• RUB:
    5.17
  • USD:
    528.52
  • EUR:
    539.14
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан Бүгін, 08:00

Фараби оқыған елмен ақпараттық байланыс

22 рет
көрсетілді

Ирак Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Жабер Абдулла әл-Темими бастаған елшілік өкілдері «Egemen Qazaqstan» га­зеті ре­дак­циясына арнайы ат басын бұрды. Мақсаты – «Қазақ газет­тері» серік­тестігімен ынтымақтастық байланыс орнату. Оларды серік­тес­тік­тің бас директоры Дихан Қамзабекұлы және серіктестіктің жауапты қызметкерлері қарсы алып, екіжақты кездесу өткізді.

Басқосу барысында екі елдің бай­ланысын арттырудың бір жолы БАҚ сала­сын­дағы ынты­мақ­тастықты нығайту екені айтылды. Жабер Абдулла Қазақстан мен Ирак та­ри­хы тамырлас, сенімі мен рухани құн­­ды­лықтары ортақ елдер екенін тілге тиек етті.

«Қазақстан үшін де, Ирак халқы үшін де мәртебесі мен мерейі үстем ғұламаларымыз аз емес. Мәселен, Бағдад қаласында әл-Фараби атындағы университет колледжі бар. Бұл кісінің түркі халқынан шыққан, соның ішінде қазақ жерінде өмірге келген әлемдік деңгейдегі ұлы ғұлама екенін білеміз. Оны араб халқы да мақтан тұтады. Осы секілді мәшһүр ғұламаларымыз бен ортақ құн­ды­лықтарымыз біздің елдеріміздің ара­сындағы алтын көпір іспеттес», деді ол.

Сондай-ақ дипломаттың айтуын­ша, биыл Бағдад қаласы Араб мәде­ниетінің астанасы болып жария­лан­ыпты.

«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас дирек­торы Дихан Қамзабекұлы еліміздің бас газетіне арнайы келіп, өз мемлекеті жайында маңызды ақпа­раттармен бөлісіп жатқан ирактық ресми мейманға алғысын біл­діріп, қазақ халқының тарихи, мәдени, діни өмірінде Ирак, Бағдад өлкелерінің терең ізі қалғанын тілге тиек етті.

Әңгіме соңында Ирактың уақыт­ша сенімді өкілі қазақ пен араб халық­та­рын тек тарихи, мәдени байланыс­тар ғана емес, діни ұстанымы да тұтас­ты­ратынын жеткізді. Мәселен, ол Ор­та­лық Азиядан шыққан хадисші имам әл-Бұхариді бүкіл араб дүниесі құрмет тұтатынын, Ханафи мәзһа­бы­ның негізін қалаған имам Әбу Хани­фа Иракта жерленгенін айтты.

«Жақында мен Түркістан қала­сын­дағы Қожа Ахмет Ясауи мазарына зиярат еттім. Біз халықтар арасын жалғастыратын осындай ортақ бабаларымызды құрмет тұтып, ұрпаққа қалдырған еңбегін ұмытпауымыз керек», деді әл-Тәмими.

Кездесу соңында тараптар ал­дағы уақытта Ирак елші­­лігі мен «Egemen Qazaqstan» газеті арасын­да ақпараттық-мәдени байланысты арттыруға уағдаласты.