Ішкі істер министрінің бұйрығымен бұл лауазымға полиция полковнигі Асхат Барлыбайұлы Бекенов тағайындалды.
Полковник Асхат Бекенов 1980 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданында дүниеге келген. 2001 жылы Қарағанды заң институтын тәмәмдаған. Ішкі істер органдарында 1997 жылдың тамызынан бастап қызмет етіп келеді. Мансабын Павлодар облысы Қашыр аудандық ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл қызметінен бастаған.
Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған.
Айта кетейік, 4 қазан күні Талғарда 16 жасар Шерзат Болаттың өлімінен кейін Алматы облысының бірнеше жоғары лауазым иесі қызметінен босатылған еді.
Осы оқиғаға байланысты қызметінен босатылғандар қатарында:
Алматы облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаров; Талғар аудандық Полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов; Алматы облысы Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов; Алматы облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов; Алматы облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр; Алматы облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Жанат Омаров бар.