• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2015

Дос толғауы

560 рет
көрсетілді

«Дос таппаған ер азар, басшы бақпаған ел азар», – деген екен Мұхтар Әуезов.  Дос! Үш-ақ әріптен тұратын құдіретті сөз астарында қандай мағына, қанша тағдыр тұр десеңізші! Алғашқы таныстығымыз  Украинадағы Днепродзержинск қаласының сол кездегі №8 техникалық училищесінде басталған еді. Оқуға келген 67 жас негізінен ауылда дүниеге келіп, ауылда өсіп, ауыл мектебінде білім алғандарға жатамыз. Шынын айтсам, көбіміздің орыс тілін білу деңгейіміз төмен еді. Ал Нұрсұлтан болса, сол кездің өзінде екі тілде бірдей сөйлейтін. Осы ерекшелігінің өзі-ақ сонау орыс тілді ортада басқаларымызға қарағанда, оның шоқтығын  биіктетіп тұратын. Училищедегі бірінші күннен бастап Нұрсұлтанның ашық мінезі, ортаны дереу игеріп алатын шешендігі мен көрегендігі, ұйымдастырушылық қасиеті айқын байқалып, ұзамай-ақ топ старостасы, комсомол ұйымының жетекшісі сияқты қоғамдық лауазымдарға жеткізді. Нұрсұлтанның бір жақсы қасиеті, бір тірлікті бастады ма, түбіне жетпей тынбайтын. Ол классикалық күрес секциясына қатысып, бес-алты айдың ішінде осы спорт түрінен 1-разрядты спортшы нормативін орындап, өзінің қайсар мінезін танытты. Сол кездің өзінде-ақ оның біліміндегі, мінезіндегі қалыптасқан жақсы жақтары мен жас та болса өмірден көргені көп болғандығынан ба, адами тұғыры бізге қарағанда биіктеу көрініп тұратын. Нұрекеңнің  халықпен болған сұхбатында бір көрерменнің достар туралы қойған сұрағына, ол кісі: «Жастық шақтан келе жатқан екі-үш досым бар, олардан басқа нағыз шындықты маған кім айтады?» – деген мағынада жауап қайтарды. Меніңше,  мұндай сөз Мемлекет басшысы лауазымындағы адамдар арасынан тек  достыққа адалдығы берік азаматтан ғана шығады. Иә, тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес. Халқымыз бостандықты аңсап, тәуелсіздікке зарығып жетті. Осы күнге дейін бастан кешкен оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістерінің тарихымыз-да өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталды. Елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау жолында хан-сұлтандар, батырлар жандарын шүберекке түйіп жүріп, талай ерлік істер жасады. Дәл сондай хас батырлардың, топ бастаушының әрекетін жасау жаңа заманда Нұрсұлтанның маңдайына жазылыпты. Оның осыған лайық екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ, оның арғы жағына тереңірек үңіле қарасақ, Нұрсұлтанның ел сенімін ақтау жолында  бойындағы бүкіл күш-қуатын паш етіп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, қаншама ауыр күндерді бастан кешкенін біреу білсе, біреу білмес. Болашақ ұрпаққа, жастарға осы ойды саналарына үлгі есебінде сіңірсе екен деген ниетпен әдейі жазып отырмын. Ол қандай ой? Менің пайымдауымша, тарихи қиын-қыстау кезде бір халықтың тағдыры қолында тұрған Елбасының  арқасын кеңге салуы, аяғын алшақ басуы, уайымсыз жүруі мүмкін емес. «Уайым – ер қорғаны» деп Абай сондықтан айтқан. Алланың оған берген ел басқару бақытына қарағанда, алыс-жақын шетелдерде бастары домалап, қырылып жатқан, жұмыссыз қаңғырып жүрген өзге ел азаматтарын көргенде, дәл бүгінгідей бейбіт өмірде «тәубе, шүкір» деуге толық татитын тіршілік етіп жүрген  біздер бақытты емеспіз бе?!  