• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Оқиға Кеше

Отандасымыз Африканың ең биік шыңында «Адай» күйін орындады

26 рет
көрсетілді

Қазақстан азаматы Әлібек Қайырбек Африканың ең биік нүктесі – Килиманджаро (5895 метр) тауында аты аңызға айналған Құрманғазының «Адай» күйін орындады. Бұл туралы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры жазды, деп хабаралайды Egemen.kz.

«Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Халық аспаптар ансамблінің мүшесі Әлібек Қайырбек Африканың ең биік шыңы – Килиманджаро тауында қазақтың қасиетті домбырасын әуелетті. Бұл – ұлттық өнеріміздің ерекше үнін тау шыңында танытқан бірегей сәт. Әлібек Қайырбекті осы жетістігімен барша театр ұжымы атынан шын жүректен құттықтаймыз!», делінген хабарламада.

Экспедиция 2025 жылдың 6-11 қаңтары аралығында өтті, ал Әлібек Ухуру шыңына 11 қаңтар күні таңертең барған.

Айта кетейік, бұл Әлібектің бірінші жетістігі емес. 2024 жылдың тамыз айында ол Еуропадағы ең биік тау Эльбрус шыңында күй орындаған. Қазақстандық «Әлемнің жеті шыңының» барлығын бағындырып, әрқайсысында қазақ күйлерін орындап, ұлттық мәдениеттің байлығын әлемге паш етуді алдына мақсат етіп қойған. 

«Мен Эльбрус пен Килиманджароны бағындырдым. Енді қай шыңға шығу керектігін анықтау үшін тау гидтерімен ақылдасып жатырмын», деді ол өз жоспарларымен бөлісіп.

Әлібек атап өткендей, «Әлемнің жеті шыңына» келесі таулар жатады: 

Эльбрус (5642 метр, Еуропа); Килиманджаро (5895 м, Африка); Денали (6190 метр, Солтүстік Америка); Аконкагуа (6961 метр, Оңтүстік Америка); Винсон (4892 метр, Антарктида); Костюшко (2228 метр, Австралия) немесе Пунчак Джая (4884 метр, Океания); Эверест (8849 метр, Азия).