Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қордай ауданында «Тәртіпті өзіңнен баста!» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің қатысуымен өткен іс-шарада заңдылық пен құқықтық тәртіпті, жастардың құқықтық сауатын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдар, отансүйгіштік пен азаматтық борыш турасында келелі ойлар мен кесімді ұсыныстар айтылды.
Іс-шараға сондай-ақ Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, білім беру мекемелерінің басшылары және мұғалімдер, психолог мамандар, 300-ден аса белсенді оқушы мен колледж студенттері қатысты.
Жиында кіріспе сөз алған Жамбыл облысының прокуроры өзіңнен басталатын тәртіптің маңызы, қазіргі таңда жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың негізі, ата-аналардың тәртібі турасында сөз қозғады. Форумға жиналғандарды қоғамда құқықтық мәдениетті насихаттауға белсенді атсалысуға шақырып, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндеу, құқық бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктің алдын алу, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін насихаттауға шақырды.
– Менің айтатыным, әрбір адам заңға бағыну керек. Сондықтан уәкілетті органдардың, құқық қорғау органдарының талаптары өте қатаң болуға тиіс. Сол жағынан да бүгінде құқық қорғау органдарына осындай талаптар қойып отырмыз. Ол талап тек қылмыстық жауапкершілік емес, әкімшілік жауапкершілік тұрғысынан да қарастырылған, – деді Н.Әбдіров.
Сонымен қатар Нұрғалым Мәжитұлы жастар ортасындағы криминогендік жағдайға назар аударып, жастардың мемлекеттің болашағындағы рөлінің маңызын атап өтті. Сөз соңында заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты биік қоюға әр азамат, әр отбасы өз үлесін қосуға міндетті екенін жеткізді.
Аталған форумда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз сөйлеп, бірқатар ұсынысын жеткізді.
– Тәртіпке шақыру – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Біз әрқайсымыз өзімізден бастап, отбасымызда, ауылымызда, ауданымызда тәртіп пен заңға құрметпен қарауды нығайтуға үлес қосайық. Осындай бастамаларды қолдау арқылы біз ауданды тәртіпті, дамыған және үлгілі мекенге айналдыра аламыз. Бүгінгі форум осы құндылықтарды нығайтып, әр азаматтың жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Біржан Әбдікерімұлы.
Келесі кезекте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев сөз алып, «Отанға қызмет – елге қызмет» екенін айтып, сол себепті де Отан алдындағы әскери борышты өтеу қасиетті міндет екенін де алға тартты.
Бүгінгі таңда прокуратура оқу орындарында құқық бұзушылықтарды жасыру фактілерінің әрқайсысы бойынша қатаң шаралар қабылдап жатқанын да айта кеткен жөн. Бұған былтыр лауазымды тұлғаларға қатысты 4 қылмыстық істің қозғалуы – дәлел.
Психологтер мен «Komek Stop Bullying Jambyl» Telegram-ботының көмегімен кәмелетке толмағандарға қатысты жасырын сипаттағы бірнеше қылмыс пен құқық бұзушылық анықталды.
Форумда жазаның бұлтартпастығы мен синтетикалық есірткілердің зиянды әсерін көрсететін тақырыптық бейнероликтер ұсынылды. Сондай-ақ ауданның ауылдық елді мекендерінде және аймақтың басқа да аудандарында осындай ауқымды іс-шаралардың басталғанын айта кеткен жөн.