­мен бірге оқырмандарына жылы шығар­маларымен танылған жас қаламгер. Қуат Айтқалиевтің шыр-пыр болып шындық іздеген зайыбы Сымбат Аянқызы мұғалімді демалыс күні заңсыз жұмысқа тарту педагог құқығын аяққа басу деп есептейді. Шыршаны құрып жатып, 4-5 метр биіктен құлаған мұғалімнің әйелі журналистерге берген сұхбатында сол күні күйеуіне «алаңға барып, шырша құрасыңдар» деген бұйрық мектеп директорынан түскен. Ал мектеп басшысына бұл нұсқау қалалық білім бөлімінен болған көрінеді.

«Семей қаласы әкімнің шыршасын құру мен безендіруге 30 млн теңге бөлінген, ал оны мұға­лім­дер құрды. Жолдасым 4-5 метр биіктен құлаған. Әліби деген досы әрі әріптесі хабарласып мек­теп­тің директоры Гүлфариза Тоқтаубайқызының: «Ертең таңғы сағат 08.00-09.00 аралығында алаңға барып, шырша құрасыңдар» деген бұйрық бергенін айтты. Күйеуім таңғы сағат 09.30 кезінде алаңға жетіп, шырша құруға кіріскен», дейді Сымбат Аянқызы.

Қазір ауыр жарақат алған мұғалім жансақтау бөлімінде есін жиған. Бассүйегіне зақым келген. Оқиға болған күні шұғыл ота жасалған. Алайда үш ай өткен соң екінші күрделі ота жасау жоспарда бар дейді дәрігерлер.

22 желтоқсан күні өзінің фейс­буктегі жеке парақшасында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы оқиға бойынша ойын ортаға салып, ауыр жағдайға тап болған мұға­лімнің жағдайы қа­таң бақы­лауға алынғанын жеткізді.

«Семей қаласында мұғалім­дер­ді жаңажылдық шыршаны безен­ді­ру­ге тарту және әріптесі­міз­дің осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі.

Педагогтердің кәсіби міндетте­ріне жатпайтын мұндай жұмыс­тар­ға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санай­мын. Бұл оқиғаға байланыс­ты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін.

Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілеймін. Қазіргі уақытта оған барлық қа­жетті медициналық көмек көрсе­тіліп жатыр. Бұл жағдай ерек­ше бақылауға алынды», дейді министр.

Мемлекет басшысы педагог­тер­дің қоғамдағы рөліне ерекше мән беру керектігін басты назарда ұстап келеді. Олардың құқықтарын «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдерге үлкен қолдау екені белгілі. Олар­­ды қоғамдық жұмысқа тарту, заңсыз еңбекке мәжбүрлеу заң шеңберінен шығу, заңды бұзу фактісін әйгілейді.

Білім саласында биікке көтері­ліп, ғылымнан ғибрат іздеген, әде­биетті бар өмірінің мәніне айнал­дарған жас педагогтің келешектегі жағдайы не болмақ деген сауал жақын жанашырларын алаңдатып отыр. Аяқ-қолы сынып емес, бассүйегі сынып, миы­­на зақым келгендіктен апталдай азаматтың ауыр халі алдымен отбасына ауыр салмақ екені айтпаса да айқын жайт. Туыстары сотқа арызданып, нақты кінәлілерді жазаға тарты­­луын талап етпек.