Қапланбек қайта қуаттанды
Шымкентте Қапланбек шарап зауытының алғашқы дүкені ашылды. Арғы атасы арақ қой, оның несі таңсық дерсіз. Солай-ақ болсын. Бірақ, жөнімен ішсе Омар Хайям рубаяттарынан тастамайтын шараптың емдік қасиеті мол екенін де айтпасқа болмас. Ал Қапланбек шарап зауытының атағы Кеңес Одағы кезінде жер жарып тұрған. Қапланбектің шарап маркалары халықаралық жарыстарда шашасына шаң жұқпай алдыңғы орындарды иеленетін. Өткенде «Евразия» арнасында алкогольді ішімдіктерге байланысты арнайы хабар жасалды. Соның бір иінінде арақ-шарап дүкендеріндегі қалталы азаматтарға арналған мүйістегі виски, коньяк, арақ, шараптар бағасы айтылған. Таза француз коньягі біздің теңгеге шаққанда 400-500 мың аралығында сатылады екен. Және сатып алушылары да жоқ емес. «Екі-үш мәрте өзім де дәмін көрдім, керемет», дейді сауда белгісінің атқарушы директоры. Грузин шарабының да мақтаулы маркасын мақтап жатты. Ағзаға өте пайдалы деп. Сонда есімізге Қапланбектің атақты шараптары түскен. Винзауытта талай рет болғанбыз. Жерасты патшалығындай қоймасы бар. Шілденің шіліңгірінде мұнда сап-салқын. Әрқайсысы бір вагонға жүк боларлық алып бөшкелерді көресіз. Кешегі екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілген Германияның шарап зауыттарынан әкелінген. Ол да ештеңе емес. Бір қалтарыста төр бөлмені көресіз. Айқыш-ұйқыш құлып салынған. Ар жағында қырық-елу жылдардан бергі шаңға көмілген, өрмекшілер торын аямай-ақ құрған, шөп-шалам басқан қаттаулы шараптарды көрерсіз. Қапланбек шарап зауытының өнімдері. Алдының қырық-елу жылдық тарихы бар. Осылар ғой шетелдегі шарап маркаларының сайысына түссе бәйгені қидай сыпырып әкелетіні. Шарап зауыты бір ашылып, бір жабылып тұрған өліара кезеңде Францияда өткен халықаралық жарысқа екі-үш маркасын жіберген екен. Жабық конкурста Гран-при мен бірінші орын алған. Оны мұндағылар білмейді. Бір күні сау етіп халықаралық сарапшылардың өкілдері келеді. Жерасты патшалығын аралап көреді. Шынжырмен құлыптаулы сыйқырлы әлемді байқастайды, куәліктерін көрсетіп, бірінің дәмін татуды өтінеді. Содан кейін барып карталарын ашқан ғой. Сөйтсе, халықаралық сында аты жөндеп естілмеген Қазақстанның атағы естерінде еміс-еміс қалған Қапланбек шарап зауытының қос бірдей шарабы бас жүлде алғаннан кейін күмәнданған конкурс алқасы сарапшыларды жіберген екен. Сол қос жүлде қазір шарап зауытының төрінде ілулі тұр. Тарихқа сәл шегініңкіреп кеткеніміз, атақты Қапланбек шарап зауыты соңғы жылдары өлімсіреп жұмыс жасап, соңында жабылып тынған. Екі жыл болды құрылтайшысы ауысып, қайта іске қосылғалы. Кәсіпкер Б.Мұсаханов лицензия алған соң байырғы шарап дайындаушыларды өндіріске шақырды. Алғашқы желілерді іске қосты. Былтыр тұрғындардан 200 тонна жүзім сатып алған. Кешегі кеңес заманында біз жылына 20 мың тонна жүзім сорттарын өңдеп, атағы республика деңгейінен алысқа мәлім маркалық өнімдерді шығарғанбыз, – дейді зауыттың бас маманы Е.Күзенбаев. – Елге құрғақ ұнтақтардан құйылған, пайдасынан гөрі зияны көп шараптар емес, емдік, ағзаға сіңімді шараптар керек. Сондықтан, бұрынғы даңқында жұмыс жасау үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз. Жүзім сорттарын өзіміз өсіруге әкімдікпен келісіп, жер іздеп жатырмыз. Шараптың қанттылығы төбеден төнген күнге қатысты. Республикада жүзімнің атақты сорттарын өсіруде Қапланбек жерінің алдына түсері жоқ. «Бахус» жоғары сортты шараптарына шикізатты Қапланбектен алады. Бүгінде зауыт «Кагор», «Талас», «Жібек жолы», «Тамада» портвейндерін, жартылай құрғақ «Херес», «Ркацители», «Саперави» шараптарын аз да болса дүкен желісіне шығарды. Бұл шетелден келген, қымбат әрі құрғақ ұнтақтан жасалған күмәнді шараптар емес, таза сортты жүзімнен құйылған отандық өнім. Жөнімен ішсе қымыздай қуатты, шұбаттай сіңімді. Ақылмен ішкенге нағыз дәрумен. Зауыт басшысы өндіріс қуатын арттырғаннан кейін Астана, Алматыдан да дүкен желілерін ашуға бекініп отыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.Кермек суды таза суға айналдырды
