Петропавл қаласының қоғамдық жолаушылар тасымалдау маршруттары қазір қала аумағының ұлғаюына байланысты ұзара түскен. Мәселен, былтырғы тасқын судан жапа шеккендерге салынған бір ғана «Бірлік» шағын ауданының бой көтеруімен осы жаққа жүретін автобус маршруты 14 шақырымға ұзарды. Осыған байланысты жаңа автобустар сатып алу міндеті де алға қойылды. Жуырда қала ішіндегі жолаушы тасымалдау автопаркі жаңадан екі Ютонг автобусын қатарға қосты.
Бұл – Қытай көлігі, зауыттың штаб-пәтері Чженчжоу қаласында орналасқан. Автобус нағыз осы заманғы қоғамдық көлік талаптарына сай жасалған. Кіреберіс басқышы барынша төмен болғандықтан, қарт адамдар мен мүгедектер оған қиналмай шыға алады. Іші кең, орындықтары ыңғайлы, жүргізушінің кабинасы қоршалған. Ютонгтың құрылыс машиналары, жылжымайтын мүлік, басқа да инвестициялар саласында кәсіпорындары бар. 2016 жылы сатылым көлемі жөнінен әлемдегі ең ірі автобус өндіруші болып танылған. «Ютонг Автобус» компаниясы көптеген елде өздерінің филиалдарын ашқан. Елімізде Қытайдың осындай автобустары 2021 жылдан бері Қарағанды аумағында, «QazTehna» зауытында жиналады.
Петропавл көшелеріне шыққан жаңа автобустар әрі биік, әрі ұзын, тынысы кең. Салоны да бұрынғы автобустарға қарағанда өзгертілген. Жоғарыда айтқанымыздай, жүргізушінің айналасы қоршалып, оған жолаушылардың төніп тұруына, сұрақтар беріп, сөзге тартуына мүмкіндік бермейтіндей етіп жасалған. Автобустың жайлылығы жолаушылар тарапынан жақсы бағасын алып үлгерді.
Автобус қыста жылытатын, жазда суытатын жылыту жүйесі, кондинционерлермен де толық қамтылған. Жолаушы тасымалдау «Kyzylzhar Buses» ЖШС-ның басшысы Бауыржан Құсайынов: «Жаңа автобустарды «Бірлік» шағын ауданына жолаушылар тасымалдайтын №4А маршрутына шығардық. Алдағы уақытта осындай автобустар санын молайтуды жоспарлап отырмыз», деді.
Айта кететін жайт, соңғы үш жылда кәсіпорын автобустарын 80%-ға жаңартқан екен. Соған орай жолаушылар тарапынан арыз-шағым да азайды. Былтыр кәсіпорын «Yutong», «Dongfeng» фирмаларының 33 жаңа автобустарын сатып алды. Дегенмен кәсіпорын басшысы жолдардың сапасына риза еместігін де жасырмады. «Автобус қанша жаңа болса да сапасыз жолдардың ұңғыл-шұңғылы оларды тез істен шығарады. Кейбір жолдарға тіпті асфальт та төселмеген. Мысалы, жаңа автобустар қатынайтьн «Бірлік» шағын ауданының біраз жерінде асфальт жоқ», дейді Б.Құсайынов.
ПЕТРОПАВЛ