Нұрсұлтанның «Ел тыныштығын қалай сақтаймын?» деген ішкі арманын саналы азамат қана түсінер?! Халық даналығында «Қаншалықты артқа зер салсаң, қазіргіні бағалап, болашағыңды көре аласың» деген сөз бар.  Әркез біз тарихымызды еске алған жағдайда ғана, бүгінгі күнмен салыстыра отырып, қадіріне жетерміз-ау деймін. 1990-шы жылдары Қазақстан өндіріс орындары ауыр жағдайда, тарихы өшу алдында, ең бастысы, ана тілі құрып бара жатқан республика еді. Шекара шеңбері дұрыс сызылмаған, өз Қарулы Күштерінің және ұлттық валютаның  болмауы, мемлекеттік биліктің бұлыңғырлығы қазақ мемлекетінің аяғынан нық тұруына кері әсерін берген еді. Қысқаша айтсақ, егемендік қолымызға «Советтер Одағы» деп аталатын ұлы державаның қаңқасында тиген еді. Билік Жоғарғы Кеңестің 360 депутатының қолында болған. Жастары, мамандықтары, әлеуметтік-саяси бағыттары әртүрлі азаматтар. Нарықтық экономиканы түсіну және мемлекет басқару тәжірибесі де шамалы еді. Аяғын енді басқан мемлекетке елім деп езілетін ердің ең қажетті сәті туды. Сөйтіп, сондай ауыр күндері халықтың қалауымен Нұрсұлтан Әбішұлының  кандидатурасын қолдау ел үшін оңынан туды. Алғыр ойымен, көрегенділігімен халқының қолдауымен болған Президент «...барлық қиыншылықтарға төтеп беру үшін құқықтық тұрғыда жақсы жасақталған Үкімет пен жергілікті басқару орындары болмай, ең бас­тысы, егемендігі енді ғана қолына тиген  мемлекеттің тұрақты дамуы үшін көпұлтты  Отанымызда ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтай алатын ұйымдастырушылық тәсілдерді өмірге әкелмей, жеңіс пен жетістіктерге жету мүмкін еместігін» толық түсінген еді.  Ұзақ ойланып жатпай, тарихи аз уақыттың ішінде қыруар шаруларды да іске асырды емес пе?! Кейбіреуін еске түсірейікші: 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылдануы, 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуы, 1991 жылы 10 желтоқсанда «ҚазССР» атауы «Қазақстан Республикасы» болып өзгертілуі, 1991 жылы 16 желтоқсанда  «ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдануы, 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан БҰҰ-на мүшелікке қабылдануы, 1992 жылы 4 маусымда өзіміздің төл мемлекеттік Туымыз,  Елтаңбамыз және Әнұранымыздың бекітілуі, 1992 жылы 29 қыркүйекте Алматыда Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы өтуі,  1993 жылы 28 қаңтарда алғашқы Ата Заңның қабылдануы, астананы Ақмолаға көшіруі,  1998 жылы 10 маусымда  Астананың халықаралық тұсаукесері болуы және тағы басқа тарихта ойып тұрып орын алатын, атқарылған шаруалар Нұрсұлтанның еліне аянбай еткен еңбегінің  көрінісі дер едім. Бүгіндері Қазақстан азаматының бостандығы мен құқығы оның ұлтына, дініне, қоғамдағы жағдайына қарамастан, жаңартылған заңдар аясында еліміздің барлық азаматтарына бірдей саналып, қорғалады емес пе?  Мұндай жағдай әділдік  тұрақтылығы мен ұлттың рухани дамуына кепіл бола алады. Әрине, мемлекет пен ұлт егіз ұғым. Бұның саяси-құқылы мағына және пішін екені де рас. Сондықтан азаматтардың татулығын тұрақты сақтап отырған ол түсінік біздің елімізде «бірлік» деген сөзбен тұрақтанды. Нұрекеңді жарты ғасырдан артық білетініме мақтанамын.  