Өр Алтайдың тіл үйірер сусыны
Қамбар Исин Топқайың ауылында тұрады. Кеңес кезінде кеңшар жылқысын бақты. Нарық қыспағы келген тоқсаныншы жылдары бие саууды бастады. Алғашқыда үш бие байласа, қазір қырық бие байлайды. Алтайдың саф ауасымен тыныстаған жылқының еті де, сүті де дәрі. Үш биесі үйірлі жылқы болып, жүзден асып жығылған. Күнделікті алты сауыннан 200-250 литр көлемінде қымыз өндіреді. Шөп буыны піскен шақта сегіз сауынға дейін жеткізеді.
– Бүгінде мемлекет тарапынан қымыз саласына қолдау бар. Бұл – елімізде қымыз өндірісін дамыту үшін өте қажет. Былтыр 50 тоннаға жуық қымыз өткізіп, 3 млн. теңгеге жуық субсидия алдым. Яғни, сұраныс бар. Өнімді Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан өңіріне сатамыз. Шетелге де жібереміз, – деді ол.
Қамбар жыл он екі ай қымыз баптайды. Әсіресе, қыста қымыз өндіру қиын. Жылқы – тебіннің малы. Ал сауын бие қар түсе қолға қарап қалады. Алтайдың алты айлық қысында жинаған жем-шөбіңнен бөлек, кенже туатын немесе биесі қысыр қалған тұрғындардың шөбін сатып алып, көктемге іліндіруге тура келеді. Оның үстіне жылқы жарықтықты қанша жемдесеңіз де төрт айдан кейін суалып кетеді.
Катонқарағайда қымызды қызыл қарағайдың қабығымен ыстайтын ерекше дәстүр бар. Мұны Қамбар да қолданады. Қарағай қабығын қайнатып, қып-қызыл сөлімен күбінің ішін жақсылап жуса, сабаны тазалап қана қоймай, қымызға ерекше дәм береді екен. Күбіні Алтайда өсетін балаңшөппен де жууға болады. Төр Алтайдың тіл үйірер тәтті қымызын іздегендер мұнда жиі келеді. Биыл Алтайда көктем кеш шықты. Біз барғанда қымызшы биебауға енді беттегелі отыр екен. Бұлт іркілетін Бүркіт шыңының бөктерінен биебауға 24 гектар жер телімін алыпты. «Өскемен – Рахман қайнары» республикалық тас жолының жиегіндегі қымызшының ақшаңқан киіз үйінде алыстан жеткен жолаушы шөл басады. Топқайыңдық бес тұрғынды жұмыспен қамтып отырған Қамбар шаруашылық іргесін біртіндеп кеңейтіп келеді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы.