Экономика 31 Қаңтар, 2025

«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы құрылды

89 рет
көрсетілді

Үкімет қаулысына сәйкес Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды, аталған аймақ 2049 жылдың соңына дейін жұмыс істемек, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысында АЭА құрудың негізгі мақсаты – инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортқа тәуелділікті төмендету. Жобаны жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі артады, сондай-ақ экономикадағы байланысты салалардың дамуына ықпал етеді.

«Ақтөбе» АЭА негізгі міндеттері өңірдің экономикалық өсімін ынталандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, өнеркәсіптің жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға бағытталған. 

Арнайы экономикалық аймақ жалпы 858 гектар аумақты қамтиды.

Көлік-логистикалық бағыттағы 9 негізгі сала мен өнеркәсіптің 29 бағытын дамыту жоспарланған. Қазіргі заманғы өндірістер құруға, инновациялық технологияларды енгізуге және отандық әрі халықаралық жетекші компанияларды тартуға баса назар аударылады.

АЭА қатысушылары ретінде экономиканың түрлі секторларында қызмет ететін жергілікті және шетелдік инвесторлар бола алады. Сондай-ақ, бірнеше компания бірлескен жобалар әзірлеуіне, ортақ ресурстарды пайдалануына мүмкіндік беретін кластерлер құру көзделген.

Ал инвесторларға жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған: біріншіден, корпоративтік табыс салығынан босатылады, екіншіден, АЭА аумағында сатылатын тауарларға ҚҚС мөлшерлемесі – 0%, үшіншіден, жер және мүлік салықтарынан, сондай-ақ жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады. Төртіншіден, АЭА аумағында орналастыруға немесе пайдалануға арналған тауарлар үшін кедендік баж салығынан босату; бесінші - квотасыз және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту; алтыншы АЭА аясында жобаларды іске асыру үшін қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қамтамасыз ету және жер телімін жалға беру (АЭА жұмыс істеген мерзімі, кейіннен басым құқықпен сатып алу мүмкіндігімен). 

Қазіргі уақытта «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) сыртқы және ішкі инженерлік желілерінің құрылысы әлі басталған жоқ. Құрылыс жұмыстары республикалық бюджеттен 16 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген соң, 2025-2026 жылдары жүргізіледі.