Лисаков қаласында көпбалалы алты отбасы баспаналы болды. Шағын қалада халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 19 пәтер сатып алынды.
Тұрғындарға пәтер кілттерін қала әкімі Абай Ыбыраев табыс етті. «Бұл жолы алты көпбалалы отбасыға үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстағалы тұрмыз. Біз бірінші шағын аудандағы әкімшілік ғимаратты 21 пәтерлі үйге айналдырдық. Оған тұрғын үй кезегінде тұрған бюджет қызметкерлері қоныстанды. Сондай-ақ медицина, спорт қызметкерлері мен педагогтерге берілді. Ендігі екі бөлмелі үш пәтер тұрғын үй кезегіне қарай, ата-анасыз балаларға берілетін болады. Қазір «Қазақстан» тұрғын үй компаниясымен бірге бес қабатты алпыс пәтердің сметалық құжатын әзірлеп жатырмыз», деді әкім.
Баспана қуанышына ие болғандардың ішінде бес баланың анасы Валерия Фризен де бар. Бір жарым жыл үй кезегінде тұрған көпбалалы ана қала басшылығына, құрылысшыларға жүрекжарды алғысын білдірді. «Жолдасым жұмыс істейді. Өзім бала тәрбиесімен айналысамын. Алтыншы сәбиімізді күтіп отырмыз. Бұған дейін пәтерден пәтерге көшіп, жалдап жүрген едік. Қуанышымызда шек жоқ. Тұңғышымыз – тоғыз жаста, кенже баламыз бір жарым жаста», дейді Валерия Фризен.
Лисаков тұрғыны Ақтоты Мағзұмова да 85 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтердің кілтін алды. «Жолдасым екеуіміз төрт бала сүйіп отырмыз. Кезекке тұрғанымызға бір жылға жеткен жоқ. Өте қуаныштымыз. Бұған дейін енемнің қолында тұрып келдік», дейді көпбалалы ана.
Бүгінде Лисаков қаласында 570 тұрғын пәтер кезегінде тұр.
Қостанай облысы