Сондықтан да шығар, оның бет алған бағытындағы мақсатына жетпей тоқтамайтын қасиетін сеніммен айта аламын. Халқы үшін армандаған армандарын, өзі арнайы құрған және тікелей басқарған конституциялық комиссияның аянбай атқарған жұмысының нәтижесінде өмірге келген  Ата Заңымыздан көруге болады. Бірде: «Еліміз 20 жылдан аса егемендік пен саяси тұрақтылықты сақтау үшін аянбай еңбек етті. 20 жыл өткен соң мақсатымызға жеттік. Ал осы жылдарда қаншама жұмыс жасалды. Сөйтіп, басқан қадам сәтті болды. «2030» Стратегиясында көрсетілген басты тапсырмалар орындалды, ал басқалары орындалу үстінде», деп еді Елбасы. Бағалай білсек, «2030» Стратегиясының өзі ғана баға жетпес жетістік және тәжірибе емес пе?  Бірақ осы қол жеткізген мақсатымыздың» әрі қарай жемісін көру, дәмін тату 2050  Стратегиясын іске асыруға  тікелей байланысты болады. Елінің болашағына жаны ашыған әрбір азамат осыны түсінуі тиіс. 2050 Стратегиясының  кірпішін қалауға атсалысу – қазіргі кездегі қоғамдағы жағдайдың байы­бына бара білу. Мемлекетіміз болашаққа барлай қарап, дамуды бұлжымас дәстүрге айналдырғанын Нұрсұлтанның жыл сайынғы Жолдаулары  айқындай түседі. Президент сіз бен бізді әрдайым жыл сайынғы Жолдау мазмұнына ден қоюға шақырады. Бұл жолы да «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын Елбасы ең алдымен мемлекетіміздің болашақ иесі – жастарға арнап отыр.  Президент өз сөзінде: «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер», – деген еді. Мемлекет өз тарапынан жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, қалаған мамандығын  игеруге, алға қойған арман-мақсаттарын іске асыру үшін бар жағдайды жасап отыр. Сөзім дәлелді болу үшін  әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университетті, Назарбаев зияткерлік мектептерін, «Бо­лашақ», «Балапан» бағдарламаларын айта аламын. Нұрсұлтан – Ұлы Отан соғысы басталар алдында дүниеге келген, ауылдан шыққан қазақтың қарапайым баласы. Оның қандай қиындықтарды бастан кешкенін «Елбасы жолы» киноэпопеясынан-ақ көз жеткізуге болады. Тап сол өнер туындыларында оның сәби кезінен-ақ, өзге ұлт өкілдерімен бауырмалдылығы суреттелген. Мүмкін балалық шақтағы «бауырым» деген өшпес сезімі болар, мүмкін елінің тыныштығын ойлаған болар, Нұрсұлтан өзге ұлт өкілдеріне деген құрметін бөлекше қадірлейді. Ауыл деп соққан жүрегі ешқашан ондағы ағайындарды ұмытпай, ауыл шаруашылығының өркендеуі әркез назарында тұрды. Қомақты қаражат бөлінуіне зер салды. Осыған байланысты жақында ғана, сәуір айында «Еңбек еткісі келетіндер үшін қалада да, ауылда да барлық жағдай жасалған. Республиканың барлық облыс орталықтары түрлене түсті, аудан орталықтары жүйелі дамып келеді. Бұл салада өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуға, сәйкесінше, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді», – деді  ол. Тәуелсіз елдің тілі де тәуелсіз болғаны дұрыс. Қазақ тілінің тәуелсіздігі – ел болашағы. Осыны ешқашан есінен шығарып көрмеген Елбасы ана тіліміздің стратегиялық маңызға ие екенін әрдайым тіліне тиек етті. Нұрсұлтан мемлекетіміздің ең қиын кезеңдерінде де елді ұйыта білді, ертеңіне күдіктене қараудан арылтты. Ашығын айтқанда, өз сөзінде тұрып, халықты қиын-қыстау кездерден алып шықты. Елде тыныштық бар. Өзге ұлттарға жағдай жасалынған. Күннен-күнге Тәуелсіз Қазақ елі өзінің экономикасын, әлеуметтік саласын өркендетуде. Мәдениеті, білімі, ғылымы даму үстінде. Оған мемлекеттік қолдау да жасап жатыр. Бұл – үлкен қамқорлық. Жай әншейін ғана айтыла салған әдемі сөз емес! Жоғарыда біраз дәйектер келтірдім.  