Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова мен Қазыбек Әлішев «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған балалар футбол академиясына барып, жаттықтырушылар құрамымен, жас спортшылармен кездесті, деп жазады Egemen.kz.
Заманауи стандарттарға сай салынған академияда футболшылар жыл бойы жаттығатын үлкен жабық манеж бар. Сондай-ақ ғимаратта жаттығу залы, оңалту және емдеу-сауықтыру кабинеттері қарастырылған. Қазіргі таңда академияда 6 мен 18 жас аралығындағы мыңға жуық бала футболдың қыр-сырын үйреніп жүр. Күніне екі рет жаттығады.
Жұлдыз Сүлейменова жаттықтырушылармен әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында депутаттарға спорт саласындағы заңнаманы жаңартуды тапсырғанын еске салды. Президент өз сөзінде бұл түзетулердің жаңа чемпиондар буынын дайындауға негіз болатынын ерекше атап өткен еді. Былтыр қараша айында Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған болатын.
«Бұл заң жобасы спорттың басым бағыттарын анықтаудан бастап, спортшыларды дайындау стандарттарын жетілдіруге дейінгі бірқатар өзекті бастаманы қамтиды. Ол бұқаралық және балалар спортын дамытуға серпін береді. Балаларымыз – еліміздің болашағы. Ал бұл футбол академиясы – жасөспірімдерді тәрбиелеп, олардың тәртіп пен жауапкершілігін нығайтатын ерекше орта», деді Ж.Сүлейменова.
Қазыбек Әлішев балаларды спортқа белсенді тартудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл олардың денсаулығы мен ерік-жігерін нығайтып қана қоймай, оларды жаман әдеттен сақтауға көмектеседі.
«Біздің қоғам нашақорлық, лудомания, әлеуметтік желі мен интернетке тәуелділік сияқты зұлымдық түрлерімен күресетіні жасырын емес. Мәжіліс депутаттары мемлекет, ата-аналар, бизнес сенім арта алатын заңнамалық база құрады. Спортпен айналысу арқылы бала зиянды әдеттерден аулақ болады әрі пікірлес адамдар ұжымында қолдау мен мотивация табады. Бұл – энергияны дұрыс бағытқа бағыттаудың ең тиімді жолы», деді депутат.
Бұқаралық спортты дамыту «АМАNАТ» партиясының басты назарында. Өткен жылы Ақтөбе облысында партияның сайлауалды уәделері аясында Алға ауданы Бестамақ ауылында және Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылында спорт кешендері пайдалануға берілді. Ырғыз ауданы Ырғыз ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.