Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болды. Оған палаталар төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қабиболла Жақыпов қатысып, регламент бойынша отырысты Мәжіліс Төрағасы жүргізіп отырды.
Бекітілген күн тәртібі бойынша бірінші мәселе болып «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі» тақырыбында Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Роговтың жолдауы тыңдалды. Ол өзінің сөзін биыл Ата Заңымызға 20 жыл толатын мерейлі жыл екенінен бастады. Ал жолдауында конституциялық дамудың негізгі қорытындылары, Конституциялық Кеңестің қызметі, конституциялық құрылыс негіздерін іске асыру бойынша оның құқықтық ұстанымдары мен ұсынымдары, сондай-ақ, жаңа заңдарды қабылдау, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы оның шешімдерін жүзеге асыру және конституционализмді одан әрі нығайту жолдары айтылды.
Қоғамдық өзгерістер еліміздің тұрақты дамуының маңызды құралы бола отырып, Конституция қоғамның даму деңгейі мен қажеттілігіне сәйкес жаңғыртылады, дей келіп, И.Рогов оған осы мақсатпен 1998 жылғы қазанда, 2007 жылғы мамырда және 2011 жылғы ақпанда өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін еске салып өтті. Сол арқылы Ата Заңның тұрақтылығы мен серпінділігі арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізілді, оның жасампаз мүмкіндігі барынша ашылды, азаматтар мен мемлекеттік органдарда оның қажеттілігі арта түсті, деді Конституциялық Кеңес Төрағасы.
Конституцияға сәйкестігін саралау үшін Кеңеске барлығы 200-ге жуық заңнама түскен екен. Олардың 21-і Елбасынан, 77-сі Парламент палаталарының төрағалары мен депутаттарынан, 27-сі Премьер-Министрден және 66-сы соттардан. Соның бәріне тиянақты сарап жасалып, 140-тан артық нормативті қаулылар қабылданыпты. Кеңеске түскен барлық өтініштің 27-сі Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеруге бағытталған. Бүгінге дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Кеңестің 18 жолдауы жария етіліп, адамдардың құқықтарын қорғау, заң шығармашылығы қызметін жетілдіру, әкімшілік реформалар мен конституциялық реттеудің басқа да салалары туралы мәселелер көтерілген.
Сөзінің соңында Конституциялық Кеңестің Төрағасы Ата Заңның әлеуетін одан әрі тиімді пайдалану, конституционализмді дәйектілікпен орнықтыру, Қазақстанды қалыптасқан, қуатты, табысты, азаматтық қоғам құндылықтарын ұстанған және әлемдегі 30 үздік мемлекеттің қатарына кіруші мемлекет ретінде нығайту жолындағы мақсатқа жетуімізге сенім білдіретінін атап өтті.
Бірлескен отырыс Конституциялық Кеңес Төрағасының жолдауы бойынша қаулы қабылдап, күн тәртібіндегі екінші мәселені қарауға кірісті. Ол Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөніндегі мәселе болатын. Бұл мәселе бойынша Қаржы министрі Б.Сұлтановтың, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қ.Жаңбыршиннің баяндамалары тыңдалды. Қосымша баяндаманы Мәжіліс атынан Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Қ.Ыдырысов, ал Сенат атынан Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы, депутат Е. Астаев жасады.
2014 жылдың қорытындысы бойынша бюджет кірістері 5 908, 8 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде салықтық түсімдер 3 666 млрд., салықтық емес түсімдер 131,7 млрд., негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 7,7 млрд., трансферт түсімдері 2 103,4 млрд. теңге болған. Ал шығыстар 6 471, 2 млрд. теңге. Бюджет тапшылығы – 1 081,3 млрд., бюджет тапшылығын қаржыландыру 1 081,3 млрд. теңге шамасында болған.
Мәселені талқылау барысында қос палата депутаттары В.Рогалев, Е.Нығматулин, Ж.Дүйсебаев, О.Перепечина, Г.Исімбаева, М.Тағымов, Е.Никитинская, Е.Мұқаев өзекті сұрақтарды алға тартты. Соның ішінде депутат Ж.Дүйсебаев Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековке 210 мың тонна етті жыл сайын Беларусь, Бразилия және т.б. елдерден сатып алудамыз. Жағдай осындай болып отырса, 2016 жылға дейін ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға дейін жеткізу туралы Елбасының тапсырмасын қалай орындаймыз, деді. Сонымен қатар, ол мал өнімдерін дамыту үшін жем-шөп қорын құру керектігін айтты. Ал біз миллиондаған гектар жайылымдарды тиімді пайдалана алмай отырмыз. Оның нақты себептерінің қатарында суландыру проблемаларының шешілмегендігі бар. Осы мәселені шешуге министрлік келешекте нақты қандай шаралар қолданбақшы, деді Ж.Дүйсебаев.
Министр жыл қорытындысы бойынша сиыр етінің импорты ішкі қажеттіліктің 4 пайызын құрайтынын айтты. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 5,8 пайыз болған. Жалпы ет өндірісі былтыр 6 пайызға артқан. Ал ет экспорты 6 мың 272 тонна болған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 23 есе артық. Сол, 2013 жылы бар-жоғы 265 тонна ғана болған екен. Сонымен қатар, министр еттің басқа түрлері бойынша да өсім бар екенін атап өтті. Соның ішінде қой еті 4 пайызға, жылқы етін өндіру 3 пайызға артқан.
А.Мамытбеков екінші сұраққа жайылымдарды суландыру бойынша жаңа субсидия түрінің ашылғанын жеткізді. Осы субсидия бойынша жайылымдарды суландыру шығыстарының 80 пайызын мемлекет өтейді екен. Осының арқасында көптеген жаңа құдықтар, скважиналар қазылуда, деді министр. Ал қаралған мәселелер бойынша депутаттар Т.Ыбыраев, Е.Сағындықов, В.Косарев, М.Бортник, А.Перуашев өз ойларын ортаға салып, қаулы қабылданды.
Бірлескен отырысқа шығарылған үшінші мәселе: бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті төртінші сессиясының жұмысын ұзарту туралы еді. Бұл туралы сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов қазіргі кезде Парламент алдында жұмыс көлемі көбейіп отырғанын айтты. «Бұл біздің басқа мемлекеттік органдармен үйлесімді түрде жұмыс істеуімізді талап етеді. Осыған орай, біз уақытты ұтымды пайдалану үшін Парламент сессиясының уақытын ұзарту мүмкіндігін қарастырдық. Қазақстан Республикасы Конституциясы 59-бабының 3-тармағында Парламенттің кезекті сессиясы жылына бір рет қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі деп белгіленген. Алайда, Конституцияда көрсетілген мерзімді өзгертуге тыйым салатын норма жоқ». Осылай дей келіп, Қ. Жақыпов:
– Конституциялық Кеңестің аталған Конституция нормасына берген ресми түсіндірмесін негізге ала отырып, бесінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясын 2015 жылғы 15 шілдеге дейін ұзартуды ұсынамыз,–деп түйіндеді. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, арнайы қаулы қабылданды.
Бірлескен отырыс жұмысына Премьер-Министр, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, ел Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».