Шарайна
Иордания басшылығы «Ислам мемлекеті» делінетіннің өткен жылдың аяғында тұтқынға түскен әскери ұшқышты тірідей өртеп жіберуіне кек қайтару мақсатында қамаудағы терроршы әйел Саджида Әл-Ришавиді өлтірді.
Жақын күндері басқа да терроршылар өлім құшпақ. Ал Иордания королі Абдалла ІІ ұшқыш Моаз Әл-Кассабехтің қазасына орай, АҚШ-қа сапарын үзіп елге оралған соң, халыққа бейнеүндеу жолдады. Көшеге шыққан жұртшылық өкілдері де Сирия аумағындағы «Ислам мемлекеті» жасақтарына соққы беріп, кек қайтарғылары келетінін атап көрсетті. Бұған дейін Иордания үкіметі Әл-Кассабехті жанкешті Әл-Ришавиге айырбастау туралы келісімге баруға дайын екенін мәлімдеген еді.
Нөсер жаңбырдың зардабы ауыр
Балқан мемлекеттері нөсер жаңбыр туындатқан табиғат апатынан үлкен зардап шекті. Мәселен, Македонияда төтенше жағдай жарияланды.
Албания фермерлерінің жерлерін қарғын су басып қалуы салдарынан олар үлкен шығынға ұшырады. Болгариядағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Жүздеген адам тікұшақтармен қауіпсіз жерлерге жеткізілген. Көптеген үйлер жермен-жексен болып қирағандықтан, мыңдаған адам баспанасыз қалып отыр. Македониядағы, Албания мен Болгариядағы кейбір елді мекен тұрғындары қазіргі таңда күнкөріс көзінен мүлдем айрылған. Енді олардың бар үміті мемлекет тарапынан берілетін жәрдемге барып тіреледі. Ал ел үкіметтері болса әзірше ешкімге ешқандай уәде беріп отырған жоқ.
500 мың еуродан айырылды
Кипрлік кеденшілер аталған арал мемлекеттен 500 мың еуроны Афинаға алып өтпекші болған грекиялық бизнесменнің жоғары сомадағы қолма-қол ақшасын тартып алды. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабарлады.
Аты-жөні айтылмайтын кәсіпкер кипрлік банктер жарты миллион еуроны есепке алудан бас тартқаннан кейін осынау мол ақшамен еліне ұшпақшы болған. Грекия тұрғыны осы үлкен соманы Кипрге 200 және 500 еуролық купюралармен қол жүгіне салып әкелген. Кеден қызметкерлерінің пайымынша, банктер грекиялықтың ақшасын оны қайдан алғаны туралы құжаты болмағаннан кейін және шекарадан өткен кезде декларацияламаған соң есепке қоймаған. Ал Кипр заңдарына сәйкес, 10 мың еуродан асатын сома кеденде декларациялануы тиіс.
Тайваньда ұшақ апатқа ұшырады
Тайваньда жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Әуелде 12 адам қаза тауып, 16-сы құтқарылды және 30-ы із-түзсіз жоғалып кетті делінсе, соңғы мәлімет бойынша көз жұмғандар саны 19-ға дейін жетіп отыр.
TransAsia авиакомпаниясының атқарушы директоры Чэн Чинде ұшақтың құлағаны үшін қаза болған жолаушылардың туған-туысқандарынан кешірім өтінген. ATR 72-600 ұшағының бортында жолаушылар мен экипаж мүшелерін қоса алғанда 58 адам болыпты. Ал ол ел астанасы Тайбэйге жақын маңда әуеге көтерілген соң бірнеше минуттан кейін өзенге құлап түскен. Жолаушылардың 31-і құрлықтық Қытайдан келген туристер көрінеді. Ал әуеге көтерілер алдында ұшақ қанатымен автомобиль эстакадасын және оның үстінде тұрған таксиді қағып кеткен.
Пойыз бен джип соқтығысып қалды
АҚШ-тың ең үлкен мегаполисі – Нью-Йорк қаласының түбіндегі Вэлхалла ауданында пойыз бен жолсыз жерлермен жүруге арналған джип көлігі соқтығысып қалды. Апат салдарынан шыққан өрттен 6 адам өмірімен қоштасты. Тағы 12 адам зардап шеккен.
Локомотив джипті 10 вагондай жерге сүйреп апарған. Ал автомобильде пайда болған өрт пойызды да шарпып, бірінші вагонда өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен дәрігерлер тез жеткенімен, адам өлімінің алдын алып үлгермеген. Пойызда барлығы 800 жолаушы келе жатса керек. Олардың 400-ін құтқарушылар жергілікті спорт орталығына жеткізіпті. Жолаушыларды діттеген жерлеріне апару үшін оқиға орнына ондаған автобус аттандырылған.
Өз қолын өзі кескен қытайлық жас
Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Нантонг қаласында 19 жасар қытайлық компьютер ойынынан өзін арашалап алу үшін, яғни компьютерге тәуелділіктен құтылу үшін өз қолын өзі кескен. Жас жігіт үйінен арнайы алып шыққан ас пышағымен қолын білектің түбінен кесіп тастаған.
Содан кейін Ван есімді қытайлық такси шақыртып, ауруханаға кетсе, қолы өзі отырып кескен орындық үстінде қала берген. «Бұл оқыс оқиға миымызға қонбайды. Ол қашанда әр ісін кесіп-пішіп істейтін ақылды бала еді», дейді жасөспірімнің анасы. Ол, сондай-ақ, үйінен шығарда анасына қағаз жазып қалдырыпты. Онда: «Мама, мен ауруханаға кеттім, уайымдама. Кешке келемін», деп жазылған екен. Полиция қызметкерлері қолының қалдығын тауып ауруханаға апарғаннан кейін дәрігерлер оны жас жігітке ота жасап тігіп беріпті.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров өлеңдерін «Русский пионер» журналында жариялаған. Топтамаға Лавровтың ертедегі үш өлеңі кіріпті. Лавров аталған лауазымға 2004 жылы келсе, оған дейінгі 10 жылын Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі ретінде өткізген болатын.
*Грузияның шығысындағы Кахетияда адамға пышақпен шабуыл жасағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылған ер адам сот залынан қашып кеткен. 21 жастағы Дмитрий Хачиашвили арнайы темір қоршауға қамалған екен. Ол жақын тұрған үстелдегі кілтті білдіртпей алып есікті ашқан соң, терезеден секіріп кетсе керек.
*2004 жылдың қорытындысы бойынша, Ресейде шошқа етінің өндірісі 4,7 пайызға, яғни 207,8 мың тоннаға өсіпті. Ресей ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне қарағанда, шаруашылықтар шошқа санын 19,6 миллион басқа дейін жеткізген.
*АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио мейрамханасы клиенттер тарту үшін өзінде қызмет көрсететін даяшыларды ішкі киімдеріне дейін шешіндіру қадамына барған. Мейрамхана иесі Мило Линанның сөзіне қарағанда, ол мекемені осыдан екі ай бұрын ашыпты. Өзі де бірнеше жыл бойы даяшы болып жұмыс істеген көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.