Зайсан көлінің солтүстік-шығыс жағалауында Ақсуат, Жолнұсқау, Аманат ауылдары орналасқан. Балықшы ауылдық округіне қарасты бұл елді мекендердің тұрғындары негізінен балық шаруашылығымен айналысады. Жуықта Күршім ауданына жұмыс сапарымен барғанымызда аталған ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті. Зайсан көлінің жағасынан орын тепкен ауыл көрінісі Арал теңізінің маңайындағы елді мекендерді еске түсіреді. Жел соққанда шағыл құм үйіп тастайтындықтан, тұрғындар ауласын қоршамайды екен. Соңғы жылдары Зайсан жағасындағы үйлерді су шаю қаупі туды. Ақжал толқындардың екпінімен еспе құмнан тұратын жарқабақ опырылып құлай бастаған. Үрейленген тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру мақсатында Ақсуатта алты үйдің құрылысы басталды. Аудан бюджетінің қаржысымен салынған құрылысты толық аяқтау үшін облыстық төтенше жағдайлар резервінен қосымша қаржы бөлінбек. Сондай-ақ, ауылда 80 орындық мектеп салынды. Оның құрылысына жергілікті тұрғындар да атсалысып, көмек көрсетті. Ал Аманатта жаңадан екі қабатты мектеп пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы Жолнұсқауда 50 орындық мектеп бой көтермек. Көне теңіз табанында орын тепкен ауыл тұрғындарының негізгі мәселесі – ауызсу. Бұл мәселе шешімін тапты. Ақсуат, Аманат және Жолнұсқау ауылдарының тұрғындарын таза ауызсумен қамту үшін тазалау қондырғылары орнатылды. Алдымен Ақсуат ауылында су көзін іздеу жұмыстары жүргізілді. Әр жерден бұрғы салып көрген сушылар 65 метр тереңдіктен су шығарады. Алайда, судың құрамы санитарлық талапқа мүлдем сай келмеген. Бактериялық тұрғыдан таза болғанымен, аммиак, темір, марганец, күкірт көп мөлшерде табылған судың кермектігі нормадан 40 есе көп еді. – Судың көзін тапқан соң, ғаламтордан оны тазалау жүйесін іздестірдік. Ресейдің Челябі қаласында әскери-өнеркәсіптік кешенге арналған заманауи технология бар екен. Онда судың кермектігін жоюға арналған тұшытқыш қондырғы шығарылады. Суды тексеруге жібергенімізде, ресейлік мамандар оны тазалауға аппараттың қуаты жететінін айтты. Аталған қондырғының құны мен орнату шығыны 5 миллион теңгені құрады. Химиялық тазалауға арналған реагенттер мен бірнеше сүзгіден тұратын қондырғы арқылы судағы зиянды заттардың барлығы сүзіледі. Осылайша, кермек су таза ауызсуға айналды, – деді Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітов. Ақсуат ауылының орталығында жерастындағы құдыққа арналған кешен салынып, қондырғыны орналастырған. Сағатына 600 текше литр су шығаруға қабілетті құрылғы тазартылған су қорын жинаған соң автоматты түрде тоқтайды. Оператор Ардабек Жұмағұловтың айтуынша, аппараттың сүзгілері мен реагенттері белгілі уақыт өткенде ауыстырылып тұрады. Теректі ауылының тұрғындары да осыған дейін ауызсуды тоғаннан алып келген еді. Бүгінде Санкт-Петербург қаласынан жеткізілген қуатты модул Теректі тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ете бастады. Мамандардың айтуынша, алыстан андағайлап көрінетін су мұнарасына қарағанда вакуумдық насостар арзан әрі сенімді. Осылайша, Күршім ауданына тиесілі көл жағасындағы ауылдардың тұрғындары ауызсумен толық қамтамасыз етілді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.