• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2015

Зарина Диас бастаған теннисші қыздарымыз Тайпейді жеңді

275 рет
көрсетілді

АСТАНА. 5 ақпан. Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан теннистен Федерация кубогы жарысында Қазақстан екінші ойынында Қытайлық Тайпейді 3:0 есебімен жеңді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Бұл сайыста еліміз Азия және Мұхит аймағы елдерінің І тобында сынға түсуде. Тайпеймен болған тартыс еліміздің 1-ракеткасы Зарина Диас пен қарсыласы Си Су-Вей арасындағы ойынмен басталды. Алғашқы сетте WTA рейтингінде 33-сатыда тұрған Зарина 6:4 есебімен басым түссе, келесі кезеңде тайпейлік теннисші біздің қызға қос геймде ғана есе жіберіп, 2:6 есебімен жеңіске жетті. Үшінші шешуші сетте Зарина қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, 6:1 есебімен айқын басымдық танытты. Келесі ойында кортқа қазақстандық Ярослава Шведова мен Тайпей елінің теннисшісі Йя Сун-Ли шықты. Бұл кездесуде Слава 6:1, 6:1 есебімен қарсыласын оңай тізе бүктіріп, командамызға жарыс барысындағы мерзімінен бұрын екінші жеңісті сыйлады. Естеріңізге сала кетейік, алғашқы ойында Қазақстан Қытай қыздарынан 2:1 есебімен айласын асырған еді. Қос команда арасындағы соңғы жұптық кездесуде де біздің қыздар басым болды. Ұлттық құраманың капитаны бұл жолы да Кәмилә Керімбаева мен Юлия Путинцеваға сенім артты. Юң-Яң Чан мен Хао-Чиң Чан жұбына қарсы ойнаған қыздарымыз екі сетте 6:0, 6:1 есебімен қарсыластарын тас-талқан етіп жеңді. Отандық теннисшілер өз тобындағы келесі соңғы ойындарын 6 ақпанда Тайланд қыздарына қарсы өткізеді. Азия және Мұхит аймағы елдерінің ІІ тобында 8 мемлекет сайысқа түсуде. Қазақстан әзірге «В» тобында көш бастап тұр. Ал «А» тобында Жапония теннисшілері алда келеді. Әр топтан бірінші орын алған команда турнир жеңімпазы атану үшін өзара шеберлік байқасады. Соңында үздік команда Федерация кубогының екінші Әлемдік тобында жеңіліске ұшыраған командамен сайысады. Жеңгені аталған топтың жолдамасына ие болады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: facebook.com.