Кеше Мәскеуде Ресейдегі Қазақстан елшілігінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Ресей Ғылым академиясы Экономика институтының Құрмет белгісімен марапаттау рәсімі өтті. Награданы Қазақстан Республикасының Президентіне табыстауды өтінген Экономика институтының директоры Руслан Гринберг былай деді:
– Мен үшін Еуразиялық одақтың құрылуына негіз салған ізашар ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа біздің институттың Құрмет белгісін беру зор мәртебе. Біз әлемдік экономиканың ортадан тепкіш күштері ортаға тартқыш күшінен басым болып отырған беймаза кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Соның өзінде аймақтандыру үдерісі қалыптасқанын атап өту қажет. Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан Қазақстанды басқару үшін тек ақыл мен кәсібилік қана емес, сонымен бірге, ержүректілік те қажет екендігін атап өткім келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы дәл сондай ержүрек адам, көреген саясаткер болып табылады және ол Қазақстан Республикасын басқарып отырғанына мен шынайы қуанамын», – деді институт директоры.
Құрмет белгісін қабыл алған Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин өз кезегінде ресейлік академикке Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше қызметін мойындағаны үшін ыстық ықыласын білдірді.
– Нұрсұлтан Әбішұлының экономика ғылымының дамуына қосқан үлесіне жоғары баға бергеніңіз үшін алғысымды айтамын. Жалпы алғанда, Қазақстанның экономикалық даму үлгісі Президенттің экономикаға көзқарасының дамуымен айқындалады. Ұзақ жылдар бойы біздің еліміз жоғары экономикалық тиімділікті көрсетіп отырғаны – бұл Нұрсұлтан Әбішұлының ерік-жігерінің нәтижесі», – деді Марат Тәжин.
Қазақстан елшісі Ресей Ғылым академиясы Экономика институты мен Қазақстан арасында ұзақ уақыттан бері тығыз әрі жемісті байланыс орнағанын еске салды. Және бұл қарым-қатынас одан әрі жалғасын табатынына сенім білдірді.
Салтанатты шараға Қазақстан елшілігінің қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің баспасөз қызметі.