ЖЕРҰЙЫҚҚА ҚАРАЙ 72 ҚАДАМ
Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін елімізде Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген 72 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Біз мұны дағдарыс әсерінен шығысымен алға қарай ұмтылыс танытқан еліміздің кезінде Асан қайғы бабамыз аңсаған Жерұйығына қарай 72 қадам жасау деп бағаладық. Неге Жерұйық? Неге 72 қадам? Осы туралы барынша қысқа мәнінде ой қозғап көрейік.
Осыдан бес ғасыр уақыт бұрын алғашқы қазақ хандығының уығы шаншылып, шаңырағы көтерілген тұста сол хандықтың басты идеологиясының бірі Жерұйықты аңсау болғандығы белгілі. Хандықтың басты идеологы болған Асан қайғы бабамыз Әз-Жәнібек ханға қарата:
“...Тіл алсаң іздеп қоныс көр,
Желмаяға мініп жер шолсам,
Тапқан жерге ел көшір” дейді.
Сөйтіп, Асан қайғы бабамыз Желмаяға мініп алып, жер шолуға кіріседі. Қазіргі қазақ жерінің талай түкпірінде болып, ол өңірлердің артық-кемін бағалап, қасиетін көрсетіп айтқан сөздері арада бес ғасыр өтсе де әлі күнге дейін халықтың есінде. Алайда, амал нешік Асан қайғы бабамыз іздеген Жерұйығын таба алмай Ұлытауға келгенде көз жұмыпты деседі.
Содан кейінгі патшалы Ресейге үш жүз жылға уақыт бодан болған, алып империя Кеңестер одағының 70 жыл жетегінде жүрген уақытты артқа тастап, Қазақстан өз тәуелсіздігіне қайтадан ие болды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Жерұйықты іздеу идеясы қайтадан бас көтерді. Оның негізгі жобасы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында қаланды. Елбасының көреген басшылығымен Алатаудан Арқаға, қазақ жерінің кіндігі, Еуразия құрлығының жүрек тұсы саналатын Ақмолаға халық көші басталды. Осының негізінде 10 жылдың ішінде әлем таныған әсем Астана асқақтай бой көтерді. Бұл Жерұйықты іздеу идеясының жүзеге аса бастағандығының белгісі емес пе, халайық!
Біз ақыры Асан қайғы бабамыз арман еткен, бүкіл халық аңсаған Жерұйықты басқа қырынан тауып отырмыз. Байқап қарасақ, қазіргі Қазақстанымыздың қай түкпірі болмасын Жерұйыққа лайық мекен екен. Басты мәселе осы Жерұйықты ел ұйыққа айналдыру – Қазақстан халқының бәсекелестік қабілетін, яғни оқу мен білімін дамытып, денсаулығын нығайту болып отыр. Өйткені, Жерұйықты ашу үшін, жер байлығын игеру үшін халқымыз қабілетті болуы керек екен. Біз қазір міне, осы жолмен келеміз. Президенттің бастамасы және тікелей қолдауымен өмірге келген “Болашақ” бағдарламасы, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу идеясы, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында жасалып жатқан көптеген шаралар, ең ақырында биылғы жылдан бастау алып отырған еліміздің 2014 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы біздер үшін осы жолдың бел-белестері болып табылады. Осы жолда жүзеге асқан әрбір индустриялық жоба біздің алға қарай қадам басқанымызды білдіреді. Демек, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында елімізде 72 индустриялық жобаның жүзеге асуы, бұл – біздің қазақ халқының ұлы мұраттарының бірі болып табылатын Жерұйыққа қарай 72 қадам алға басқандығымызды білдіреді.
Байқап қарасақ, Елбасы осы өткен 10 жылда Астананы салып, көркейтіп алды. Оны түрлі әлемдік басқосулардың мекеніне айналдырып, халықаралық қауымдастыққа танытты. Енді өңірлік даму мәселелеріне қатты көңіл бөлуде. Соның жарқын бір мысалы ретінде еліміздің 2014 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын айтуға болады. Сөз болып отырған үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында пайдалануға берілетін 72 индустриялық жоба осы бағдарламаның аясында жүзеге асуда. Ол жобалардың басым көпшілігі, тіпті түгелге жуық деп айтуға болады, өңірлерден салынуда. Ендеше осы бір жәйтті талдап көрейік.
