Сенат тарапынан жан-жақты талқыға түсті
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында екі халықаралық заңдық құжат қаралды. Сондай-ақ, депутаттар осы отырыста зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді талқыға салды.
Алдымен депутаттар назарына «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мажарстан Үкіметі арасындағы олардың мемлекеттерінің аумағында заңсыз тұратын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылды. Ол бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов келісімнің күшіне енуі екі ел арасындағы жалпыазаматтық ұлттық паспорттардың иелеріне визалық ресімді жеңілдету үшін негізгі шарт болып табылатынын айтты. Осы құжат екі мемлекет аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтау және қайтаруды көздейді. Сондай-ақ, азаматтар расталғаннан кейін заңсыз көшіп-қонуларды қайтару тетігін белгілейді. Ал Астана мен Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары реадмиссия үшін қазақстандық шекараны кесіп өту пункті болады. Қазақстан мен Мажарстан ішкі істер министрліктері іске асырушы құзыретті органдар болып табылады. Келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. М.Демеуов депутаттардың заң жобасына қатысты бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Заң жобасы бойынша сөз алған депутат Бектас Бекназаров бүгінгі таңда Қазақстан 10 елмен реадмиссия туралы келісімге қол қойғандығын жеткізді. Оның айтуынша, алда тағы 15 елмен осындай келісім жобасы әзірленуде. Осылайша талқыдан өткен заң жобасы бірауыздан қабылданды.
Бұдан басқа, палата Мәжіліс мақұлдаған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын да қолдау керек деп шешті. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, аталған заң мүгедектердің Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық келісімдермен бекітілген азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және өзге де құқықтары мен еркіндіктерін өзге азаматтармен теңдей қамтамасыз етуге бағытталған. Ал мақсаты мүгедектер мен халықтың әлжуаз топтары үшін басым салаларда нысандар мен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оңалту саласында қызметтер ұсыну тетігін жетілдіру және қоғамға ықпалдастыруда теңдей жағдай жасау болып табылады. Қазіргі уақытта Конвенцияны әлемнің 151 мемлекеті, оның ішінде ТМД елдерінен – Армения, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Ресей, Украина ратификациялап үлгеріпті.
Конвенцияны ратификациялау Қазақстанда тұратын 627 мың мүгедек жанға және олардың отбасыларына конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін іске асыруда және қорғауда қосымша кепілдік береді.
Заң жобасы депутаттар Бірғаным Әйтімова мен Аңсар Мұсахановтың қолдау сөздерінен кейін дауысқа салынып, қабылданды.
Бұдан кейін сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда депутаттар назарына ұсынды. Әділет министрі Берік Имашевтің сөзіне қарағанда, заң жобасының мақсаты – зияткерлік меншік объектілерін тіркеу рәсімін одан әрі оңтайландыру, құқықтық олқылықтарды жою, сондай-ақ, зияткерлік меншік саласында әкімшілік кедергі келтіретін нормаларды алып тастау болып табылады. Заң жобасы 6 заңнамалық актіге («Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңдарға, «Патент туралы» Заңға, «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңға), оның ішінде екі Кодекске (Азаматтық және Салық кодекстері) өзгерістер енгізуді көздейді.
Б.Имашев авторлық құқық саласында енгізілетін түзетулер ұжымдық ұйымдардың қызметін нақтылауға, осы ұйымдардың қызметін айқындау мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталғандығын ерекше атады.
«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңда ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың (ұжымдық ұйымдар) туындыларды пайдаланғаны үшін авторлық сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша міндеті белгіленген. Б.Имашев бұл ретте практикада осындай ұйымдар жиналған сыйақының көп бөлігін өзінің жеке шығыстарын өтеуге қалдыратын фактілер бар екендігін алға тартты. «Ұжымдық ұйымдар тарапынан асыра пайдалануды жою мақсатында ұйымның сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша өзінің нақты шығыстарын өтеуге жиналған сыйақыдан ұсталатын соманың шекті пайызын белгілеу ұсынылады (қолданыстағы заңнама бойынша мұндай шектеу жоқ)», деді ол өз сөзінде. Халықаралық практиканы ескере отырып, оны жиналған сыйақы сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерде белгілеу ұсынылады.
Бұдан басқа, нақты авторлар мен орындаушыларға бөлінген және аударылған жиналған сыйақы мөлшері ұжымдық ұйымдардың шотында сақталатындығын белгілеу көзделеді. Заң жобасында ұйымдардың Интернет-ресурстарында және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында ұжымдық ұйымдардың уәкілетті органға беретін жылдық есептерін міндетті орналастыруға қатысты түзетулер қарастырылыпты. Сонымен қатар, ұйымдардың пайдаланушыларға беретін рұқсаттарының қатарынан сабақтас құқықтар объектілерін және туындыларды алып тастау рәсімдерін нақтылайтын түзетулер де көрініс тапқан. Ұжымдық ұйымдардың аккредиттеу бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін және рәсімдерін оңтайландыру мақсатында комиссияның отырысын өткізу күні туралы ақпаратты жариялау мерзімін 65 күннен күнтізбелік 30 күнге дейін қысқартуға бағытталған нормалар да назардан тыс қалмаған.
Сұрақ-жауап барысында сенатор Нұрлан Оразалин ұжымдық ұйымдарды аккредиттеу тек Ресей мен Қазақстанда ғана барлығын мәселе етіп көтерді. Министрдің айтуынша, мұндай аккредиттеу мәселесі әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Ал кеңестік дәуірдегідей авторлық құқықтарды қорғайтын бір ұйым құру жайына қатысты сауалға министр басында арнайы акционерлік қоғам құру ұсынысы болғанымен, оны кәсіпкерлер мен сарапшылар қолдамағандығын алға тартты. Осылайша, талқыдан өткен заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».