Жылдың басы Қазақстан мұнай секторы үшін жағымды жаңалықпен басталды. Себебі өткен жылдың соңғы күндерінде әлемдік шикізат нарығында мұнай бағасы аздап көтерілді. «Қара алтынның» қазіргі бағамы (Brent маркасы) барреліне 80 доллардың ар жақ-бер жағында құбылып тұр. Әрине, бұл – бөрікті аспанға ата қуанатындай көрсеткіш емес. Бірақ ел бюджетінің жартысын қамтамасыз етіп отырған мұнай секторы үшін уақытша болса да тұрақтылықтың кепілі. Себебі 2024-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында мұнай бағасы барреліне 75 доллар деңгейінде бекітілген.
Мұнай бағасы Үкімет болжаған межеден аздап асып түсіп, көңіл көншіте бастағаны рас. Дегенмен түрлі жаһандық факторлардың әсерінен сынаптай сусып тұратын мұнай бағасының кез келген уақытта қайта құлдырай салуы ғажап емес.
Brent маркалы мұнай бағасы өткен жылдың желтоқсанында-ақ 0,40%-ға өсіп, барреліне 73,46 долларды құраған. Ал WTI маркалы мұнай фьючерстері 0,43%-ға өсіп, барреліне 70,40 долларға жетті. Әрине, нарықта бағаны реттейтін фактор көп. Сарапшылар солардың бірі ретінде Ресей мен Иранға қарсы АҚШ салған санкциялар әсер еткенін алға тартып отыр. «Интерфакстың» хабарлауынша, шектеулер 180-нен аса кемеге, соның ішінде ресейлік мұнайды тасымалдаумен айналысатын танкерлерге қатысы бар. Санкцияға ұшыраған кемелер тізіміне «Роснефтьфлот» компаниясының он шақты танкері де кіріп кетті.
Сондай-ақ өзге де сарапшылар мұнай бағасының көтерілуін АҚШ пен Еуропадағы күннің суытқанымен де байланыстырған. Олар экстремалды температура отынға сұраныстың артуына және шикізат жеткізудегі үзілістерге әкелуі мүмкін екенін дөп болжады.
Жалпы, сарапшылар мұнай бағасының нығаюында геосаяси шиеленіс пен мұнай тасымалына қатысты белгісіздік басты рөл атқаратынын да жоққа шығармады. Десе де осы салаға қатысы бар мамандарды «қара алтын» құнының қаншалықты қымбаттай түсетіні қызықтырып бара жатқаны да жасырын емес. Отандық мұнай сарапшысы Абзал Нарымбетов бағаның қаншалықты қымбаттай беретінін дөп басып айту мүмкін емес екенін және болжам жасап, бас қатырудың да аса қажет емес екенін айтты.
– Кезінде 2008 жылы мұнай бағасы барреліне 140 долларға дейін жеткен. 2020 жылғы пандемияда 40 долларға дейін түсіп кетті. Сондықтан бұл баға көтеріліп-түсіп отырады, тарихта бір межеге тоқтаған кезі ешқашан болмаған. Мұнайдың бағасы қай кезде өседі? Сұраныс көп болғанда, ұсыныс аз болған кезде. Мысал ретінде айтсам, 2014 жылы мұнайдың көп болып кеткеніне байланысты сұраныс азайды. Сәйкесінше бағасы түсті. Пандемия кезінде көлік қозғалысы тоқтап, жанармай тұтыну әлем бойынша төмендеді. Сөйтіп «қара алтын» құнын тағы жоғалтты. Ал 2022 жылы сұраныс қайта артқандықтан, баға 100 долларға жетті. Бұл – орташа бағасы. Қысқасы, аса қатты өсіп жатқан жоқ. Ол – күнделікті құбылып отыратын өзгеріс. Бір-екі доллар төмен түседі, қайтадан үш долларға қымбаттайды. Яғни бағаның диапазоны сол 70 доллардың төңірегінде ары-бері ауытқып тұр. Әрине, біздің ел үшін 75 доллардан төмен түспегені дұрыс. Себебі мұнайдың бағасы жоғары болғанын қалайтын, мұнай бағасына тәуелді елдердің біріміз. Бюджеттің 40-50 пайызға жуығы мұнайдан келеді. Еліміздің 60% экспорттық табысы мұнай-газ саласынан түседі. Сондықтан біз «қара алтын» төңірегіндегі нарықтық параметрлердің жақсы болғанын қалаймыз. Бірақ сектордағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты әлемдік нарық мұнайдың бағасын өзі белгілейді, – дейді А.Нарымбетов.
Қысқасы, мұнай нарығының сарапшысы «Үкімет экономикамызды әртараптандырып, мұнайға деген тәуелділіктен арылтпайынша, осы уайыммен отырғанымыз отырған» деген пікірмен ойын түйіндеді.