Су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 137 жобаны іске асыруды сала министрлігі 2024 жылы бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше сондай-ақ, 201 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жоба аясында 700 мың гектардан астам суармалы жерді қалпына келтіру-жақсарту жұмыстары жасалады, сондай-ақ жалпы ұзындығы 7000 шақырым канал салынып реконструкцияланады.
Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Имашеваның айтуынша аталған жұмыстар Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына және Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай жүргізіледі.
«Бұдан бөлек, аталған құжаттарда өнімсіз шығындарды азайту және қосымша су көлемін жинау бойынша да көптеген іс-шаралар қарастырылған. Мысалы, 2024 жылы Ақтөбе су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Түркістан облысындағы Бәйдібек-ата және Қарақуыс су қоймаларының құрылысы, сондай-ақ Қапшағай және Киров су қоймаларын реконструкциялау басталды», деді Г.Имашева.