Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Ауғанстан Парламенті төменгі палатасының (Волеси Джирга) Құндыз провинциясының депутаты Шукрия Пайкан Ахмадимен және Джаузджан провинциясының депутаты Баз Мохаммад Джаузджанимен олардың өтініші бойынша кездесті.
Кездесу барысында екіжақты қатынастарды нығайту, сондай-ақ, Парламентаралық одақ пен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Парламенттік одағы аясындағы көпжақты байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Ауғанстанмен қатынастардың қарқынды дами түсуіне және парламентаралық байланыстарды үдетуге ортақ ұмтылысқа қанағаттанғандық білдіре отырып, И.Адырбеков Ауғанстан Қазақстанның Азиядағы маңызды әріптестерінің бірі екенін атап өтті.
Ауғанстандық парламентшілер АӨСШК, ШЫҰ, Ыстамбұл үдерісі, Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық секілді беделді алаңдары бар аймақтық ықпалдастықтың тиімді сипатында Қазақстанның белсенді рөл атқаратынын айтты.
Тараптар қазіргі кездесулердің нәтижелері екіжақты ынтымақтастықты жаңа мазмұнға байыта отырып, жаңа міндеттер мен бағыттарды айқындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.