Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов атом энергетикасын дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Жиында осыған байланысты 2025–2031 жылдарға арналған электр энергиясының болжамды теңгерімі сараланды.
Өз кезегінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бірінші атом электр стансасының құрылысы бойынша әлеуетті жеткізушілермен жүргізілген келіссөздер нәтижесін баяндады.
«АЭС салу мәселесінде еліміз үшін барынша экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету қажет. Жеткізушіні таңдауда ел ішіндегі құндылықты арттыруға, өндірісті локализациялауға және технология трансфертіне мән берілуі тиіс», деді Олжас Бектенов.
Үкімет саланы алға сүйрейтін мамандарды сапалы даярлауға да мән беріп отыр. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС басшысы Тимур Жантикин, Ұлттық ядролық орталығының басшысы Эрлан Батырбеков, Ядролық физика институтының басшысы Саябек Сахиев осы және өзгеде маңызды тақырыптар шеңберінде сараптамалық ойын ортаға салды.