Елді басқаруда бай тәжірибеге ие.  Жалғыз біздің ғана емес, өзге елде жалпы әлемде абыройы, беделі жоғары екенін бәріміз де көріп жүрміз.  Қазақ елінің жарқын болашаққа деген таңдауын тас­тай бекіту жолында халықаралық қатынас тұрғысында да қыруар істер атқарылды.    Атап айтқанда, алғаш тәуелсіздігімізді мойындаған Түркия елі,  Вашингтон,  Мәскеу,  Брюссель,  Лондон,  Бейжің,  Каир,  Тегеран,  Ташкент,  Бішкек және тағы да басқа мемлекеттердің  астаналарына ресми сапарларға барған қорытындыларынан және аймақтарда атқарылып жатқан игі істерден көруге болады. Сөйтіп, Нұрсұлтан Қазақ елінің әлемнің жетекші державалары, көршілес ТМД мемлекеттері арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді деуге болады. Жақында өткен саяси науқанның да еліміз үшін орны ерекше. «Нұрсұлтан!» деп, сайлауға дауыс беруге бала-шағасымен келген халықтың оған деген құрметін байқауға болады. Сайлау қорытындысынан кейін халықтың оған деген кіршіксіз сеніміне бәріміз куә болдық. Бұған қатысты: «Қазақ елі бір орында табандап тұрып қалмай, алға жылжуы керек. Тоқтап қалуға болмайды. Тоқтап қалған су бұзылады, бір орында табандасақ, арттағылар озып кетеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасы халық тарапынан қызу қолдау тапқанын біліп отырсыздар. Санаулы күнде маған осы мәселе жөнінде мыңдаған хаттар келіп түсті. Құзырлы органдар бұл бастаманы ел заңнамасына сәйкес деп тапты. Сонымен, 26 сәуірде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлығым осыған жауап болды. Бұны Отанымызда бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, біздің бағытымызды жалғастыруға деген жалпыхалықтық ұмтылыс пен дәлел деп білуіміз керек», – деді қаншама сынақтардан абыроймен өткен Елбасы. Жалғыз Нұрсұлтанның ғана емес, бүкіл ел-жұрт болып, қаншама қиыншылықтарға төтеп бере алған, бірлігін сақтай білген дана қазақ халқының да қайсарлығын атап өтпеске болмас. Міне, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Ел және Елбасы болып осындай шуақты күнге де жеттік. Нұрекеңнің басшылығымен Қазақ елі талай асулардан асты. Бұл жол бабалар бұрын жүрмеген соқпағы көп жол еді. Бірақ Елбасы осының бәрінен жол тауып, қазіргі қиындықтарды дер кезінде сезе де, көре де білді. Оның айғағы – «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жаңа Экономикалық Саясаты. Байтақ елді мекендеріміздің бір-бірімен байланысын нығайтып, халқымызға жаңа тыныс-тіршілік әкелетін саясат. Жұмыссыздықпен күресуге арналған саясат. Біз енді тек мұнайға ғана сүйенбей, экономиканың жаңа қырлары мен мүмкіндіктеріне басымдық бере бастадық. Осыны орындау – мақсатымыз. Жай сөз ретінде ғана емес, нақты істі жүзеге асырсақ. Жемісті қорытындысын ертең ел көрсе, бұл да бір «Нұрлы Жол» саясатының іске асқаны, Нұрсұлтанның бір арманы орындалғаны деп түсінемін. Әрине, Елбасының Қазақ елі үшін атқарып жатқан қызметі қыруар. Оны жазып, газет бетіне сыйдыра алмаспыз. Сонда да болса,  «Бүгінгі күн –  ертеңгі тарих» деген қанатты сөз бар. Сол бір әдемі қанатты сөз жастарға, болашақ ұрпаққа Нұрсұлтанның жасаған еңбектері болашақ ұрпақтың санасына сәуле болып түссе деген ойым еді. Мақсұт НӘРІКБАЕВ,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор.