ӨСКЕМЕН. 5 ақпан. Шығыс Қазақстан облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан 614 ардагер және 27 918 тыл ардагері тұрады. Осы орайда Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы өңірде кеңінен аталып өтпек. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар баспасөз өкілдерімен кездесуде Кеңес Одағының Батыры атанған әр бесінші қазақстандықтың Шығыс өңірінен шыққанын жеткізді.
«Жас ұрпақтың батыр бабаларымыздың ерлігі мен еңбегін жете білуі, мақтан тұтуы үшін олардың Шығыс Қазақстан облысынан майдан даласына аттанып, өшпес ерлік көрсеткені жөнінде жеткілікті ақпараттар жинақталған сайт ашуды жоспарлап отырмыз. Аталған сайтта шығысқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары туралы жекелеген мәліметтер, суреттері, өмір жолы, қызметі, олардың қан кешіп жүріп майданнан жазған хаттары және деректі фильмдер мен бейнебаяндар орналастырылатын болады», – деді Жақсылық Омар.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары 1 наурыздан бастап «Жеңіске дейінгі жетпіс күн: келешек үшін өткенді еске аламыз» атты акция басталатынын атап өтті. Аталған акция аясында ардагерлерге түрлі деңгейде көмек көрсетіліп, қолдау шаралары ұйымдастырылады. Оған барлық өңір тұрғындары қатыса алады.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына бір реттік материалдық көмек, мерейтойлық медальдар беріледі. Кезекте тұрған облыс ардагерлері ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап тұрғын үйге қол жеткізеді. Сондай-ақ республикалық бюджеттен әр ардагерге бір реттік 100 мың теңге көлемінде сыйақы аударылады. Одан өзге облыстың қалалары мен аудандары да ардагерлерге материалдық көмек көрсетеді.
Думан Анаш.
Дерек: egemen.kz
Сурет: newskaz.ru.