«ҚазЖеңілӨнеркәсіпАлматы» киім фабрикасының бөлімшесі саналатын «Алатау» ЖШС Жамбыл ауданындағы өнеркәсіптің өрісін кеңейтіп отыр. Іске қосылғанына екі жылға жуықтаған кәсіпорын жұмысы уақыт өткен сайын қарқын алып, отандық тігінге тапсырыс көлемі артып келеді. Кәсіпорынның тігін машиналарымен жабдықталуына бастапқыда 230 млн теңге инвестиция тартылған. 30 шақты адамды еңбекпен қамтыған тігін цехында бүгінде 100-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – Ұзынағаш ауылының тұрғындары.
– Еңбекке ебі бар қыз-келіншектерді компания өкілдері дайындық курсынан өткізіп, тігін машинасының тілін үйретті. Содан соң технологтер көмегімен өндіріс үрдісін игертті. Нәтижесінде, олар тез арада ісмерлік шеберліктерін шыңдап, заманауи құрылғыларды емін-еркін игеріп алды, – дейді тігін цехының шебері Зулфия Садырниязова.
Оның айтуынша, еңбекақы әркімнің нақты орындаған жұмыс көлеміне қарай төленеді. Тапсырысты жылдам әрі сапалы атқарған тігіншілердің алды айына 400 мың теңгеге дейін табыс табады екен. Он саусағынан өнер тамған тігіншілер орналасқан цехтың жұмысы қат-қабат.
Арнайы өлшеммен пішіліп, кесіліп келген киім бөлшектерін бір-біріне жалғай тігіп, тынымсыз еңбек етіп жатыр. Табыс көлемін ұлғайту үшін өнімді еңбек қажеттігін жете сезінетін қыз-келіншектер уақытты ұтымды пайдалануға төселген.
– Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан гвардиясы және шекара қызметкерлеріне, сондай-ақ теміржол саласының мамандарына арнаулы киім түрлерін тігетін кәсіпорын еңбеккерлері өздеріне алған міндеттерін абыройлы атқарып, 2024 жылды табыспен аяқтады. Кәсіпорынның жоғары сапалы киімдеріне елімізбен қатар, Ресейден тапсырыс түсіп, оны да жеткізіп бердік. Былтыр желтоқсанда Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен 58 мың дана трикотаждық киім жиынтығын тігіп бітірдік. Мемлекеттік тапсырысты уақтылы аяқтау үшін күніне 2 500 дана киім жиынтығы тігілді. Енді бас киімдерді тігуді бастап кеттік, – дейді «Алатау» ЖШС өндіріс басшысы Мұхамбетқали Сабыров.
Еңбек ұжымы өткен жылдың соңында өндіріс аясын кеңейту мақсатында аяқ киім тігетін цехты іске қосты. Алғашқы күннің өзінде 20 жұмысшы 1 620 пар аяқ киім тігіпті. Тәулігіне 2 000 дана аяқ киім тігуді жоспарлаған кәсіпорынның бұл бөлімінде де жұмыс қызу. Аяқ киім цехы түгелдей неміс технологиясымен жабдықталған. Автоматтардың тетігінде оператор отырады. Жұмыстың кей бөлігін роботтар атқарады. Цехтың іске қосылғанына екі апта ғана өткенімен, операторлар заманауи техниканың тілін меңгеріп, құлтемірді тиімді басқаруды үйреніп алған.
Кәсіпорында тігілетін киімге қажет маталар Өзбекстан мен Қытайдан алынса, аяқ киімге керек былғары іргедегі Боралдай мен сонау Белорусиядан әкелінеді. Өндіріс аумағын кеңейту мақсатында 2 гектар жер алған «Алатау» ЖШС-нің инвестиция көлемі жыл соңында 1 млн 550 мың долларды құраған. Оған заманауи құрылғылар сатып алынған.
Жалпы, Жамбыл ауданында таяу мерзімде 4 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Оның жалпы құны 90 млрд теңгеден асады. Нәтижесінде 3 000-нан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Алматы облысы