Осы жылдың 13-23 қаңтар аралығында Италияның Турин қаласында XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиада өтеді, деп жазады Egemen.kz.
Әлемдегі ең ауқымды студенттік спорттық додада Қазақстанның мемлекеттік туын фристайлшы Аяулым Әмренова мен хоккейші Абылайхан Сүлейменов алып шығады.
Аяулым Әмренова – фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі. Оның қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдары бар. Сондай-ақ ол Қазақстан атынан 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен екі Олимпиада ойындарына қатысқан.
Абылайхан Сүлейменов – отандық хоккейдің жарқын жұлдызы, «Номад» командасының ойыншысы. Ол жастар лигасы, төрт ұлттық турнир, Қазақстан кубогы, Континенталь кубогы, сондай-ақ, АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиадаға қатысқан. Сол универсиадада Қазақстанның хоккей құрамасы үшінші орынды иеленген еді.