Кеше Астанада “Парасат” ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі” АҚ қызметінің шеңберінде іске асырылатын жобалар көрмесі өтті. Оны Премьер-Министр Кәрім Мәсімов арнайы келіп тамашалады. Аталған көрмеде бірнеше жобалармен таныстыру жүргізілді.
“Креминий-Алатау” Қазақстан-Қырғызстан жобасы кремний өндірісін жолға қойып, Қырғызстан аумағында жұқаүлдірлі күн модулдерін жасауды ұйымдастырмақ. Бұл жоба елімізде жоғары технологиялық кремний өнімін алып, оны экспорттауға қызмет етеді. Ал “Атеролид”, “Саусалин”, “Экдифит” фитопрепараттары Қарағанды фармацевтикалық кешеннің үшінші кезегін іске қосқанда өндірістік негізге қойылатын болады.
Холдинг осындай жоғары технологиялық негіздегі басқа да бірқатар жобаларды әзірлеу үстінде.
Көрмені өткізу барысында “Парасат” ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі” АҚ-ның Басқарма Төрағасы Нұралы Бектұрғанов холдингтің қызметі стратегиялық мемлекеттік мақсаттар мен міндеттерге сәйкес іске асырылатын басым бағыттарға қарай бағытталатындығын атап көрсетті.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.