Ақтөбеде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мен қазақстандық үлесті дамытуға арналған кеңес өтті.
Кеңеске орталық мемлекеттік органдар және олардың аумақтық бөлімшелері, ұлттық компаниялардың, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіподақ және қоғамдық ұйымдардың, қаржы институттарының, сондай-ақ, бірқатар кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Онда Бақытжан Сағынтаев әлемдік қаржы дағдарысына, сондай-ақ, Ресей рублінің құнсыздануына байланысты ел экономикасына ықпалын азайтуға бағытталған Үкімет қолға алып жатқан шараларды әңгіме өзегіне айналдырды.
– Әлемдегі саяси және экономикалық жағдайға байланысты жергілікті жердегі жүйе құраушы және ұлттық компаниялармен жергілікті әкімдік тарапынан қазақстандық мазмұнды арттыру және өңірлерде әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша жұмыстар қолға алынуда. Елбасы әлемдік дағдарыс пен Ресей рублінің құнсыздануының салдарын дер кезінде сезіп, өзінің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы сын-қатерлерден шығу жолдарын көрсетті.
Осындай күрделі кезеңде ел экономикасы дамуының жеті басым бағыттарын айқындап берді. Бұл бағыттар бойынша шаралар алынып, жүйелі жұмыстар жасалуда. Еліміздің жылдық бюджеті бұрын бір тонна мұнайдың бағасы 80 доллар шамасында белгіленсе, кейін 50 доллар бағамымен нақтыланды. Алайда, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатында қаралған бағдарламалардың барлығы да орындалатын болады. Кәсіпкерлікті дамытуға да жеңілдіктер қарастырылып, қаржылай қолдау көрсетіледі. 2016 жылға қаралған қаржылай қолдауды 2015 жылға бөлу жөнінде Елбасымен келісілді. Теміржол тарифін, электр қуаты бағасын төмендету бағытында қадамдар жасалуда. Жалпы, орта және шағын бизнесті қолдаудың мүмкін болған тетіктері қарастырылуда. Өңірлерде салынып жатқан тұрғын үйлер дайын болса, оны Үкімет белгілеген бағамен сатып алу ойластырылуда. Еліміз бойынша бес-алты қалада мұндай мүмкіндіктер бар екені қазірдің өзінде белгілі болып отыр, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Ол сондай-ақ, жұмыс орындарын қысқартпау, өндірістердің ырғақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды.
Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов баяндамасында өңірдегі отандық өнім өндірушілерді қолдау, дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау және жергілікті құрамды дамыту жайында баяндады. Осы орайда, Қазақстанда сатып алынатын тауарлар көлемін ұлғайту мақсатында өңірде жаңа өндіріс орындары құрылып, қолданыстағылары жаңғыртылатынын жеткізді. Өңір басшысының мәлімдеуінше, облыста алғашқы бесжылдықта үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 691,1 млрд.теңгені құрайтын 83 инвестициялық жоба енгізіліп, 11,8 мың жұмыс орны құрылған. 74 кәсіпорын өнімдерін шығарып, олар қазақстандық нарықта сұранысқа ие болып отыр.
Өңір басшысы қазақстандық құрам үлесін арттыру мақсатында белсенді жұмыс жасап отырған кейбір компанияларды атап өтті. Қазақстандық өндірушілермен табысты ынтымақтастықтың бір мысалы ретінде Дөң кен-байыту комбинатының Ақтөбе металл құрылымдары зауытымен бірлескен жұмысын мысалға келтірді.
Сондай-ақ, ақтөбелік өндірушілер Қазақстанның аймақтары арасында тауар-экономикалық ынтымақтастығын нығайту бойынша мақсатты түрде жұмыстар жүргізіп жатқаны атап өтілді. Мысалы, «Ақтөбе металл құрастырмалары зауыты» ЖШС-нің металл бұйымдары, «Стройдеталь» ЖШС темір-бетон бұйымдары, «Көктас» АҚ құрылыс тастары мен қиыршық тастары, «Экотон Батыс» ЖШС ұяшықты блоктары, «Ақтөбестройхиммонтаж» ЖШС полиэтилен құбырлары қазақстандық нарықта сұранысқа ие. Атырау және Маңғыстау облыстарының мұнай кәсіпорындары «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ өнімдерін пайдаланады.
Кеңес соңында қызметтің әр түрлі бағыттары бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Облыс әкімдігі мен ұлттық компаниялар және жүйе құраушы кәсіпорындар арасында жалпы сомасы 44,6 миллиард теңгеге жергілікті құрамды қамтамасыз ету бойынша жеті меморандумға қол қойылды.
Меморандумға қол қойғандар арасында «Еуразия тобы» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан темір жолы», ҰК» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Восход Ориел» ЖШС бар.
Бұдан басқа, жұмыс орындарын және жұмысшылардың еңбекақысын қысқартуға жол бермеуге, сондай-ақ, жұмыс берушілердің еңбек заңдылықтарын сақтау жөніндегі, оның ішінде, еңбекақы бойынша қарыздарды өтеу мәселелері бойынша жұмыстарын жандандыруға бағытталған әлеуметтік даму саласындағы жеті меморандумға қол қойылды. Қол қоюшылар арасында жалпы алғанда 23 мыңнан астам адам еңбек ететін «Қазхром» ТҰК» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «АЗХС» АҚ, «Трансэнерго» АҚ, «Восход-Oриел» ЖШС, «Ұлы Қабырға» ЖШС бар.
Әлеуметтік бағыттағы меморандумдарға қол қою – бұл бір реттік акция емес, түпкі мақсаты аймақтың тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту болып табылатын дәйекті жұмыстар екенін атап көрсету қажет. Жыл басынан бері облыста өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы 62 меморандумға қол қойылды.
Кеңес жұмысын қорытындылаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-тың Оңтүстік Қазақстан облысындағы компанияның өнімін пайдаланбай отырғанын атап өтті. Бұл мұнай саласы кәсіпорындары үшін өнім шығаратын бірден-бір кәсіпорын екенін, мәселеге тереңірек қарау керектігін қадап айтты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.