Жоғарғы Соттың ұйымдастыруымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын болып өтті. Оған Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, қадағалаушы сот алқаларының төрағалары мен сот жүйесінің ардагерлері, судьялар мен Жоғарғы Сот аппаратының қызметкерлері қатысты. Салтанатты шараға қонақ ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне сайланған депутаттар шақырылды.
Жиынның алдында Жоғарғы Сот аппаратының қызметкерлері қатысқан Қазақстан халқы достығының фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль шеңберінде аппараттың әрбір құрылымдық бөлімшесі Қазақстанда тұратын белгілі бір этностың мәдениетін, салт-дәстүрін, музыкасы мен ұлттық тағамдарын көрсетті.
Салтанатты жиынды ашқан Қ.Мәми қазақстандықтар үшін 1 мамыр мерекесінің маңыздылығын және Қазақстан халқы бірлігін сақтау мен нығайтудағы Мемлекет басшысының айрықша рөлін атап өтті. «Тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары мен жетістіктеріне көп жағдайда еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің арқасында қол жеткіздік. Бүгінде республикамыздағы соттарда 28 этнос өкілдері жемісті қызмет атқаруда. Соттар тарапынан жыл сайын бір миллионнан астам істің қаралуы, халық сенімінің арта түсуі қазақстандық сот төрелігінің тиімді көрсеткіші болып саналады», – деді Жоғарғы Сот Төрағасы.
Жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтаған Ералы Тоғжанов Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми мен Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Роговқа «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалін табыстады. Ол сондай-ақ Жоғарғы Соттың бірқатар судьяларын Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының атынан мерекелік медальдармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттады.
Бұған қоса, республикамыздың барлық өңіріндегі 45 судья мен отставкадағы судья дәл осындай марапаттарға ие болды.
Жоғарғы Сот Төрағасының Өкімімен Қазақстан халқының бірлігі күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында республикадағы 70-ке жуық судья, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен отставкадағы судьялар ведомстволық медальдармен және арнайы төсбелгілермен марапатталды. Аталған марапаттар өңірлерде өз иелеріне салтанатты түрде табысталатын болады. Іс-шара соңында фестивальдың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды, деп хабарлады Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі.