2014 жылғы 14 қазан, Астана қаласы
«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті» мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы
«Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының ведомстволары туралы» 2014 жылғы 14 тамыздағы №933 және «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір мәселелері» 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 995 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті» мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К.Сейдахметов):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін, бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын, оның ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеу туралы және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жіберу туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және
даму министрінің міндетін атқарушы Ж.ҚАСЫМБЕК.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының
2014 жылғы 14 қазандағы №63 бұйрығымен бекітілген
«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті» мемлекеттік мекемесінің ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (бұдан әрі – Комитет) реттеуші, іске асырылушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ведомствосы болып табылады. Комитеттің Алматы қаласында аумақтық органы бар.
2. Комитет өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілдегі өз атауымен мөрлері мен мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті органдарында және банктерде шоттары бар.
4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.
5. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бұйрықтарда ресімделетін шешімдер қабылдайды.
6. Комитеттің құрылымын, штаттық санын Министрліктің Жауапты хатшысы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму Министрімен келіскеннен кейін бекітеді.
7. Комитеттің толық атауы – «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі.
8. Комитеттің орналасқан орны: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, «Transport tower» ғимараты.
9. Осы Ереже Комитеттің құрылтайшы құжаты болып табылады.
10. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
11. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне шарттық қатынастарға түспейді.
Комитетке заңнамалық актілермен оған табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру бойынша құқықтар берілген жағдайда, онда осындай қызметтен түскен табыс республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттемелері
12. Комитеттің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметін мемлекеттік реттеу және мемлекеттік бақылау және қадағалау;
3) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін оны пайдаланушылардың қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету, адамдардың өмірі немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекет мүдделеріне қауіп төндірмей ұшуды орындау;
4) әуе кеңістігін пайдалану және ұшуды орындаумен байланысты қызметті жүзеге асырудың жалпы принциптерін белгілеу;
5) Қазақстан Республикасының экономика және азаматтардың авиациялық қызметтерге қажеттіліктерін қанағаттандыру.
13. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Министрлік оған жүктеген мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық персоналдың кәсіби дайындығы мен денсаулық жағдайы мәселелері бойынша белгіленген талаптар мен нормаларды қамтамасыз етуін бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
2) азаматтық авиация ұйымдарының азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық нормаларын қамтамасыз етуін бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
3) халықаралық әуе тасымалдарын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
4) авиациялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
5) сертификаттауды және үлгілік сертификатын беруді жүзеге асыру;
6) халықаралық рейстерді қамтамасыз етуге рұқсат етілмеген әуежайлардан (әуежайларға) халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелерін қабылдауға, ұшуға шығаруға және оларға қызмет көрсетуге уақытша рұқсаттарын беру;
7) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін кемшіліктер анықталған жағдайда үлгі сертификатының қолданысын тоқтата тұру;
8) азаматтық авиация саласындағы ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын бұзушылықты есепке алудың жүргізілуін жүзеге асыру;
9) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) сертификаттауды және оның жарамдылығы сертификатын беруді жүзеге асыру;
10) сериялық өндіріске арналған жаңа конструкциялық (жаңа үлгідегі) азаматтық әуе кемесі зауыттық, мемлекеттік және пайдалану сынақтарынан өткеннен кейін оған үлгі сертификатын беру;
11) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде шетел мемлекеттерінің әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (бір жолғы) ұшуына рұқсат беру;
12) азаматтық авиация саласында әуе қозғалысына қызмет көрсетілуін, ұшудың радиотехникалық және метеорологиялық қамтамасыз етілуін бақылауды және қадағалауды, сондай-ақ көрсетілетін қызмет пен оның сапасын тексеруді жүзеге асыру;
13) авиациялық персоналға жататын тұлғаға оның қажетті білімі мен дағдылары бар екенін, сондай-ақ денсаулығының белгіленген талаптарға сай келетінін растайтын кәсіптік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін авиациялық персонал куәлігін беру, куәліктің қолданыс мерзімін ұзарту, қайтарып алу, мұндай куәліктің қолданысын тоқтата тұру, куәлікке біліктілік және арнайы белгілер енгізу;
14) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатын беру;
15) ішкі әуе трассалары, жергілікті әуе желілері, ұшу маршруттары бойынша және әуе трассаларынан тыс халықаралық ұшуды орындауға келісу;
16) авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәлікті беру;
17) ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификаты жоқ әуе кемесіне ұшу сынақтарын жүргізу немесе оның техникалық қызмет көрсетілетін және жөндеу жүргізілетін жерге ұшып баруы үшін арнайы ұшуды орындауға рұқсат беру;
18) халықаралық және субсидияланатын авиамаршруттарға куәліктер беру;
19) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының меншігіндегі азаматтық әуе кемелеріне құқықтарды және аталған әуе кемелерімен жасалатын мәмілелерді, сондай-ақ қайтарылмайтын өкілеттіктерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру;
20) аса жеңіл авиация әуе кемелерінің ұшу жарамдылығына сертификаттауды жүзеге асыру;
21) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген қолданыстағы сертификаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, иеленушілер сертификаттау талаптарын сақтамаған жағдайда сертификаттар беруден бас тарту, қайтарып алу, олардың қолданысын тоқтата тұру;
22) шетел мемлекеті Қазақстан Республикасының азаматына берген авиация персоналының куәлігін не тиісті куәлікті бере отырып, жұмысқа жалдану үшін Қазақстан Республикасына келген шетел азаматының авиация персоналының куәлігін тану;
23) азаматтық әуе кемесін сертификаттауды және оған дана сертификатын беруді жүзеге асыру;
24) сертификаттауды және азаматтық әуе кемесінің ұшу жарамдылығы сертификатын беруді жүзеге асыру;
25) азаматтық әуе кемелерімен әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылықтың жолын кесу;
26) Қазақстан Республикасының әуеайлақтарында қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық емес мақсаттарда халықаралық тұрақты ұшуды орындауға рұқсат ету;
27) егер әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларынан уақытша ауытқу белгіленген ұшу қауіпсіздігі деңгейіне баламалы деңгейі қамтамасыз ететін қосымша шаралар енгізумен өтелсе, мұндай ауытқуларға келісу;
28) авиация персоналына жататын тұлғалардың «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген талаптар мен нормаларды сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
29) шетел мемлекеті берген әуе кемесінің ұшу жарамдылығы сертификатын тану;
30) шет мемлекеттердің әскери құрылымдарын, қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ қосарлы мақсатта пайдаланылатын өнімдерді тасымалдау үшін азаматтық әуе кемесін пайдаланушының халықаралық ұшуына келісу;
31) Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды жоспарлайтын шетелдік тасымалдаушыларды тіркеуді жүзеге асыру;
32) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және (немесе) халықаралық стандарттарды сақтауын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;
33) әуе кемесі, оның құрамдауыштары, қосалқы бөлшектері мен қосымша аспаптары жай-күйінің пайдаланушыға берілген ұшуға жарамдылығы сертификатының талаптарына және ұшуға жарамдылығын айқындайтын пайдалану-техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкестігін бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
34) сертификатталған ең жоғары ұшу массасы бес мың жеті жүз килограмнан асатын ұшақтарды және (немесе) бір немесе бірнеше турбореактивті (турбобұрандалы) қозғалтқышпен жарақтандырылған ұшақтарды пайдаланатын жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға ұшуды орындау құқығына куәлік беру;
35) басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне сәйкес олармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын заңсыз араласу актілерінен қорғауды қамтамасыз ететін заңдардың, қағидалар мен рәсімдердің сақталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
36) авиациялық техника мен оған жерде қызмет көрсету құралдарының ұшу және техникалық пайдалану талаптарына сәйкестігін бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
37) әуеайлақ (тікұшақ айлақ) объектілерінің, қону алаңқайларының күтіп-ұсталуын және «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) 9) және 10) тармақшаларында көзделген әуежай қызметінің сапасын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
38) азаматтық авиация әуеайлағы ауданында объектілерді таңбалаудың жүзеге асырылуын бақылауды жүзеге асыру;
39) азаматтық әуе кемесі данасы конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігі куәлігін беру;
40) азаматтық әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
41) азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру;
42) әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының экспорттық сертификатын беру;
43) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету бағдарламасын (регламентін) бекіту;
44) азаматтық әуе кемелерінде орнатылған радиомен хабарлау аппаратурасын пайдалануға рұқсат беру;
45) азаматтық авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын), бірлесе пайдалану және бірлесіп орналасу әуеайлақтарын есепке алуды жүзеге асыру;
46) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексерулер ұйымдастыру жөніндегі сертификатын беру;
47) авиациялық оқу орталығының сертификатын беру;
48) азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымның сертификатын беру;
49) әуежайдың және Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелері мен Қазақстан Республикасының әуежайларына тұрақты ұшуды орындайтын шет мемлекеттердің әуе кемелерін пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаларын келісу;
50) азаматтық және эксперименттік авиацияның әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылықтарды есепке алуды жүргізу;
51) азаматтық әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру;
52) мүдделі мемлекеттік органдар арасында авиациялық қауіпсіздік саласындағы қызметті үйлестіруді жүзеге асыру, азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу әрекеттерін тексеруде мемлекеттік органдарға жәрдемдесу, олардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;
53) сертификаттауды және әуе қозғалысына қызмет көрсететін органның және (немесе) аэронавигациялық ұйымның радиотехникалық жабдық пен байланысты пайдалану қызметінің сертификатын беруді жүзеге асыру;
54) азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы ұшудың іздестіру-құтқарушылық және апаттық-құтқарумен қамтамасыз етілуін бақылауды жүзеге асыру;
