ОРАЛ. 18 маусым. Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында көліктен тұрмыстық заттарды ұрлаумен айналысқан екі ер адам ұсталды. Бұл туралы қалалық ішкі істер басқармасына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Күдіктілер осы жылдың наурыз және сәуір айларында 11 мәрте ұрлық жасағанын мойындады. Олар негізінен көліктен магнитофон, видеотіркегіш, флешка сынды бұйымдарды ұрлап отырған.
Ұрыларды Орал қалалық ішкі істер басқармасы Абай бөлімінің қызметкерлері қолға түсірді. Аталған басқарма таратқан мәліметтерге сүйенсек, күдіктілер қолды қылған заттарының кейбірін кәделеріне жаратып үлгерген. Ал бір бөлігі иелеріне қайтарылды. Ұсталғандарға қатысты «ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екеуі де ешқайда шықпау туралы қолхат жазып берді.
Темір Құсайын.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: times.ua.