• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Мектеп 31 Желтоқсан, 2024

Қарасай ауданында екі жайлы мектеп есік ашты

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарасай ауданында еңселі екі мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл жаңалық – жергілікті жұрттың қуанышын арнасынан асырып, балалардың жүзін бал-бұл жайнатты. Себебі енді оқушылар сөмкелерін сүйретіп, алысқа сабылмай, заманауи су жаңа мектепте білім алады. Білім шаңырақтарының бірі – Қаскелең қаласының іргесінде болса, екіншісі – Кемертоған ауылында салынған.  

«Біздің болашағымыз – өскелең ұрпақтың уақыт талабына сай терең білім мен тәрбие алуына қолайлы әрі өте әдемі мектептер бой көтеріп жатыр. Биыл облыста «Жайлы мектеп» жобасымен 7 мектеп пайдалануға берілсе, соның 6-уы Қарасай ауданында. Өйткені бұл ауданда халық өте тығыз шоғырланған. Балалар саны жыл сайын артып отырғандықтан, осы ауданда салу жоспарланған. Жайлы мектепте оқушыларымыз жақсы білім алып, оқу мен спорттағы жетістіктерін еселей түсеріне сенімдіміз», деген өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтаған «BI Urban Construction» компаниясының құрылысшыларына Алғыс хаттар табыстады.

Сонымен Қаскелең қаласының іргесінде бой көтерген 1500 орындық мектептің ашылу салтанатынан соң, Кемертоған ауылында да дәл осындай «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша іргесі қаланған ғимарат пайдалануға берілді.

«Облыста үшауысымды оқыту мәселесін жою бойынша биыл 26 мектеп құрылысын бастадық. Оның 10-ы қолданысқа берілді. Кемертоған ауылында да мектеп тапшылығы өте күрделі мәселе болған еді. Енді осы зәулім ғимаратта балалар алаңсыз білім алатын болады. Мұнда инклюзивтік орталық, кітапхана, асхана, шеберхана, мәжіліс залдары, спорт залдары бар. Аймақтағы ауыл мектептеріндегі оқушылардың әлеуеті өте жоғары және оны дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсеткіміз келеді. Екі жылдан бері оқушыларымыз «Ұлттық ауыл мектептерінің» олипиадасына қатысып келеді. Алматы облысы былтыр 32 жүлдемен 2-орын алса, биыл 34 жүлдемен ауыл мектептерінің арасында 1-орынға шықты. Қолданысқа берілген бұл мектепте де біраз оқушылар келесі жылы сол олимпиадаға қатысуға дайын болады деген ойдамын. Бұл нәтижеге бағытталған жұмыстың жемісі», деген облыс әкімі Марат Елеусізұлы ұстаздар ұжымы мен ата-ана, оқушыларды қуаныштарымен құттықтап, табысты болуын тіледі.

Бұдан соң ұлағатты ұстаз, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлтусын Аманкелдіқызы да ізгі тілегін білдірді.

«1500 орындық мектептің нормотивтік құрылыс уақыты 22 ай болса, бұл мектеп көз алдарыңызда 11 айда салынып шықты. Мұндай мектептер шетелдерде жоқ. Техникалық жабдықталуы да өте жоғары деңгейде. Ұл-қыздарыңыздың қалаға барып оқуының қажеті жоқ. Осындай мектептер берілгелі бері балалардың сабақ үлгерімі артқан екен. Оған мектептің техникалық базасының озық технологиямен жабдықталуы себеп. Сондықтан да ауыл халқы үшін зор қуаныш. Бұл – мемлекеттің қамқорлығы», деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов.

Жан жадыратқан жаңа мектепке келген оқушы саны 2500-ге жуықтағаны туралы мектеп директорының міндетін атқарушы Дәурен Болатұлы тілге тиек етті. 1200 орындық Кемертоған орта мектебінде қазіргі таңда 6000-ға жуық бала үшауысымда білім алуда екен. Енді міне, «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, оқушылардың тең жарымы жаңа мектепке ауысып, соның арқасында жүктеме азаятын болады.

Үлкен мегаполистің іргесіндегі ауылда өсім бар. Бүгінгі күні ауыл мектебінде 11-сыныпта 200-ге жуық оқушы бар болса, 2500-ден аса бала бастауышта білім алып жатыр.

Алматы облысы