ӨСКЕМЕН. 5 ақпан. Биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Ұлы Абайдың 170 жылдығы мерекеленеді. Аталған мерейтойлар шеңберінде Шығыс өңірінде 4500-ден астам іс-шара өтетін болады. Оған 500 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыстық ақпарат орталығында баспасөз өкілдерімен өткізген брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аталған мерейтойлардың өңірде кеңінен аталып өтетінін жеткізді.
«Ауқымды мерейтойлық шараларды өткізудің Ұлттық жоспары әзірленіп, бекітілді. Осы кестеге сәйкес, облыс деңгейіндегі шаралар жоспары да өңір басшысы Даниал Ахметовтің мақұлдауымен бекітілді. Бұл шаралар жыл бойы барлық қалалар мен аудандарда өтетін болады», – деді Жақсылық Омар.
Ертең бүкіл қазақстандықтардың қатысуымен ашылатын «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» синхрон-акциясы Өскемендегі Комсомол аралында ашық аспан астында өтеді. Ассамблея жылының ашылуы аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына – 20 қайырымды іс!» атты эстафета ұйымдастырылады. Оған өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысады. Сондай-ақ облыста 9 Достық үйі жұмыс істеуде. «Мерейтой жылы біз осы Достық үйлері мен этномәдени ұйымдар арасында «Күшіміз – бірлікте!» атты спартакиада өткізуді ұйғарып отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ұлтаралық татулықты сақтауда Шығыс Қазақстан облысының үнемі тың идеяларымен көш бастап келе жатқаны белгілі. Осы орайда облыс бойынша Ассамблея жылына арналған 100-ден аса іс-шара өтетінін айта кеткен ләзім.
Думан Анаш.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Шығыс Қазақстан ақпараттық орталығы.