55) авиациялық оқыту орталықтары және азаматтық авиация ұйымдары әзірлеген авиациялық персоналды кәсіптік даярлау бағдарламаларын келісу;
56) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес астананың және астаналық әуежайдың үстіндегі әуе кеңістігін пайдалану тәртібін белгілеу;
57) жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуін тұрақты қадағалауды жүзеге асыру;
58) қызметі сертификатталуға жатпайтын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін бақылауды жүзеге асыру;
59) тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жыл сайынғы бағдарламаны қабылдау;
60) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының негізінде әзірленген шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерін перрондық тексерудің тексеру парақтарының нысанын бекіту;
61) азаматтық авиацияның пайдаланушылары мен ұйымдарының қаржы-экономикалық жағдайы туралы ақпараттың нысанын бекіту;
62) шетелдік пайдаланушының азаматтық әуе кемесін перрондық және жоспардан тыс перрондық тексеруді жүзеге асыру;
63) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
14. Комитеттің құқықтары мен міндеттемелері:
Комитет:
1) азаматтық авиация ұйымдарының лауазымды адамдарынан және пайдаланушылардан ақпаратты, құжаттарды сұратуға, сондай-ақ оларды ұсыну мерзімдерін белгілей отырып, өз функцияларын орындау үшін қажетті түсіндірмелер мен материалдарды талап етуге;
2) әуе кеңістігін пайдалану, әуе қозғалысын және азаматтық және эксперименттік авиация қызметін ұйымдастыру мәселелерін реттейтін жаңа және қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;
3) азаматтық авиацияны дамыту, оларды іске асырудың ұйымдастыру және қаржылық механизмдері, азаматтық авиация саласының дамуына инвестициялар тарту үшін жағдайлар мен басымдықтар қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізуге;
4) Комитеттің және оның аумақтық органының мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның ұшуға рұқсаты бар лауазымды тұлғалары өз қызметтік міндеттерін орындаған кезде әуе кемесінің кабинасында, ондай рұқсаты жоқ адамдар - бос орын болған кезде әуе кемесінің пайдаланушыларымен келісім бойынша әуе кемесінің жолаушылар салонында болуға құқылы;
5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.
15. Комитеттің міндеттемелеріне мыналар жатады:
1) Комитетке жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, құқықтары мен заңда қорғалатын жеке жне заңды тұлғалардың мүдделерін сақтау;
3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер даярлау;
4) өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде ол туралы Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және мемлекеттік органдар ресми сұрау салған жағдайда қажетті материалдар мен анықтамаларды ұсыну;
5) Комитеттің теңгерімінде тұрған мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету;
6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізу;
7) белгіленген мерзімде Министрлікке бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасау және ұсыну;
8) Комитетке бөлінген бюджеттік қаражаттың толық, уақтылы және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу.
3. Комитет қызметін ұйымдастыру
16. Комитетті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын төраға басқарады.
17. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
18. Комитеттің төрағасы Министрліктің басшылығына Комитеттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныс енгізеді.
19. Комитеттің төрағасы Комитеттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.
20. Комитет төрағасы өз құзыреті шегінде:
1) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің және Алматы қаласы аумақтық органы басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;
2) өз құзыреті шегінде бұйрықтарды шығарады;
3) Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын еңбек қатынастары мәселесі заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
4) іссапарлар, еңбек демелысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау) біліктілікті арттыру, көтермелеу, үстемақылар төлеу және сыйақылар беру, сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;
5) Комитеттің мүдделерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда білдіреді;
6) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
7) сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына себеп болатын іс-қимылдар белгіленген жағдайда ол туралы Министрліктің басшылығын хабардар етеді;
8) Комитет қызметкерлері мемлекеттік қызметкердің қызметтік этика нормаларын сақтауын қамтамасыз етеді;
9) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдауға жеке жауапты болады;
10) республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына және мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметті іске асыруға жеке жауапты болады;
11) оның құзыретіне кіретін басқа мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
Комитет төрағасының өкілеттігін орындауды, ол болмаған кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның міндетін уақытша атқаратын адам жүзеге асырады.
21. Комитет төрағасының орынбасары:
1) өз құзыреті шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіреді;
2) Комитеттің төрағасы жүктеген өзге функцияларды жүзеге асырады.
4. Комитеттің мүлігі
22. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлігі болады.
Комитеттің мүлігі мемлекет берген мүлік есебінен қалыптасады, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге мүлік есебінен құралады.
23. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
24. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өздігінен иеліктен шығармайды немесе өзге де жолдармен билiк етпейді.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
25. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылғы 21 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №9814 болып енгізілді.