Осы аптада өткен Үкіметтің селекторлық кеңесінде баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау 72 жобаның 70-і өңірлерде жүзеге асатындығын, екі жоба Астана мен Алматы қалаларының еншісінде екендігін айтты. Бұл дегеніміз өңірлерді гүлдендіру деген сөз. Өйткені, өңірлерде халыққа жұмыс беретін кәсіпорындар мен зауыттар салынып жатса, ол өндіріс орындарының барлығы жаңа технологиямен жұмыс істейтін болса, бұл өңір халқының әл-ауқатын жақсарту деген сөз емес пе? Мәселен, осы бірінші жарты жылдықтың өзінде ғана Ақтөбе облысында 12 бірдей жоба жүзеге аспақ. Соның бірі мыс пен құрамында мысы бар мырыш рудаларын өңдеу ісімен айналысатын №2 байыту фабрикасының құны 10 миллиард теңгеге бағаланған. Ал Жаңажол жылу электр стансасының екінші кезегі жақында ғана іске қосылды. Оның жобалық құны 4 миллиард 372 миллион теңге тұрады. Бұл жоба өңірде тапшы болып келген электр қуатын өндіру ісіне үлес қосатын болады. Ал медициналық техникалар өндірісінде біздің еліміз үшін қат болып келген компьютерлік томографтар шығарыла бастамақ. “Париж коммунасы ХХІ” ЖШС-нің іске қосылып отырған мал шаруашылығы кешені аймақтағы ет, сүт өнімдерінің үлесін арттыратын болады. Міне, бір өңірде, 6 айдың ішінде ғана іске қосылатын индустриялық жобалардың өңір халқы үшін осындай маңызы бар.
Енді Алматы облысына келсек, мұнда жарты жылдың ішінде жаңа жылыжай кешені, соя өңдейтін екі бірдей зауыт, табиғи тастарды өңдейтін зауыт, медициналық дәрі-дәрмектер шығаратын, сүт өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары және Қаратау су электр стансасының жаңа кезегі іске қосылатын болады. Қарағанды облысында жиыны 17 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба әзірлік сатысында тұрса, Павлодар облысында үстіміздегі жылдың 25 маусымында іске қосылуы жоспарланған электролиз зауытының екінші кезегінің құны 74 миллиард 700 миллион теңге тұрады. Бұл облыста бұдан басқа да 6 бірдей маңызды жоба 1 шілдеге дейін толық пайдалануға беріледі екен. Міне, осындай индустриялық жобалар Қазақстанның кез келген өңірінде салынып іске қосылуда.
Біз осы мақалада, жоғарыда айтып кеткеніміздей, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында пайдаланылуға берілетін 72 жоба жайында ғана әңгіме қозғап отырмыз. Яғни әңгіме 6 айдың айшықты жобалары туралы ғана болып отыр. Ал мұндай жобалардың іске қосылуы келесі жарты жылдықта жалғаспақ. Сөйтіп, Қазақстанда 2010 жылы жиыны 144 индустриялық жоба іске қосылмақ. Мұның сыртында облыстардың өздері жүзеге асырып жатқан басқа да инвестициялық жобалар қаншама. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында биылғы жылы 22 индустриялық жоба жүзеге асатын болса, мұнан тыс облыстың өз еншісіне тапсырылған тағы да 14 инвестициялық жоба тұр. Сонда ел іші қайнап жатыр, еліміздің алдағы дамуына үлкен ықпал ететін, алға басқан қадамын одан әрі ұзарта түсетін жаңалықтар мен жақсылықтар бірінен кейін бірі балалау үстінде деп анық айта аламыз. Ал мұндай жобалардың бір-екеуін іске асыруды қойып, өздерінің астаналарында, үлкен қалаларында жылына көп қабатты екі-үш үй тұрғыза алмай отырған елдер әлемде аз ба? Ондай елдер алысқа бармай-ақ өз айналамыздан да табылатындығы айқын. Сонда Қазақстандағы қазір жүріп жатқан өзгерістерді кезінде ата-бабамыз аңсаған Жерұйық идеясының жүзеге аса бастауы деп бағалауымыздың ешбір сөкеттігі жоқтығын көзі қарақты оқырман қауымның өзі де жақсы түсінер.
Алдымыздағы дүйсенбіде осы мақалада сөз болған индустриялық жобалар бағдарламасын ашу рәсімі өткізілмек. Оған телекөпір арқылы еліміздің барлық өңірлері қатысады. Әрбір өңірдің осынау қуанышқа тартатын өзіндік тарту-таралғысы бар. Ол – іске қосылатын индустриялық жобалар, яғни салынып, қайта жаңғыртылып үлгерген кәсіпорындар мен зауыттар, инфрақұрылымдық нысандар, басқа да өндіріс орындары. Ендеше іске сәт дейік, ағайын! Алға басқан қадамымыз әркез аршынды болсын! Елбасымыздың басшылығымен, Елбасы идеяларын жүзеге асырушы Үкіметтің іскерлік әрекеттерімен ата-бабамыз аңсаған Жерұйықты жаңғыртып, оны жеделдетіп Елұйыққа айналдырайық демекпіз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.